Жаңа ереже деген не?
Қазақ қырындағы хандық билікті жойып, ұлан даланы дуан–дуанға, болыс– болысқа, ауыл–ауылға бөліп, сиырдың бүйрегіндей бөлшектеп тастаған әйгілі Жаңа ережені бүгін де екінің бірі біле бермейді. Тіпті оны қыр халқы бұдан екі ғасырдай бұрын жарыққа шыққан кездің өзінде де түсініп жарытқан жоқ. Дуан сайын аға сұлтан, болыс сайын кіші сұлтан, ауыл сайын старшын сайлаған атқамінерлердің бас–басына би болып бақталастыруына еркіндік беріп, бетімен қоя берген бұл құжат өз алдына хандық атанып, тұтас ел болып тұрған қазақ қауымын быт–шыт қып бөлшектеді де жіберді. Кезінде керегесін Абылайдың өзі бекітіп, бертін Уалиханның тұсында екі хандыққа бөлінген қазақ мемлекеттілігінің шаңырағы ортасына түсіп, тоз–тоз боп кетті. Әрине, отаршыл патша өкіметі үшін қол астындағы халықтың басын біріктірмей бөлшектеп билеу әлдеқайда тиімді еді. Сол себепті ол бұл әрекетке алдын ала әзірленді. Алдымен Сыртқы департаментін құрып, оның екінші бөлімі қазақ даласы мен Орта Азияға шеңгелін салып, қайткенмен де уыстан шығармаудың жолдарын ойластырды. Дауыл күнгі теңіз айдынындай буырқанып жатқан бұла даладағы бас көтерулерден именіп, осынау сұрқия саясатты ол біртіндеп жүзеге асырды.
Бірінші Александр патшаның бұл мәселені зиялы да зымиян саясатшы, бипаз да білімпаз ғалым граф М.М.Сперанкийге тапсыруы тіпті де тегін емес. Санкт–Петербург діни академиясын тәмәмдап, біраз жыл сол оқу орнында физика мен математикадан дәріс оқыған, өз заманының өте білімдар адамы Михаил Михайловичтің астана жұртшылығы алдындағы беделі аса зор болды. Кейін күншілдік құрбаны болып астанадан аласталып, Нижний Новгородқа жіберіліп, артынан Пензаға губернатор болып тағайындалады. Осы қызметте керемет ұйымдастырушылық қабілет танытып, айрықша көзге түскен оны жаңадан құрылған Сібір губерниясына басшы етіп жібереді. Оған өлкені басқару ғана емес, осы бір ұланғайыр өңірді түбегейлі зерделеу жүктеледі. Содан көрген–білгенін екшеп жасаған түйіні негізінде үкіметке ұсыныс түсіруге міндетті болады.
Граф Сперанский өзі басқаратын өлке тұрғындарының тыныс–тіршілігін, тұрмыс салтын, әдет–ғұрпын, мінез–құлқын мұқият зерттеді. Жұрттың жағдайын жақсарту жөнінде жартымды ештеме жасамағанымен ол осы екі жылдың ішінде қыр халқына билік жүргізу жайындағы жарғының он шақты нұсқасын жасақтады. Соның бірі 1822 жылды шілдеде Санкт–Петербургтың үкімет мәжілісінде мақұлданған «Сібір қазақтарын басқару жайындағы жарғы» еді. Ел ішінде «Жаңа ереже» атанып кеткен бұл жарғыдан болашақ декабрист Г.С.Батеньковты
көмекшілікке ала отырып жазған ғұлама графтың мемлекет қайраткері ретінде орыс үкіметінің мақсат–мүддесін көздеген астарлы да арналы көзқарасы айқын көрінді. Терең зерттеп, түбрлі тексерген қисапсыз көп жұмыстың арқасында алдымен өлкенің өзі Батыс және Шығыс Сібір болып ек губернаторлыққа бөлінді. Құрамына орта жүз кірген Батыс Сібірге губернатор болып Михаил Сперанскийдің ұсынысы бойынша он екінші жылғы Отан соғысының бір батыры генерал–лейненант Петр Капцевич тағайындалды. Бар ғұмыры әскер қатарында өткен генерал бұл қызметке өзін шыңдалған басшы ғана емес, сындарлы дипломат етіп те көрсетті. Алдағыны болжай білетін ақыл–айласы арқылы казактарын көшпенділермен қырқыстан сан мәрте сақтап қалған әккі генерал қырдағы билікті қайта құру бағдарламасын жүзеге асыруға білек сыбана кіріседі. Жарғы шыққан жылы Батыс Сібірдің ұрымтал бөлшегін ұтымды басқару мақсатымен Омбы облысы құрылады. Губернатор өз ұсынысымен қазақ даласын Ресейдегідей дуандар (округтар) арқылы басқаруды ұйымдастырады. Ол Қызылжарға орта жүздің біраз ру басшыларын шақырып алып, «Жаңа ереже» жайында түсінік жұмыстарын жүргізеді. Бас–басына билік құрудың сәті түскелі тұрғанына қуанған атқамінерлер оны бірден мақұлдап, қуаттай кетеді. Орыс әкімдері қолтығына су бүркіп, жел берген алып ұшпа ақындар ол туралы мадақ жырлар толғайды. Осы торға Уәли қайтыс болғаннан кейін халқы хан көтерген Ғұбайдолла сұлтан да қалай түсіп қалғанын білмей, жарғыны «өз қол астымдағы халыққа шын мәнінде пайдалы».. құжат деп санады. Алғаш дуандар мен болыстар хандықтың құрамында болады деп ойлаған ханзада алданғанын ізінше алғашқы екі дуан құрылып, соның біріншісі Көкшетауға өзін аға сұлтан болып сайлағанда ғана біліп, санын бір–ақ соқты. Ондай дуандардың орта жүздің жерінде ғана жетеуі ашылып, өзімен терезесі тең жеті аға сұлтанның болатынын білгенде, әрине, оның өкінішінде шек болған жоқ.
