06.02.2022
  463


Автор: Сарбас Ақтаев

ТЕЗЕК ТӨРЕ

Ақын тілі төске салсаң басты қырқып түсетін алмас қылыш секілді. Ақын тілімен айтылған баға тасқа басылған таңбадай мәңгі өшпей қалып қоятыны да содан болса керек. Бұл, біріншіден, бейнелі де бедерлі сөздің беделін танытса, екіншіден, дуалы ауыздан шыққан уәлі сөзді халықтың дұғадай қабылдап, жадынан шығармайтынын дәлелдейді. Сондықтан арынды ақындардың алмастай алғыр қиғақ тілі кезінде хан-төре мен бай-шораның құтын қашырып, абырой- беделін айрандай төккенімен қоймай, олардың тарихтағы төл тұлғасына да көп көлеңке түсірді. Мәселен, дауылпаз жыршы Махамбет батырдың адуын ашу үстінде айтқан: "Хан емессің касқырсың, қас албасты басқырсың, дұшпаның келіп табалап, достарың сені басқа ұрсын", — дегені өз дәуірінің озық ойлы азаматы болған, қырдан қыруар мектеп ашын, қазақ жастарын оқуға үндеп, өнер-білімге баулыған Жәңгір ханның тарихтағы еңсесін әлі күнге дейін көтертпей келеді. Оны қойып данышпан ақын ұлы Абайдың: “Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау сөзінің бірі — жамау, бірі — құрау", — деген қос жолын желеу етіп, кешегі шаш ал десең бас алатын сойқан саясаттың тұсында көмекей әулие Бұқар бастаған


 


абыз жыршыларымызды әдебиетіміздің тарихынан түгел дерлік сызып тастай жаздаған жоқпыз ба?! Сол сияқты айтыс ақындарының алтын діңгегі аталған Сүйінбайдың: "Ассалаумағалейкум, Тезек төре — елден жылқы қоймаған кезеп төре", — деген бір ауыз сөзі үшін ел тарихында өзіндік орны бар, кезінде беделді әкім әрі белгілі ақын болған Тезек төрені күні кешеге дейін тіліміз жеткенше қара бояуды жағып жамандаумен келдік.


Белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев терең зерттеп, кемел зерделеп "Тезек төре — ерек төре" атты мақала жазып ақын төренің ел аузындағы өлең-жырларын, айтыстарын жинап кітап құрастырып шығарғанға дейін ол қазақ тарихындағы қара дақ тәрізді тұлғалардың бірі болып келді. "Тезек төре" деген атпен "Жалын" баспасынан бұрнағы жылы басылып шыққан бұл кітап жұрттың зердесіне жетіп көңіл көзін ашқанша оның абзал есімін тұмшалаған қара бұлттың ыдырай қоюы қиын. Өйткені би мен бек, бай мен бағыланның бәрі бұқара халықтың қанын сүліктей сорған қанаушы, олардан ешқандай ізгілік шығуы мүмкін емес деген қасаң қағиданың санамызға шемен, миымызға мұз боп қатқан тоңын жібіте қою оңай емес. Сонда да сол сеңнің сөгілуіне сәл де болса септігі тиер ме екен деген ниетпен Тезек Нұралыұлы Абылайханов тұралы азын-аулақ ойымызды ортаға салуды жөн көрдік.


Абылай хан балаларының алтауы, атап айтканда Шағатай, Тағай, Сүйік, Қамбар, Қасымхан, Әділ халықтың қалауы деген желеумен кезінде Түркістан мен Жетісуға жіберілгені белгілі. Солардың бірі біраз жыл қытай бөгді ханында аманатта болған Әділ төре Ұлы жүз қазақтарының аға сұлтаны болған. Тезек төре оның Нұралы деген баласының отбасында 1821 жылы осы Жетісу жерінде дүниеге келіп жасы елу тогызға қараған шағында 1879 жылдың мамыр айында қайтыс болады. Сол жылғы "Туркестанские ведомости" журналында ол жайында азанама да жарияланады. Аза үстінде қыздары айтқан жоқтауға қарағанда, оның әкесі тым ерте дүние салған секілді. "Бес жасында хан әкем жетім қалған атадан... сегіз жасқа келгенде ақ патшадан хат алған" деген жолдарға зер салсақ, түңіліп тез отығар жетім қозы сияқты ерте есейіп, хатты да бұрынырақ таныған көзі ашық азамат болғанға ұқсайды ол. Өмірден тым жас кеткен әкесінің есімі де ел есінде қалсын деді ме екен, бертін аты-жөнін Абылайхановтан Нұралинге ауыстыруында да осындай бір мән бар сияқты.


Жоқтаудың мына бір тұсы да назар аудартады:


Отыз беске келгенде Ұлы жүзді билеген, Шарапаты болмаса, залалы жанға тимеген. Елу тоғыз жасында сапар шеккен дүниеден, Естіген елде жоқ шығар хан әкеме күймеген.