Әлқисса, осылай елді опынтып, ерді өкінткен «Жаңа ереже» деген не өзі? Оны қабылдап, іс жүзіне асырудан кім ұтты, кім ұтылды? Оның қағидаларында кәдеге қазірде жарайтын сәттер бар ма? Олардың екшеп ой елегінен өткізу үшін жарғыға тереңірек зер салып, әуел зерделеп оқу шарт. Сондықтан бұрын ана тілімізге күлима аударылмаған бұл құжаттың негізгі желісін қазақшалауға тура келеді.
***
«Сібір қазақтары жайындағы жарғы» деп аталатын құжат өзі жайлы кіріспе пен он тараудан тұрады. Кейбір тарауларының екі–үш, төрттен тармақтары бар бұл ережеде ұзын саны 320 бап бар. Құжаттың мақсат–мұраты кіріспесінде–ақ айқындала бастайды. «Сібір қазақтары көшпелі бұратана халықтар тарабына жатады және олармен тең құқығы бар» деп жазылған. Сондықтан оларға бұратаналар туралы жалпы жарлықтың төмендегі баптары, яғни, біріншіден
«Қырдағы басқарудың міндеті мен мазмұны» саласына жалпы қатысуын шығарып тастағандағы көшпелі бұратаналардың құқытары, екіншіден, қадірмен бұратаналар, үшіншіден, олардың заңдары мен әдет–ғұрыптары туралы ортақ негіздері жатады. Сібір қазақтарының елі Омбы облысының ішкі дуандарын құрайды. Сол себепті олардың билігін түзеудің басты арқауы Сібірді басқаруды
жалпы қадағалаудың екінші бөлімінде айқындалған. Ал қазақтар жайындағы осынау айрықша жарғы, бір бастан, оларды басқарудың міндеттері егжей– тегжейлі баяндаудан, қазақтарды басқа бұратаналардан ажырату туралы айрықша қаулыдан әрі осы жарғыны іске қосудың тәртібінен тұрады.
«Бөліну» атты бірінші тарау «Желінің ар жағындағы қазақтардың, олардың қоныстарының қазіргі жағдайына сәйкес бұлар болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінеді және кейбіреулерінің осы күнгі аты сақталып қалады» деп басталады. Ал ауылда жалпы 50–70– ке дейінгі түндік болуы, әр болыс 10–12 ауылдан тұруы тиіс. Басқаруға қолайлы болуы үшін болыстар дуандарға бірігеді. Дуанның жалпы 15–20 болысы болуы керек. Дуандардың негізінен бір ру немесе бір ұрпақ деңгейінде жеке–дара өзіне тиесілі шектеулі жері болады, оған басқа дуандардың рұқсатымен ғана кіреді. Жер шектеу шекара бастығына тиесілі жергілікті әскери бөлімдердің офицерлері қатысуымен ғана жүргізіледі. Осылай, құрылған дуандар өз жағдайына қарай шекаралық немесе желіге жақын жатқан болып бөлінеді. Шекаралық дуандар Ресейге тәуелді емес жерлермен шектесіп жататындар, мүмкін–қадірінше олардың азырақ болғаны абзал. Желіге жақын жатқандар шын мәнінде Сібір белдеуіне таяу дуандар. Ереже бойынша өз атауы бар, көбіне өзі орналасқан айтулы жердің атымен аталады.
«Басқару» деп аталатын екінші тармағы – «Басшылық құрамы». Онда ауылдарды – старшындар, болыстарды – сұлтандар басқаратыны айтылған. Сот араласып төрелігін беруі үшін ауылдар мен болыстарда би аталатын қадірменді қазақтар өз атауымен, өз абырой беделімен сақталып қалады. Тұтас дуанды басқару үшін болыстар аға сұлтан сайлайды. Әрбір дуанда дуан әмірлігі (окружной приказ) тағайындалады. Аға сұлтан төрағалық ететін әмірлікте облыс бастығы белгілейтін екі Ресей мәжілістері – қазақтардан сайланып қойылатын екі қазақ мәжіліскері болады. Дуан әмірлігінің штат бойынша өз кеңсесі, тәржімашылары мен тілмаштары бар. Оның полици және сот билігі және болады. Дуандағы ішкі күзетті әзірлікке арнайы жіберілген немесе тұрақты тұратын желі қазақтарының жасағы атқарады. Қажет болып қалған жағдайда бұл жасақтардан керекті адамдар болыстарға да жіберіліп тұрады.