Жалпы жоқтау әруақтың иманын тасыту үшін шығарылып марапат, мадақ жағы молырақ болғанымен марқұмның өмір жолы жайындағы деректер де аз кездеспейді. Шынында да Тезек төре Ұлы жүз қазақтарының аға сұлтаны болып сайланғанда жасы отыздардың ішінде еді. Бұл Жетісу қазақтарының өміріндегі шытырман шырғалаңы, бұлтарыс бұралаңы көп ең бір ауыр кезең-ді. Ресейге енді ғана қосылған халықтың жаңа көршіге бірден бауыр басып етене араласып кетуі оңай болған жоқ. Бұрын қытайлармен жап-жақсы қарым-қатынас жасап, төрелері


 


ол мемлекеттен шен-шекпен де алып жүретін. Кезінде Тезекке де қытай штаб офицерінің шені беріліп, көгілдір тасы қоса тапсырылған-ды. Енді міне, баса көктей кіріп жеріне бекіністерін тізе бастаған орыс мемлекетіне басы бүтін беріліп, адал қызмет ету керек. Жетісудың біраз жерін шеңгелінен шығармай, емін-еркін билеп-төстеп Қоқан хандығы және отыр. Қос өкпеден орыс қысып, көк желкеден қытай төніп, коқандықтар тағы да қоқаңдап дамыл-тыныштық бермеген елдің өзін қаулаған қалың өрттің ортасында қалғандай сезінері сөзсіз. Ал одан оңтайлы жол тауып, елін аман алып шығу екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келе бермейтін ерлік.


Тезек төренің осындай тығырықтан дұрыс жол тауып тезірек шығуына әрі замана ауанын жіті сезінуіне, біздіңше саяхат сапарларында келіп-кетіп жүретін шөбере туысы Шоқан Уәлихановтың әсері аз болмаған сияқты. Асылы, аға сұлтан өмірінің жарқын беттерінің өзі халқымыздың осы тұңғыш ғалымы, біртуар перзенті Шоқанға байланысты-ау сірә, деген ой келеді. Ғалымның Тезек ауылында бұрын қашан болғаны белгісіз, ал 1856 жылы жазылған "Ыстық көл сапарының күнделігінде" оған соққаны анық айтылады. "Алтынемелден Тезектің ауылы Терісаққан бекетіне таяу Күреңбелде отырғанын білген соң бірден соған тарттым, — деп жазады ол. — Алғаш келгенімде Алтынемелден Ілеге дейін көсіліп жатқан байтақ дала алаулаған алқызыл қызғалдақ еді. Енді ол алау түс оңып, бидайық пен бетеге, ебелек пен шытыр қаулай өсіп кеткен. Іле бекетінен Шеңгелдіге дейін жол жаға бойлап жүріп отырады". Демек, ол Төренің ауылында бұрын да болған. Осы жолы аға сұлтан қадірлі қонағының құрметіне той өткізіп үш дүркін бәйге шаптырған. Ал той-томалақтың ән-күйсіз, ақындар айтысынсыз өтпейтіні өз-өзінен белгілі.


Бұл ауылда бес күн болып тәп-тәуір тынығып, Шоқан сапарын әрі қарай жалғастырады. Қарғалы мен ағыны қатты өзендерінің арасындағы Шұбар жазығын басып, Көксудың үстіндегі көпірден өтеді. Төре сазда қазақ-орыстар шөп шауып жатыр екен. Жетісудың басқа өңіріне қарағанда Көксу алқабы салқын келеді. Астығы пісіп үлгермей үсіп кетеді, оның есесіне Теректі мен Үйгентасқа қар түспейді, қыс болмайды дейді. Албандар сол Үйгентастан Құлжаға дейінгі жерді қыстап шығады екен. Ол үшін қытайларга жылына алпыс жылқы беріп отыратын көрінеді. Осындай аралас-кұраластың себебі болар, Ұлы жүз төрелерінің түгел дерлік қытай шені бар.


Әйтпеске және болмайды. Орыс аюы мен қытай аждаһасының арасында екеуіне де алдырмай тыныш өмір сүру үшін түлкідей айлалы, сауысқандай сақ сұңғыла саясат жүргізу шарт. Сол себепті о тұстағы шекараға таяу аға сұлтандардың бәрі екі шоқып бір қарайтын әккі кұстай қытай мен орысқа кезек жалтақтап күн кешкен. Ондай ақыл-айладан, әрине Тезек төре де құр алақан емес- тұғын. Істің мүддесі үшін қытай жағымен де тіл табысып үкіметімен байланыс жасап, орыс үкіметі арасында ара ағайын міндетін де атқарған. Оны Шоқанның Жетісу облысының сол тұстағы губернаторы генерал Г.А.Колпаковскийге жазған хаттары да дәлелдей түседі. "Кеше кешкісін Тезек төренің ауылына жанында жеті серігі бар бас қолдай (шабарман) келді", — деп жазады 1864 жылғы қарашаның 21-і күні. Олар Құлжаның жаңа цзянь-цзюні, бұрынғы Тарбағатайдың аға


 


әмбәнінан губернатор мен Тезек сұлтанға сенім қағаз әкеліпті. Бұрынғы әкім былтырғы орыс әскерлерімен албаты кақтығысы үшін орнынан алыныпты. Шабарман енді өз есептері бойынша он бес күннен кейін келуге тиіс орыс әскерлерімен кездеспек екен. Олар үшін Түргенде әскерге қажет азық-түлік және киім-кешек әзірленіп жатқан көрінеді. Ал Кұлжаның жағдайы қиын, көтеріліске шыққан дүнгендердің қоршауында қалыпты.


Оның үстіне Тезек төреге қырғыздар, бұғы руының байлары Молдабай мен Мұратәлі де кісі салып, хат жолдап ол арқылы губернатордың ілтипат жасап манап сайлап алуға рұқсат етуін сұрапты. Енді бір хатта Тезек ауылына бұрын осында тұрған бір тараншының келгені айтылады. Дүнгендер туралы анық хабарды сол әкеледі. Тараншы бектері осы Тезек төреге өз елшілерін орыс өкіметіне жіберуге қандай мүмкіндік барын біліп келу үшін жұмсапты. Ал сол жылғы желтоқсанның аяғында жазған хатында генералға Шоқан Тезек ауылына күні осы уақытқа дейін Құлжада отырып қалған Павел Богдашин деген казактың келгенін айтады. Қытай өкіметінің ұдайы жылқы мен түйе сұрап маза бермеуінен саудагерлердің бәрі тым-тырақай қашып жатса керек. Солардың бірі болып қашқан бұл сұлтаннан баспана іздеп келіпті.


Осыған қарағанда, Тезек төре ойда орыс, қырда қазақ, тауда қырғыз қысылса қол ұшын берер деп көмек сұрап келетін беделі биік ел ағасы болғаны айдан анық. Бірде оған бүлік шығарып жүрген дүнгендерден күмісі мен шайын қосып сый-сияпатымен келіп өз сөзін сөйлеуін өтінгенде екі мемлекеттің арасындағы татулыққа көлеңке түсірмес үшін тарту-таралғыдан бас тартып, антына адалдығын тағы да паш етеді. Сөйтіп ол көрші екі ұлы елдің арасында берік дәнекер болуды өзінің борышы санайды.


Ал Жетісу жерін Қоқан басқыншыларынан азат етудегі Тезек төренің еңбегін Сұраншы мен Сарыбай батырлардың ерлігімен қатар қою тарихи әділдік болар еді. Қоқан үстемдігіне қарсы шығып, оның Бішкек пен Тоқымақ қамалын алуда көрсеткен ерлігі үшін алтын медальмен, Қасиетті Станислав орденімен наградталуы тегін болмас. Бүл күреске Шоқанның да белсене қатысқаны оның өмірбаянынан хабары бар жанға аян. "Сот реформасы жайындағы жазбаларын" аяқтап Омбыда жүрген ол 1864 жылдың наурыз айында Оңтүстік Қазақстан өңірін Ресейге қосып алу жөніндегі жорықты басқару тапсырылған генерал М.Г.Черняевпен кездеседі. Оған Орта Азияның жер жағдайын, елінің әдет-ғұрпын жақсы білетін адам ауадай қажет еді. Оның үстіне жорық жағдайын естіген Батыс Сібір генерал-губернаторы А.О.Дюгамельдің әскери министр Д.А.Милютинге жазғанындай, Черняевқа Ресейге өз еркімен қосылу жөнінде алдымен қазақтарға ұсыныс жасап, Ташкент пен Түркістан әмірлері ыңғай танытса келіссөз жүргізу жайында нұсқау берілді. "Осы орайлас қарым-қатынас үшін оның жанында өте- мөте епті әрі сұңғыла білімдар, орыс, татар тілдерін жақсы білетін азиялық штабс ротмистр Уәлиханов болады" деп жазды. Көзі ашық оқыған азамат басқарса, халықтың хал-жағдайы жақсарар ма еді деген үмітпен атбасар дуанының аға сұлтандығына дауысқа түсіп, басым дауыс алғанымен, озық ойлы оқымыстыдан секем алып сенбей патша өкіметі сайлатпай тастаған соң, тым құрыса дұшпан көзі болып шенім өсер ме екен деп ол бұл жорыққа келісім берген.


 


Жорыққа қатысатын Іле жасағы Верный бекінісінде жасақталды. Оның құрамына қазақ жүздігі, жаяу әскерлер мен артиллериядан өзге қазақ жігіттері де кірді. Олардың арасында бір жыл бұрын қоқандықтардан Шолақ қорған мен Созақты босатуға белсене қатысқан Тезек төренің де сарбаздары бар еді. Жауынгерлердің азығы үшін сойыс мал жиналып, азық-түлік керуені жабдықталды. Жорыққа қатысуға тілек білдірген басқа да оқымысты ғалымдар шықты.


Жорыққа аттанардан жарты ай бұрын Черняев қазақтар арасында Шоқан әзірлеп берген үндеу хатты таратқан болатын. Онда өздігінен келіп бағынған ру- бастыларға кешірім жасалатыны жарияланғанды. Және де Шоқанның ақылымен қазақ-қырғыз билерін жорыққа қатысуға шақырды. Жол-жөнекей туындап қалған дау-дамай және басқа мәселелерді билер тезіне сатшіп табан аузында шешіп отыруға бұл таптырмайтын тәсіл болды. Осының өзі-ақ Шоқан үшін әжептәуір жұбаныш еді. Алайда Әулиеатаны алу барысындағы генералдың қанқұйлы қылығы оны қатты түңілтті. Сабыр сақтап, қала бегімен Шоқан бастаған келіссөзді жеріне жеткізудің орнына генерал бұйрық беріп сегіз зеңбіректен бірдей атқылап, шаһардың тас-талқанын шығарды. Жан дегендегі жақындарынан айырылып зарлаған аналар мен жылаған балалардың даусынан төбе шашы тік тұрып, қандастарының жазықсыз көз жасын жүктегеніне қарадай опынып, қатты күйзелген ол отаршыл озбыр да обыр орыс генералымен одан әрі бірігіп жұмыс істеу мүмкін емесін біліп, қолды бір сілтеп өзімен пікірлес бірнеше офицерлермен бірге Верныйға оралды.