Екінші тармақ – «Сайлау тәртібі». Ауылдарды басқару үшін старшындарды қазақтардың өздері сайлап оны сол қызметке дуан әмірлігі бекітеді. Старшын сайлау үш жыл сайын өтіп тұрады, бәзбір адамның қатарынан бірнеше мерзімге сайлануы да ықтимал. Сұлтан старшын сайлауына қатыспайды, бірақ сайланған адам туралы дуан әмірлігіне хабарлап, өз пікірін қоса білдіруі де мүмкін. Әмірлік сайлауды бұзбайды, оған келіспесе облыс бастығына хабарлайды. Старшын сайлауы ауылдарда жалпы ұсыныспен өтеді, ашық дауысты кім көп алса сол сайланады. Ал сұлтан атағы мұрагерлік арқылы беріледі. Олардың болысты басқаруы атадан балаға мирас болып қана ауысады. Қазіргі салт–санаға орай алдын-ала қауымның келісімін алады. Сұлтанды басқа тұқымнан сайлау қажет болып қалса, облыстық басқарма бекітпейінше оған билік тізгін берілмейді. Егер сұлтанның мұрагері болмаса, оның орнына інісі не жақын туысы бүкіл болыс сайлауы арқылы облыстық басқарманың бекітуімен отырады. Сұлтанның тұқымы түгел таусылып, артында ешкім қалмағанда да осылай жасалады. Атағынан
ажырамағанмен де болыс басқармайтын сұлтанның билікке араласуға хақысы жоқ. Болысты бастап бөлгенде бір сұлтаннан жаңа болыстың құрамына көшкен қазақтар егер болыс қабылдауға келісетін болса, оның ұлының не інісінің қарауына ауысуына болады. Әйтпеген жағдайда сұлтанды болыс сайлауы тағайындайды. Аға сұлтанды тек төрелер ғана сайлайды. Ал қазақтардан жаңа әмірлікке өтетін мәжіліскерлерді байлар мен старшндар сайлап қояды. Аға сұлтан үш жылға, мәжіліскерлері екі жылға сайланады. Бір сұлтанды немесе мәжіліскерді бір мерзімнен артыққа сайлауға тыйым салынбайды. Жалпы сайлау тамыз айында өткізіледі. Орын босап қалса, жеке сайлау жалпы сайлауға дейін уақытша орын басу үшін жүргізіледі. Барлық сайлау дуан тұрған жерде көпшілік дауыспен өткізіледі. Аурулығына байланысты сайлауға келе алмағандар белгілі мерзімде пікірін жазбаша жібереді және оның дауыс күші болады. Өзі келмеген әрі жазбаша пікір жібермеген кісі өткізілген сайлаумен келісті деп саналады. Кімді жақтап берген дауыс саны дуан бойынша жалпы халыққа хабарланады.
Сайлаудың қолайлығынан гөрі халықтың салт дәстүрін қоштау үшін дуан әмірлігі құрған жерде сол өңірдегі қазақтардың той–томалағы өткізіліп, оған қазынадан арнайы қаржы бөлінеді. Сұлтандар мен старшындарға, басқа да қазақтарға жыл бойғы айрықша еңбегі үшін тиесілі марапат пен сый–сияпат сонда көрсетіледі. Сайлауда жеңген аға сұлтанға өз әдет–ғұрпы бойынша көрсетілер құрметі мен қошеметі ашық жасалуға тиіс. Бұл рәсім бұрыңғы сұлтан өз орнында қалса да жасала береді. Той және жыл сайын болып отырады. Жаңадан сайланған аға сұлтан облыс бастығы бекіткенше қызметке кіріспейді. Бекітілсе–ақ болды, ізашарын ешбір дабыра–даусыз ауыстырып, ол жайында бүкіл халықа жария етеді. Бірақ қызметке сайланып осы лауазымға бекітілген күллі қазақ старшындары жоғары үкімет орнының еркінсіз және мұрагеріне істі ауыстырып бермесе, өз құқығы мен жауапкершілігін алып тастай алмайды. Өйткені олар халықты басқару үшін қойылған жергілікті шенеуніктер.
Үшінші тармақ – «Шен салғастыру» деп аталады. Оған қарағанда аға сұлтан өз қызметін атқарып жүрген кезінде барлық жерде Ресей қызметінің майоры шенінде танылып қошеметтеледі. Тіпті аға сұлтан жедел ауыстырылған жағдайдың өзінде ол қадірмен сұлтандар санатында болады. Егер ол сұлтан болып үш мәрте сайланса Ресей империясының дворян дәрежесін сұрауына хақысы бар; шынайы берілген шені және сақталып қалады. Қазақтардан шыққан әмірлік мәжіліскерлерінің шені болмаған жағдайда Ресейдегідей 9–шы сыныптағы қызметші деп саналады. Болыс басқаратын сұлтандар 12–ші сынып шенеуніктері болып табылады. Атаулы шені болмаса старшындар мен билер ауыл басшыларына теңестіріледі.
«Жаңа ережедегі» «Полиция аманаты» аталатын үшінші тарау төрт тармақтан тұрады. Оның бастапқы тармағында дуанды басқару тәсілдері сөз болады. Аталастары сайлап қойғаннан кейін Ресей үкіметі жергілкті басқаруды сеніп тапсыратын аға сұлтан земство шенеунігі болып табылады. Ол тыныштық пен тәртіпті сақтаудың, қарауындағы жұрттың әл–ауқатын жақсартудың күллі тәсілдері мен тетіктерін реттеп отырады. Дуан әмірлігі өзіне тәуелді болыстарға жарлық беріп отыратын, жұрт қатынап арыз–шағым айтып тұратын орын. Жалпы
сұлтандардың бәрі өзіне бағынышты болыстармен бірге осы дуан әмірлігіне тікелей байланысты. Дуан әмірлігінің билігі аймағынан тыс жерлерге таралмайды. Қажет болған жағдайда оның жергілікті басқаруға қатысты мәселе жөнінде көрші әкімшілікпен байланысуына болады. Дуан әмірлігіне жүктелген полиция күзетінің жалпы міндеті алдын–алу және ескерту шаралары арқылы ішкі тыныштықты және әмірлік ішкі дуандардың земстволық сотына ұқсайды және қазақтар туралы солардың құқығы мен жауапкершілігіне ие. Сондықтан әмірлік халықты жаппай апаттан сақтауға, ондай жағдайға тап болса қажетті көмек көрсетуге, жалпының және жалқының сауат ашуына, еңбектен және шаруашылықтан пайда көруіне қамқорлық жасауы; Қазақтардың тонап–талау, барымта, өкіметке бағынбау сияқты әдеттегі бей–берекеттігін жедел жоюға алдын ала шара қолдануы өз бетімен ауа жайылушылыққа жол бермеуі, әрбір қысастықты тергеу мен сот арқылы реттеуі, нақты тәртіп бұзғанды тұтқынға алып жалпы тыныштыққа нұқсан келтірмей сотқа беру, көп кісінің немесе тұтас болыстың қарсы қимылы ұшырасқан жағдайда өзгелерді сақтандыра отырып облыс бастығына хабарлауы әрі соның айтуымен қаракет жасауы тиіс. Қатер төнген жағдайда жолайрықтар мен бекеттерді қаруландыруы қажет.
Зерттеу жүргізбей сотсыз және үкімсіз әмірлік ешкімді жазалай алмайды. Тергеу Ресей мәжіліскерлерін жергілікті жерге жіберу арқылы жүргізіледі және оларға болыстың таңдауымен бірдей би қосылады. Әмірлік ешқандай әскери экспедицияға жасақтамайды, әдеттегі полиия жасағы сияқты өзіне сеніп тапсырылған күзетпен ғана қимылдайды. Басқа дуанға кетіп қалған қызмыскерлер мен қашқындарды қууға болмайды, бірақ тиісті шара қолдануы үшін оның әмірлігін хабардар етуі керек. Далада қолға түскен Ресей боданындағы қашқындарды әмірлік шара көру үшін таяу маңдағы ішкі басшылыққа жібереді. Дуан әмірлігі басқару өзіне сеніп тапсырылған өңірге кім келіп, кім кетіп жатқанын біліп отыруға міндетті. Ол үшін дуан әмірлгінде сұлтандар мен старшындардың тұрған жері, болған өзгерістері түгел көрсетілген нақтылы тізімі, оған болыстар мен ауылдардың жылдың қай уақытында, қай жерде отыратыны, оларда болатын өзгерістер жайында мағлұматтар болуы шарт. Түндік бойынша халық санағын жүргізіп, оны үш жылда бір тексеріп отыруға тиіс. Бәз–біреуге мәңгілік пайдалануға берілген жерлер, оған шешім шығарған мәжілістер жөніндегі мәлімет те соның қолында болуы керек.
Әмірлік өз ведомствосы арқылы өткен сауда керуендері жайында деректер жинап, оны қорғауға міндетті. Сондықтан қазақ даласы арқылы Сібір жерлеріне өтетін кез келген жатжерлік өзі жүретін жердің алғашқы дуанына соғады. Оның әмірлігі олармен сөйлесіп, таяу тұрған кеденге жібереді және қажетті қағазын береді. (Ескерту: жазбаша рұқсат желіге өту үшін кімге болсын қажет). Жазбаша рұқсатты, кездессе, келесі дуанда көрсетуіне болады. Егер керуеннің немесе шетжерлік саудагердің еш жерге соққысы келмесе желі бойында шекара болысынан алған қағазын, жазбаша рұқсатын көрсетеді. Керуендегі күллі кісі немесе жеке жүрген адам тәртіпсіздік жасаса ол жерде тергеуге алынады да одан әрі арғы нұсқау үшін облыс басшылығына жөнелтіледі. Әмірліктің дуан алып жатқан өңірдің ортасында тұрақты тұратын жері болуы керек. Дуан әмірлігі
жалпы ережеге сәйкес жүргізілген жұмысын әрібір мүшесі жазып отыратын журнал ұстауы шарт. Іс орыс һәм татар тілдерінде жүргізіледі. Өкім айтар істер пікір қайшылығы туса, оның атқарылуы аға сұлтанның даусымен шешіледі. Қарсы дауыс облыстық басқарманың қаперіне салынады. Әмірлік қазақтар қалаған діни істермен де шұғылданады. Күллі әскери қызмет пен аймақтағы барлық мекемелер соның билігінде. Бұл күзет әмірліктің нақтылы нұсқауынсыз ешбір іс–қимылға кіріспейді. Күзет тұратын жер бекініс сияқты жасақталып нығайтыла береді. Әрі оған дуандағы бүкіл мекеме орналасады. Дуандар туралы жалпы ережеден тыс жұмыстар арнаулы қаулымен жүргізіледі.