Сол тұстағы қалыптасқан қиын жағдайға орай Шоқан Омбыға оралмай, тағы да өзі көрген Тезек ауылына тартты. Қолда бар деректерге, ғалым замандастарының естеліктеріне қарағанда, Тезек төренің ауылы анау айтқандай артта қалған шалғай шет болмайтын. Албан тәрізді ірі тайпаның астанасы сынды аға сұлтан ауылына осы өңірдің жақсы мен жайсаңы жиі жиналып, өнерпаздар да ұдайы думандатып жататын. Оның үстіне Шоқан ауылда табан аудармай жатып алмай, ара-тұра Қапалға барып, ондағы оқығандар ұйымдастырған үйірмеге қатысып, астанадан келген, газет-журналдарды да алып кеп оқитын, дос- жарандармен хат жазысып тұратын. Оған қоса аға сұлтанның қарындасы Айсараға үйленіп, осыдан өзінің жан-жарын, өмірлік серігін тапты ол. Жорықта тағы да көзге түсіп алтын қылышпен марапатталған қайын ағасы оның ақыл- кеңесіне әрдайым құлақ асып, айтқанын екі еткен жоқ.


Рас, сүйек-еттен жаратылған барша пенде сияқты, Тезек төре де кемшіліктерден ада-күде болмаған кісі. Билік тізгінін ұстаған адамдардың көбіне тән бақталас, тақталас пиғылдар онда да болған. Байтақ албанды билеп отырғанын місе тұтпай көршілес суанды да қосып алып уысында ұсгауға тырысқан. Сол үшін оның аға сұлтаны Адамсат төреге талай-талай тізе батырған. Адамсаттың Қапал приставына: "Тезек сіздің қолдыңызда қойдай жуас, ал ауылға барғанда арыстандай ақырады" деп шағынатыны да содан. Оның осы мінезін Шоқан да жасырмай ол өз төлеңгіттерін бір шыбықпен айдап қойдай өргізіп тұрады. Жалпы, сұлтан өзін үкімет қызметшісі емес, албандардың бас иесі санайды, — деп жазады. Биліктің буымен барымташылар ұстап, озбырлыққа


 


барып зорлық-зомбылық жасаған сәттері де баршылық. Жарылқамыс деген бір кедей қарашысының сұлу келіншегіне қызығып, айналдырып жүріп ақыры тоқалдыққа алғаны кезінде исі үйсін, найманды шулатып, талай ақынның тіліне тиек болған.


Соған қарамастан ол қажет жерінде жұрттан жақсылығын да аямаған. Әсіресе орыс ұлықтарымен ортақ тіл табысып қолынан іс келетін, жұртқа сөзі өтетін ықпалды адамдарды бауырына тарта білген. Сол арқылы ел бағып, жұртқа жағып білікті билік жүргізген. Қашанда қатыгездігінен қайырымдылығы, озбырлығынан ізгілігі, менмендігінен мейірімділігі басым түсіп жатқан.


Әсіресе, қазақтың тайқы маңдайына сыймай қыршын кеткен ғазиз перзенті Шоқан қайтыс болғанда оның кісілігі мен ізгілігі айрықша көрінді. Ұлы ғалымды ақ арулап қастерлей жерлеп, оның қазасы туралы патша ұлықтарына, облыс әкімдеріне, сонау Сырымбеттегі әкесі Шыңғыс сұлтанға алғаш хабар берген де осы. Қаралы хабар алып, ағасының басына ескерткіш орнатып, жесір қалған жас жеңгесін алып қайтқалы ту-ту Көкшетаудан Жақып төре келгенде құрақ ұшып, барлық жағдайын және де жасайды. Ал Шоқан достарын кейін де бәйек боп құшақ жая қарсы алады.


Содан да болар, Тезек туралы жақсы лебіз, жағымды деректерді Шоқанның достары, орыстың даңқты ғалымдары П.П.Семенов Тянь- Шанский мен А.Г.Гейне қалдырып кетті. Семенов Тянь-Шанский оны Ұлы жүз сұлтандарының ішіндегі ең ержүрек әрі алғыр адам, жалпақ қазақ даласына тегіс танымал кісі деп бағалаған. Ал Гейне 1865 жылғы жолжазба күнделігінде Тезек төреге, оның ауылының тыныс-тіршілігіне тұтас беттер арнаған.


"Қазанның 31-і күні. Ертеңгілік бізге албан руының сұлтаны Тезектің өзі келді. Бұл Ұлы жүздегі аса ықпалды адам. Үстіне полковниктің мундирін киген. Тезек онша ұзын бойлы кісі емес. Жалт-жұлт еткен жанары үй-ішін әп-сәтте кезіп шықты. Ол шапшаң әрі ақылды сөйлейді екен. Біз оны түскі асқа шақырдық", — деп жазады генерал.