Аталмыш тармақта шекаралық және желіге жақын жатқан дуандар туралы арнаулы бөлімдер бар. Оның біріншісі «шекаралық дуандарда облыс басшылығының өкімімен қазақтарға тиесілі жерлердің шегі тұрақты белгілермен бекітіп беріледі» деген баппен басталған. Одан әрі қазақтардың көшіп кетуіне тиым салынатыны айтылады. Олардың шекарасы дуан әмірлігі бақылауындағы қазақтардың өзі арқылы мұқият қадағаланатын болады. Жібі түзу жерге тұрақты қарауылдар мен шамшырақтар орнатылуға тиіс. Өзіне тиесілі емес жерде жасаған бейбастақтығы үшін қазақтар тыныштық бұзушы ретінде жедел сотқа тартылады. Сауда ісімен келген шет жерліктер жақын жердегі сұлтанға кіріп, әмірлікте көрсету үшін қай болысқа баратыны жайында жазбаша рұқсат алуы керек. Осылай берілген әрбір қағаз жайында сұлтан өз дуанының әмірлігіне хабарлап отырады. Қазақ даласына қоныстанғысы келетін шетжерліктерді олардың өз үкіметінің рұқсатынсыз қабылдауға болмайды. Рұқсаты бардың өзінде де облыс бастығының өкімі керек. Қытай мен қазақ даласы арқылы жүргізілетін сауда жақсы жағдайда әзір осылай өрістеп тұрғанда қазіргі әдет–ғұрыпты қолдауға рұқсат етіледі, алайда орыс саудагерлеріне жолдама хатты аға сұлтандардың өзі немесе шекара билеушілеріне белгілі болыс сұлтандары береді. Оған да дуаннан жазбаша нұсқау керек. Қазақ даласына мұрсатсыз көшіп келетін қытай бодандарын Қияқтыға ұстап беру үшін облыс басшылығына жіберген жөн. Шекаралық дуандардағы ішкі күзет басқаларға қарағанда көбірек болғаны қажет.
«Желіге жақын жатқан дуандар» туралы бөлімде қазақтардың өз қоныстарынан кері қарай рұқсатсыз көшуіне ымырашылық етпеу жөнінде желіге жақын дуандарға айрықша міндет жүктеледі. Желіге жақын көшіп–қонып жүргендердің шаруалар мен басқа да бұратаналар секілді бекіністер мен редуттарға, қамалдар мен іргелес елді мекендерге өз өнімдерін өткізу үшін барып тұруына болады. Ал желінің ішінде шынымен көшіп–қону үшін дуан әмірлігінің земстволық сотпен келіскен рұқсаты қажет. Сөйтіп босатылған қазақтардың тек Омбы облысының шегіндегі жерлерде ғана көшіп–қонуына хақысы бар. Ал дуан жері шегінен шығып кетсе, ол жергілікті ведомстволық сотқа тәуелді болады. Егер қазақтар Сібір губернияларынан да тысқары жырақ көшетін болса, оған облыс басшылығының азаматтық губернатормен келіскені туралы рұқсаты керек. Омбы облысынан тыс жерде тұрған барлық мерзімде қазақтар губерниялық һәм земстволық бастыққа тәуелді болады. Дуан әмірлігінің өзіне сеніп тапсырылған жұртты іште және желінің нақ өзінде тұратындардың қол сұғуынан қорғайды.
Желінің ар жағынан қазақтарға берілген пайдалы тірліктің белгілі шектен шықпауы қадағаланады. Дуанда тұрған ол қазақтар әмірлікке тікелей тәуелді.
«Болысты басқару жөніндегі» екінші бөлім сұлтандар туралы баптармен ашылады. Сұлтандар сеніп тапсырылған болысты болыс басы ретінде басқарады. Сот пен жазаның оған қатысы жоқ. Әрбір сұлтан өз жанында көмекші етіп ұлын немесе інісін ұстауға қақылы. Іс жүргізу үшін сұлтанның орыс және татар тілдерін білетін хатшысы болады. Дуан әмірлігі қажет ететін мәліметтің бәрін тікелей сұлтан беріп отырады. Сондықтан оны өз ведомствосы бойынша оның өзі жинауға тиіс. Жалпы сұлтандар өз әмірлігін аттап өтіп, оның үстінен жоғары жаққа айтылатын арыздан өзге ешқандай жазба қатынас жасамайды. Ауылдағы старшындарға нұсқауды сұлтандар ауызша береді. Және әмірліктен түсіп қалатын бүкіл халықтық құлақтандыру болмаса ешқандай қағаз жібермейді. Сұлтандар сот үкімін орындайды. Сұлтанның жеке жауапкершілігіне күллі жазбаша ережені орындап, жалпы және қауіпсіздікті қорғау, болыстардағы тыныштық пен сабырлылықты сақтау жүктеледі. Зарарлы қастандық жайында хабар алысымен сұлтандар оны дереу дуанға жеткізіп жәрдем сұрайды. Алайда қарауындағы қазақтар арқылы оның ізіне түсіп, кек қайтаруға тыйым салынады. Сұлтандар өз билігін өзге сұлтанның болысына жүргізе алмайды. Тіпті ол ағалық ретінде екіншісінің ықпал етуін сұраған күннің өзінде екеуі де барлық жағдайда дуан әмірлігіне жүгінеді. Жоғарыда белгіленген ережеге қарсы қиқарлық өктемдікпен бара бар деп саналады.