Ертеңіне меймандар Тезекке барады. Ол өз ауылымен күздеуде отыр екен. Қыстауы күздеуінен отыз шақырымдай қашықтықта көрінеді. Төренің ауылы Алтынемел асуынан айтқандай жырақ емес, бір колат аңғардағы бұлақтың басына қоныпты. Сұлтан өз ордасына таяу маңнан сыйлы қонақтар үшін арнайы үй тіккізіп қойыпты. Ұзамай Тезектің өзі де келіп қалды. Аз-мүз іркіліп бәрі үйге кіреді. Үй ішінің өзге ауқатты адамдардың үйінен айырмашылығы шамалы. Тек керегенің айыр басында ілулі тұрған әртүрлі қару-жарақ қана көзге ұрады. Арасындағы Тулада жасалған қосауыз мылтық, оқпаны күміспен күптелген көне тапанша, қайқы қылыш, қорамсағы жебеге толы садақ пен екі айбалта бар. Айбалталардың шебер қолдан шыққаны көрініп тұр. Бас мейман біреуін қолына алып қарап көреді.


Киіз үйде бұларды Тезектің бәйбішесі қарсы алады. Қасында әп-әдемі, бірақ беті ұйпаланып үлгерген қызы мен үстінде сары қытай шапаны бар, бет-аузы сатпақ-сатпақ ұлы отыр. Амандық-саулық сұрасқан соң Тезектің қарындасы, Шоқанның жесірі Айсараның отауына кіріп, ерінің мезгілсіз опат болғанына мейілінше өкінетіндерін, тірі жүрсе ақыл-парасатымен де, білген-түйгенімен де


 


баршаға пайда келтіретінін айтып, шынайы көңіл білдіреді. Сірә қайғыдан қабырғасы қайысып іштей мүжіліп отырса керек, — жесір босап жылаған да, сыңсып үн шығарған да жоқ. Өте-мөте түсі игі әйел екен...


"Қарындасының отауында отырғанда Тезек бізге Александр I патшаның албан болыстарын басқару жөніндегі жергілікті әкім Хакімбек сұлтанға 1824 жылы берген сенім хатын көрсетті. Ол оқамен қапталған барқыт пәпкеге салынып, оған үлкен күміс мөр ілініп қойыпты. Сенім хаттан Ұлы жүздің әскерге алудан мәңгі босатылатыны туралы уағдада көзге ұрады" — деп жазады Гейне (Шоқан Уәлиханов. Шығармалар жинағы. 5-том).


Бұл үзіндінің бір өзі-ақ Тезек туралы қыруар мағлұмат бермей ме, асылы, ол мыңғыртып мыңды айдаған асқан бай адам емес. Аға сұлтан қайтыс болғанда артындағы қатын-балаларына жеті жүз жылқы, жүз он түйе, тоқсан сиыр қалады. Бұл орташадан сәл ғана жоғары ауқат. Арқа төрелеріндей сән-салтанат қуып, жиһаз жинауға да әуестігі болмаған сыңайлы. Әкімдігі мен ақындығы бара-бара оның байлығы дастарханынан, бары қонақтарының алдынан табылып, осы атыраптың ақын-жыршылары мен күйшілері ауылынан ат ізін суытпай ертелі-кеш думандатып жатқан. Ақын атаулының байыған күні бар ма, бірі келіп ат мініп, шапан киіп жатса, екіншісі келіп, сауын алып, соғымын осыдан айыратын болған. Жастарынан жалт еткен жалын байқаса-ақ, олардың шабытына тамыздық тастап, желпінтіп жел беріп қашан қанаттандырғанша асыққан.


Әдетте мұндай өнерге, өлеңге деген қамқорлықты өркениетті елдерде меценаттық дейді. Меценат — ежелгі Римдегі мәмілегер болып патшаға жақын жүретін бір байдың аты. Ол ақындарды қамқор қанатының астына алып үйірме ашып, олардың өлеңдерін насихаттаған, кітаптарын шығаруға қол ұшын берген. Римнің бағзы замандағы белгілі ақындары Вергилий мен Гораций осы үйірмеден шыққан. Бертін меценат жалпы есімге айналып ғылым мен өнердің, әдебиеттің қамқоршы қолдаушысы деген мағынаға ие болған. Меценат деген атақ алып, айдар тағынбағанмен ақын-жазушыларға, әнші- күйшілерге қамқорлық көрсетіп қарасып тұратын көзі ашық, көңілі ояу байлар қазақ қырында аз болмағаны аян. Олар біздің бүгінгі байлардай айдаладағы Ялла сияқты әншілердің шашбауын көтеріп шығынданбай, өз өнерпаздарын түлетіп төңірегінде ұстаған. Ұлы Абайдың әкесі Құнанбайдың ауылы аузы дуалы дарын иелерінен арылмай, болашақ ақын бала күнінен кестелі сөз бен өрнекті ойдың мәйегін еміп өскен. Шоқан достарының естеліктеріне үңілсек, Арқа өнерпаздарының ылғи бір ығай мен сығайлары жаз шықса-ақ Шыңғыс ауылынан табылған. Ал медресе ашып, мектеп салғызып, бала оқытуға бой ұрған байлар қаншама.