«Ауылдардағы старшындар туралы» баптарда әуелі «старшынның өзіне сеніп тапсырылған ауылды ауыл ақсақалы ретінде басқаратыны айтылады. Старшын өзіне сеніп тапсырылған ауыл қарайтын болыстың сұлтанына тікелей тәуелді. Сұлтанның дербес бұйрықтары бұлтартпай оындалып отырады. Оған талап еткен мәліметтердің бәрі беріледі. Сұлтанның рұқсатынсыз бір жерден екінші жерге көшіп–қонуға болмайды. Өз ауылында тыныштық пен тәртіпті сақтайды. Сұлтанды жанай өтіп ешкіммен қызмет бабында қатынас жасамайды. Халық келісімімен би атағы берілген старшындардың ол дәрежені алуға құқығы бар.
Төртінші тарау – «Шаруашылық аманаты. Оның «Қазына шаруашылығы». Қаржының бекітілуі» атты алғашқы тармағында төмендегілер сөз болады. Дуан әмірлігінің мүшелері – аға сұлтандар, болыс басқаратын сұлтандар, дәрігерлер, хатшылар, тәржімашылар мен тілмаштар тен штат бойынша жалақы алады. Барлық жұмысы үшін дуан әмірлігі кеңескен қаржысын тағайындайды. Жарлыларды жебеу, ауруларды емдеу, оқу құралдарын пайдалану ісіне қаржы бөлінеді. Қырда үй салуға, қолда бар ғимараттарды жөндеп іске жаратуға да едәуір сома көзделеді. Ал ол қаржыны жұмсау мен есеп беру тәртібі және ұмыт қалмаған. Ақша қаражатының бүкіл қозғалысын бақылап отыру үшін дуан әмірліктерінің жанынан әдеттегі тәртіп пен баулы кітап жүргізіледі. Сұлтандар мен старшындар қазына қажетіне жұмсалған қаржы жөнінде жай ғана есеп береді. Соманы баулы кітапқа жазу тәртібі тексеріс пен есеп беру жалпы ережемен жасақталады. Осы тармақта ғимараттар салу да арнайы айтылады. Әрбір дуанда төмендегідей ғимараттар салынуға тиіс: 1)дуан әмірлігі, оның мүшелері,
шенеуніктер, кеңселер, тәржімашылар мен тілмаштар отыратын үй; 2) дін иелері үшін тұрғын жайы бар ғибадат үйі; 3) 150 – 200 адам емдеп шығаратындай аурухана; 4) жеке жай болмаған жағдайда қазақтар жататын казарма. Бұл ғимараттардың алдын ала жоспары жасалып, оған жұмсалатын қаржыны айқындайтын смета жасақталып, жоғары үкімет орнының бекітуіне ұсынылады. Аталмыш құрылыстар салынып біткенге дейін ашылмақ дуандардың мекемелері киіз үйлерге орналасады. Көзделген ғимараттардың шапшаңырақ салынуы облыс бастығының құзырына тапсырылады.
«Алым алу және міндет арту» аталатын екінші тармақтың алғашқы буыны заттай алым туралы. Осынау жаңа өнім енгізілген күннен бастап әрбір дуан барлық алым – салықтан бес жылдық жеңілдік алады. Жеңілдік жылдары қазақтардан тек аурухана мен мектептер, қайырымдылық мекемелері үшін садақа ретінде заттай, малдай ерікті алым ғана жиналды. Өздерінің қазіргі әдетімен қазақтар сұлтандарына да көмек көрсетіп тұрады. Ондай әрбір жәрдем – көмек туралы дуан әкімдері хабардар етіледі. Бұл қол ұшын берудің мәжбүрліктен тумауы үшін қажет. Дін иелеріне қамқорлық көрсету жалпы сұлтандарға жүктеледі. Қазақтардың қайырымдылық мекемелеріне деген қайыр – садақасы дуандарға түседі. Онда баулы кітаптарға жазып, олардың есебін шығарады.
Ондай қайыр – садақа көбіне малмен беріледі де, қажетке жұмсалғаннан қалғаны кейін сатылады. Одан түскен қаржы ақшалай садақаға қосылып, мекеменің үнемін құрайды. Жеңілдік уақыты біткеннен кейін қазақтардан қолына жүз малдан бір бас салыққа алынады, ал түйеден зекет жиналмайды.Облыстық басқарма әрбір жыл үшін алдын ала смета жасап, казак полкының аттарын толықтыру үшін қанша жылқы, желідегі аурухананың қырдағы емханалар мен қайырымдылық үйлерінің қажеті үшін қанша ірі қара қажет екенін айқындап алуға тиіс. Бас басқарма бекіткен мұндай смета бойынша жылдық жинаудан алынған мал түсетін орынға қажет малдың саны жіберіледі. Одан қалған мал кедендерде сатылып, түскен ақша мемлекет кірісіне алынады. Малдың санын сондай – ақ болыстардағы жалпы халық санағы бойынша шығарып, оны үш жылға тұрақты ету керек. Қазақтардан алым жинауды болыстар бойынша жүргізген жөн. Жеке жинағанда малды орынсыз жарамсыз деп шығаруға жол бермеу керек. Әйтеуір ірі қараның дені сау, жылқы мініске жарамды болса жетіп жатыр. Гербілік қағазды қазақтар арасындағы өзара іске қолдануға болмайды, алайда олар мен ресейліктердің арасындағы қаржы ісіндегі зерттеу жұмыстарында бұған заң арнасында рұқсат етіледі.