Тезек төре болса, алдымен оның өзі ақын. Бәйгеге түспей жүйрік айқындалмайтыны тәрізді айтысқа қатысып өнер салыстырмай, өлең жарыстырмай ақындық шыңдалмайды. Сондықтан ол өз ауылында ұдайы ақындар айтысын өткізіп, оған әділ қазы ретінде де, ара ағайын ретінде де өзі қатысып отырған. Ұрымтал тұсында сөз семсерін суырып, өзі де айтысып кеткен. Қазіргі күнгі ел аузынан жеткен оның Сүйінбаймен, Түбекпен, Бақтыбаймен айтыстары, Бөгембайға, Құлмамбетке айтқан қағытпалары осының айғағы. Былайша алғанда, бұл айтыстар сюжеттерінде сәл ұқсастық бар бір-бір дастан


 


тәрізді. Әсіресе Тезек пен Түбектің марқұм Мұқаш Байбатырұлы жырлаған нұсқасының оқиғасы қызықты.


...Бір жылқышы жігіт көл жағалап келе жатса алдынан сайтандай сары ала қаз ұша жөнеледі. Барлап қараса жар-қабақта оның інге ұқсас ұясы бар екен. Онда жатқан үш жұмыртқаның жаңа жарылған біреуінен иттұмсық, жарғақ құлақ күшік сияқты бірдеңе көрінеді. Айнала ұшып кете алмай жүрген италақазға қарамастан жігіт күшікті орап қойнына тығып, қалған екі жұмыртқаны қалтасына салып атқа қонады. Үйіне келісімен жер қазып, інге сап бағады. Алғаш әйелі ит емес деп сенбейді. Ал баласы бауырын көтергеннен-ақ күшікті қолынан тастамай құдайдың құтты күні бірге ойнайтын болады. Бір қар басып жыл асқанда әлгі көзіне көрінген аңды құтқармайтын нағыз құмай тазының өзі болып шығады. Бөкен көрсе таңын айырып, таутеке көрсе тілерсегін қырқып, төңіректен қасқыр, түлкі, қарсақ дегенді қоймайды, тіпті құсты да құтқармайды.


Күндердің күнінде құмайдың дабысы Тезек төренің де құлағына жетіп, тазы иесіне ол әуелі сынап көр деп жақын жігітінің бірі Төребайды жібереді. Құмайды бір көргеннен-ақ ұнатқан ол иесін төренің ауылына шақырып кетеді. Хан шақыртса, кедей байғұста не шара, ізінше тазысын ертіп келіп, сыр-сипатын түгел айтып береді. Осы құмайды ендеше ханға қи деп қолқа салған соң жылқышы жігітті қарғысына отыз қой көгендетіп, ат мінгізіп, түйе жетектетіп ауылына қайтарды.


Құмай қолына тиген соң сұлтан күмістен қарғы тақтырып, мамық төсекке жатқызып, арнаулы адамға бакқызып оны аңға қосады. Алғыр қыран, жүйрік ат ұстап саят құруды жақсы көретін төренің даңқын құмай тазы тіпті дүрілдетіп жібереді. Бұл кезінде атасы Әділдің өзі аса ардақ тұтқан Түбек ақынның құлағына тиіп тазыны қалап алғалы арнайы жолға шығады. Оның қандай себеппен келе жатқанын алдын ала білген Тезек қарт ақынды сөзден тосып түлкі бұлаңға салып, бұйымтайын бермес үшін әйгілі Құланаян Құлмамбетті әзірлеп қояды. Алайда танымал тарлан жасы тоқсанға тақап қалса да шабысынан танбаған екен.


Құлмамбеттің қадамын аштырмай тарпып тастайды. Айтыстың ауаны қайда ауып бара жатқанын бірден сезген сұлтан: "Абайла бұдан былай Құлмамбетім, кәрі айғыр жас айғырды қалай қуды" деп шыдамай, сөзге араласып, "найманнан түлеп ұшып келген" Түбекті қадір тұтатынын айтып, жол-жорасына бір тоғыз, бір қыз атайды.


Базынасы бар жерде өтетін кәрі көкжал "бір тоғыз бен бір қызға ертоқымды тұлпар мен бұлғын ішік және құмайды қос" деп салады. Сонда сұлтан оны:


Тәубаңнан бүйте берсең жаңыласын, Көрмесең хан Тезекті сағынасың. Төреден ит алды деп ел күлмей ме,


Құмайды аузыңа алып не қыласың, —


деп қағытады. Үш жүзге даңқы жайылған, діттеген жеріне жетпей тынбайтын Түбек уәжге тоқтамай, болмаған соң Абылайдың әруағын алға салады. Атасының әруағы ауызға алынған соң Тезек те одан әрі салғыласпай:


Қайтеді алды-артыңа қарасаңыз Тоғыз да бірталай мал санасаңыз. Әруақтан құмай тұрсын құл садақа,


Алыңыз шыныменен қаласаңыз, —


 


деп қимастықпен құмайын береді. Бұл төренің тектілігін танытатын шын мәніндегі мәрт мінез.