«Кезекті міндеттер» көрсетілетін тармақшада қазақтардың ұйымдастыруда көрсетілген әрбір ауылдың болыс, сұлтаны мен болыс сұлтанның дуан әмірлігімен, ал олардың облыс басшылығымен қатынасы бар. Ал бұл қатынас қазақтар арқылы жүзеге асырылады, сондықтан әр ауыл салт мінетін аттардан лау беріп тұруға тиіс. Лау тасыған қазақ өзіне сеніп тапсырылған қағазды сақтап, жетер жеріне түгел жеткізіп беруге міндетті. Ауылдардан сұлтандарға аманат сәлемдемелер күнбе – күн болуы ықтимал, ал сұлтандардан дуандарға, аудандардан облыс басшылығына әдеттегі іс бойынша аптасына бір рет шабарман жіберіледі. Төтенше жағдайда арнайы шабарман жөнелтіледі. Қызмет бабымен
аттандырылған ондай адамды барлық шенеуніктер мен қызметкерлер сияқты жазбаша рұқсатымен қазақтар бір ауылдан екінші ауылға жеткізіп тұруға міндетті.
Бұл тараудың үшінші тармағы – «Ішкі шаруашылық». Оның «Халықтың азық – түлігі» атты алғашқы бунағында «Нан қазақ – қырғыздың кәделі тамағы емес» депті. Алайда жылқысы жұттан не індеттен қырылып қалса, амалсыз нанға жүгінеді. Оның үстіне олардың егіншілікке ынтасын ояту үшін аймақта қазынадан нан сату ісін ұйымдастыру керек. Астықты дайындау мен жеткізіп беру облыстық басшылықтың нұсқауымен, Сібір губернияларының кей жерінде байқалатындай нан сататын қосалқы магазиндерге әкелетін тәртіппен әзрленеді. Астықты алғашқы әзірлеуде әрбір дуан үшін қазынадан 30.000 сом несие бөлінеді. Кейін бұл қаржы өз айналымымен өсіп отырады. Ол екі жарым еседей өскендей, аталмыш несие қазынаға қайтарылады. Қалған қаржыны айналым арқылы өзінде іркіп қала алса, онда ол әрбір дуанның азық – түлік жөніндегі экономикалық сомасын құрайтын болады. Бұл соманы қоғамдық қор деп санап, оның есеп – қисабын белгіленген ереже бойынша қадағалап отыру керек. Оған қол жеткізу үшін жұмсалған сол қаржыға астық сатып алып, оны тасып болған соң күзетшілерге, бақылаушыларға және басқаларға пайданың 10 процентін шығару керек. Сату құнын кедейлерге және байларға деп екі жікке бөлген жөн. Алғашқылар үшін жоғарыда белгіленген өсіммен сатып, екіншілер үшін пайданы азайтып, тіпті үстемесіз өткізу шарт. Баға жылдың үшінші бөлігінде бір – ақ айқындалады. Кедейлерге үш пұттан, бірақ одан артық және сатуға болмайды. Нан тек ақшаға ғана сатылады. Бекетшілер мен күзетшілерді облыстық басқарма анықтайды. Олардың жалақысы астықтан түскен пайда есебінен жүргізіледі. Дүкендер мен дүңгіршіктерді шығына бөлінген қаржы есебінен салады. Аталмыш жағдай қазақ даласына астықты еркін сатуға ешқандай қысым жасамайды. Бұл тәртіп қырда астықты еркін сату өрістегенге дейін сақталады. Оның өрістеуіне орай дүкендердегі баға кедейлер үшін де, шаруасы шағындар үшін де Сібір магазиндері туралы жалпы ережені ұстана отырып белгіленеді. Қазақтардың өз жеріндегі көлдерден шығатын тұзды өзара алып сатуды еркін қалпында қалдыру керек. Қазақ – қырғыз қаласында шарап сатуға тиым салынады. Үкімет жыл сайын өткізетін кейбір мейрамдарда аракідік оларға да азын – аулақ шарап сатып алуға рұқсат етіледі.
«Өнеркәсіпті өрістету» деген тармақшадағы бірінші бапта: «Әрбір дуанға бекітіп берілген өңірден аға сұлтан үшін егішілікке, мал шаруашылығына, әмірлік орталығындағы мекемелерге қолайлы бес – жеті шаршы шақырым жер бөліп беріледі. Оны ол қызметінде тұрған кезінде ортақ жайылымдармен бірдей пайдалана алады. Бұл өңірдегі қозғалмайтын мекеме – мүліктерді аға сұлтан орнынан өзі ауысқанда сатып алуына болады», делінген. Осы тәртіппен әрбір қазақ мәжіліскерлеріне екі шаршы шақырымнан жер бөлінеді. Ресейлік мәжіліскерлердің үлесі де осы секілді. Қазақ даласына келіп орныққан казактарға
15 десятинадан жер беріледі. Егіншілікпен айналысып, өзге де шаруашылық орындарын ұстағысы келетіндерге әрбір басына 15 десятина жер бөлу керек. Дуан әкімшілігі олардың жерін қорғаумен қатар, егін салып, оны кәдеге қалай асырып
отырғанын қадағалауға тиіс. Егер бөлінген жерге бес жылдың шегінде егін егілмесе, басқа да шаруашылық жай салынбаса, оны қайтарып алып, басқа біреуге беруге хақылы. Жер бөлгенде бәз – бір өңірге таласушылар көбейіп кетсе, оны жеребе тастау арқылы шешкен ләзім, оған және үш би қатысуы шарт. Уақытша көшіп – қонып жүретін жерге талас туар болса да осылай жасау керек. Жалпы бір дуанда ешкімге бекітіп берілмеген өрісті көшіп – қону үшін пайдаланылатын бос жер деп білген абзал.