Топтан торай шалдырмай, жел сөзде алдына қара салдырмай жүрген кәрі тарланның тегеурініне төңірегіндегі ақындардың бірі де шыдамаған соң Тезек жас дарын, жаңа талап Сүйінбайды арнайы алдырады. Бірақ ақын ағаның жасын да, басын да сыйлайтын, үлкеннің бетінен алу тұрсын үстіне баса-көктеп кіріп баруды әбес санайтын қазақы әдеппен ол Түбектің көзіне түспейді. Бірақ қарт ақын сол түні түсінде жерден топырақ суырып жан біткеннің апшысын қуырып келе жатқан қызыл жел көріп, сыртынан атына қанық Сүйінбайдың осында екенін біледі. Тезекке: "Тіл алсаң сол балаға салма мені" деген тілек айтып "сол болар тұсындағы сұлқылтайың" дейді.


Тұлпарды тайынан, жүйрікті шаңынан танитын дана қарттың айтқаны айна қатесіз келеді.


Зайыры, Сүйінбай мен Тезектің айтысы осыдан кейін болса керек. Екеуінің де ақындық жалынын, ақындық қарымын айқындаған, көркемдік кестесі айшықты бұл айтыс жайында бұрын да сөз болып жүрген соң оған тоқталмай-ақ, Тезектің Сүйінбайды:


Тұсында Абылайдың Бұқар жырау. Хан Әділдің кезінде Түбек тұр-ау. "Әр заманның бар дейді сұрқылтайы"


Сұрқылтайым екен ғой менің мынау, —


деп мойындағанын айтсақ та жетіп жатыр. Содан бастап екеуі жан аяспас дос болып кетсе керек. Ал жанашыр дос қашанда жылата айтып жаңсақ қадамнан сақтандырып отырған ғой.


"Бақтыбай мен Тезек төре" айтысы да өз алдына бір оқиғалы дастан, тіпті түсініктемелерін қосса сахналық туынды да болып кеткендей дүние. Жалайырдан шыққан Бақтыбайдың он алты жасында-ақ ақындықпен аты жайылады. Албырт, жас ақын құрбы-құрдастарының "Өнерің ауылдан аспайды, мықты болсаң өлеңіңді Тезек төренің алдына барып айтпайсың ба!" деген қалжыңына шамданып, хан ордасына аттанады. Жол-жөнекей бір қария кездесіп белінде домбырасы бар бозбаладан жөн сұрайды. Ол ақын екенін, Тезек төренің алдына өлең айтып бағын сынағалы бара жатқанын баяндайды. Сонда әлгі ақсақал:


— Балам, тегінде төренің жайын білмейсің-ау, — дейді. — Оның ордасына баратын адам алдымен "Әділдің алтын шаңырағына деп бір атты босағасына байлайды, сосын "асылдың тұяғына" деп төренің өз иығына шапан жабады. Осылайша ескінің ізін жалғап, ежелгі дәстүрді сақтап тарту-таралғымен келген адам ғана төренің табалдырығынан аттайды. Ондай сый-сияпаты жоқ адам даладан келіп, даладан қайтады. Рұқсатсыз кірсең басыңды алады.


"Мейлі, даладан айтсам, даладан-ақ айтып қайтармын" деп бекінген Бақтыбай төренің ауылына келіп орданың тұсынан түсіп домбырасын жебей жөнеледі. Бір алладан медет сұрап, Ескененің әруағына сыйынып, үш жүзге "Абылайлап" аты шыққан, кембағал кедей-кепшік, жетім-жесірге шарапаты тиетін Төрені мадақтай келіп:


Шешенде тіл, шеберде мін бола ма,


 


Нашарда шығатұғын үн болады ма. Ақ сүйек хан иемнің тұқымы едің, Бір аттар босағаңды күн бола ма? —


дегенде тілінде нәр, сөзінде мән барын байқап қалған Тезек төре ежелгі әдетімен ашу шақырған болып:



  • Тапайдың тал түсінде үйімнің ту сыртынан келіп айғай сап тұрған бұл қай тентек? Кім де болса бар, басын кесіп алындар! — деп екі жігітін жібереді. Олар кеп "Рұқсатсыз үйінің сыртына келіп айғай салғаның үшін, хан басыңды ал" деп бұйырды десе Бақтыбай:

  • Төрені даттағаным жоқ мақтадым. Сол үшін басым кетуі керек пе. Басымды төре алмайды, алса құдай ғана алады, — деп жауап қайтарады. Оны естіген сұлтан "Олай болса, сол құдаймен сөйлесіп отырған немені ордаға алып кел" дейді. Ақынның тілі ашынса шешіліп, шабыты шамданса шарықтайтынын жақсы білетін төре екі жігіт жетектеп әкелген бозбаланың үрейін ұшырғалы: "Е- е, құдаймен сөйлесіп отырған осы екен ғой. Онда басын алыңдар" дейді жорта. Тезектің оң тізесін баса отырған суан Қожбамбет би сонда тұрып: — Көктемде қой да қоздайды, ит те күшіктейді, қасқыр да балалайды, қой баласы қой болып шөп жейді, ит баласы ит болып боқ жейді, қасқырдың баласы қасқыр болып қой жейді,


— деп тақпақтай жөнеледі. — Асылдың басын асыл алмақ емес. Нәсілдің құны сұралмай қалмақ емес. Кейбіреудің жасы құрдас емес, заты құрдас. Мынау Бақтыбайдың өзі құрдас емес, сөзі құрдас шығар. Алдымен аздап сөйлетіп көрсеңізші.


Тезек төре енді райынан қайтқандай болып: "Сөйлесең сөйлеші, сөзіңнің түрін көрейін" — дейді. "Бақтыбайдың Тезек төреге айтқаны" дейтін белгілі толғауы дәл осы арада туады. Сонан соң ақын сынының ханды, ханымды қыздарын әуелі мақтау, сосын даттау, тартқан сыйға баға беру, тіпті жұмбақ шешу сияқты қалыптасқан дәстүрлі шарттарынан да сүрінбей өтіп ақындығына көз жеткізеді. Жұмбақты Тезектің өзі айтады.


Сен бе едің бәрекелді, Бақтыбайым., Пәтшағар, білемісің жақсы жайын?! Сен өзің ақын болсаң мынаны айт, Кім еді толықсыған күн мен айың? Таппасаң екі-ақ ауыз жұмбағымды


Орныңнан тұрмай ажал келді дайын, — деп нос танытады. Бақтыбай да енді айлаға көшіп Төренің өзіне көпшік қоя сөйлейді.


Хан Тезек, тегі Абылай Сұлтаным-ай, Қақ жарған сансыз топты торқалым-ай! Сөзге сөз келгеннен соң айта салдым Алла жар өлемін деп қорқамын ба-ай?! Тақсыр-ау, көзің көріп мақтамаймын Күн мен Ай жалғыз өзің Шолпаным-ай!


— Таптың, бірақ адастың! — дейді Тезек. Бәрі Әділден тарағанымен бәйбіше баласы Сұлтанмен аты қатар аталғанын ұнатпай.


Сөйтіп домбырасын қолына қайта алып төпелеп төгілте жөнеледі:


 


Хан Тезек — үлкен асқар бел емес пе, Мұхиттың дариясындай көл емес пе. Сұлтаның қу жел қайық болған шақта Хан Тезек мың кісілік кеме емес пе.


Сұлтаның жәй төмпешік болған кезде, Хан Тезек сары доңғал дөң емес пе,


Сұлтаның жерде қалған тері емес пе, Хан Тезек сілкіп соғар жел емес пе. Сұлтаның қотыр тоқты болған шақта,


Хан Тезек бір-ақ қылғыр бөрі емес пе. Адастың айтар сөзден Бақтыбайым, Қызталақ, өстіп айтсаң жөн емес пе?!


Дәл осы арада Бақтыбай төрені осал тұстан ұстап, жаңсақ айтқанын еппен ғана білдіреді:


Сөйлеп едім жөнделіп, Алдыңызға мен келіп. Ұстай алмадың, тақсыр-ай, Ақылыңды меңгеріп.


Кімнен көрдің кемшілік, Сұлтанды адал мал қылып. Өз басыңды таң қылып.


Боқ жейтін итке теңгеріп, —


дегенде әділқазы болып отырған Қожбамбет:


-Алдияр, Бақтыбай жеңіп кетті. Құранда пейішке бірінші балық, екінші қой барады деген. Ал қасқырдың тегі — ит, ол тек тозаққа ғана барады. Бақтыбай оған сізді қимай отыр, — депті. Сөзден ұтылғанын төренің өзі де мойындапты. Бірақ бұл оның өрнегі әсем, бояуы қанық өлең кестесін айшықтай түспесе, көмескілендіре алмайтын еді. Сол жолы ол жас Бақтыбайға:


—Мен екі-ақ ақын көрдім. Біреуі — Бақтыбай, біреуі — Сүйінбай. Бақтыбай бетті батыр екен. Өлеңде қарайып алдына қазақ түсе қоймас. Мені әділ төре дейді. Басқа ақындар сыйласа да, қорықса да сен шындықты айттың. Саған Әділдің алтын босағасы ашық — деп батасын беріпті төре.


Асылы, "Тезектің бір жағы ақын, бір жағы әкім" деп өзі айтқандай, ол ақындықтан да, әкімдіктен де лайықты орнын тапқан өз дәуіріндегі дара тұлғалардың бірі. Сөз жоқ қабілетінің осы екі қыры да дербес зертгеуді керек етеді. Ал оның өнерге, өлеңге қамқорлыгы өз алдына бір төбе. Жазушы әрі зерттеуші Бексұлтан Нұржекеев: "М.Әуезов "Айтыс ақындарының алтын діңгегі" деп баға берген Сүйінбаймен, атасы Әділдің "сұрқұлтайы" болған Түбекпен, Жалайырдың жүйрігі Бақтыбаймен, құлан аян Құлмамбетпен сөз жарыстырып, ой таластырып өмір кешкен Тезекті қазақ әдебиеті ұмытамын десе де ұмыта алмайды. Ол осы ақындардың бәрін де сынай білген, сыннан өткен соң сыйлай да білген. Тезек — ел тарихынан да, әдебиет тарихынан да сырт қалмайтын адам" деп жазады (Тезек төре. Алматы, "Жалын". 1996 жыл). Оған бұдан артық баға беру қиын болар. Төре десе тіксініп, бай десе безініп бұрынғы атақтылардың бәрінен ат-тонымызды ала қашуға тура келген кешегі заманда талай абзал ата-


 


бабаларымыздың есімі де, еңбегі де ұмыт болды ғой. Енді соларды қайта тірілтіп, қалың елге жария етер күн туғанда Тезек төренің көзі тірі тұяқтары ата-мұрасын жинастыруға атсалысса, оның тарихымыздағы орны да еңселене түсер еді-ау деген ой келеді.





Пікір жазу