Сұлтандарға шаруашылық жай салу үшін жерден үш үлес, ал старшындарға екі үлес беріледі. Егіншілікпен шұғылданып шаруашылық жайлар салу үшін бөлінген жер мызғымайтын меншік ретінде атадан балаға мұра болып қалады. Жер бөлуге келгенде, тәржімашылар мен тілмаштардың құқығы казак офицерлерімен бірдей. Дуандарға орыс мәжіліскерлері мен күзет құрайтын казактар жер өңдеп, шаруашылық жай салуда өнеге көрсетуге тиіс. Өздеріне бөлінген жерде егіншілікті өрістетіп, мүмкіндігі болса, бау – бақша өсіріп, бал арасын ұстауы керек. Сұлтандар, старшындар және басқа қазақтар мұндай шаруаның пайдалылығына көз жеткізу үшін бар күш – қабілетін жұмсап, оларға құрал – сайманмен, ақыл кеңеспен көмектесіп отыруға міндетті. Қазақтардың жыртылған жерін қорғап, егініне мал түсіп кетпес үшін қоршау жасауына жәрдемдесуге және борышты. Егіншілік құрал – саймандарын сатып алуына не даланың өзінде айырбастап алуына облыс басшылығы қамқорлық жасауы шарт. Қырға аттандырылған әрбір жасақтың көшпелі немесе тұрақты ұстаханасы болуы керек. Дуанда алғаш егіншіліктен, бал арасын өсіруден және басқалардан елеулі табыстарға жеткен қазақтардың айрықша марапатқа құқығы бар, оны және жоғары мәртебелінің өзі тағайындайды.
Төртінші тармақ «Сауда» деп аталады да, алдымен оның жалпы ережесі беріледі. Әрбір қазақтың өз бұйымын дуан ішінде және одан да тыс жерлерге емін
- еркін өткізуіне хақысы бар. Әрбір қазақ ішкі қалаларға сату үшін малын кеден немесе шекара күзеті арқылы өткізе береді. Сұлтандар шетелге, сондай – ақ желіге тұтас керуен өткізуге де хақылы, тек оларды жөнелту кеден мен шекара қызметі арқылы жүргізіледі. Бөгде губернияда сауда жасау құқығы бар кез келген орыс саудагері қазақ даласына мәлім сауда жасау үшін өз бұйымдарын кеден мен шекара күзеті арқылы алып өте алады. Мәлім сауда үшін қазақтарға бір – бірлеп кіретін Азия шет жерліктеріне сұлтандар өз болысына рұқсат етеді. Сұлтандарға олардан зекет алуға, күллі қауым пайдасы үшін қажет заттар талап етуге рұқсат беріледі. Ал керуендер қазақ даласында ешбір баж салығынсыз жүре береді. Керуендердің қазақ даласында тауар сатуы мен айырбастауы да ешбір салықсыз жүргізіледі.
«Омбы облысының барлық дуандарында орыс зерленген теңгелер мен мемлекеттік ақша ішкі губерниялардағыдай еркін айналымда болады» делінген
«Теңге айналымы» атты тармақшада. Ақша мен теңгеге қазақтардың ешбір қысымсыз жасап шығарған бұйымдары мен өнімдерін сатып алуға болады. Ал айырбас сауда бұрыңғы қалпында өрістей береді.
«Кедендер» тармақшасында «шынайы мемлекеттік шекара бекітілгенше кеден мекемелерінің жүйесі Сібір белдеуінде алдағы уақытта да қала беретіні»
айтылған. Сібір желсіндегі кедендер бұрын белгіленген қадағалау белгілерімен сол қалпында қала бермек. Салық ақша жинау да сол қалпы. 1800 жылғы жарлықпен желілер ішінде көшіп – қонуға ауысқан қазақтардан алым алу жөніндегі жеңілдіктерді айтулы мерзімде бұрынғысынша сақтай тұрған жөн. Алайда қазақ даласының нақтылы шекарасы болмағандықтан басты сауда орындары – Қызылжар мен Семейді айлақты кент деп атауға болмайды, сондықтан олардағы керуен саудасына бірінші ғана емес, екінші гильдалы деген атақ беріледі. Сібір желісіне шығатын шет жерліктердің бәрі оған қырдан алған, кеден жазып берген рұқсаттарын көрсетуі керек. Олар үшін бұл қағаз қала немесе земство басшылығы берген төлқұжат есебінде жүреді. Сол секілді желі қазақтарын қосқандағы Ресей бодандары да кедендер мен шекара күзеттерінен өткенде әдеттегі ішкі төлқұжаттарын көрсетуі керек.
Бесінші тарау – «Сот аманаты». Қазақтардың күллі сот ісі үшке: а) қылмыстық; б) іздестіру; в) басқармаға арыз – шағым беру болып бөлінеді. Қазақтарға қатысты қылмыстық істерге: 1) мемлекетке опасыздық; 2) кісі өлтіру;
- барымта мен тонау; 4)өкіметке ашықтан ашық бағынбау жатады. Басқа істердің бәрі де тіпті ұрлықтың өзі әдет – ғұрып өзгермейінше, арызданып іздестіруге жатпайды.
Тараудың алғашқы тармағы «Қылмыстық істер» деп аталады. Алдын ала тергеу жүргізіп алмай, қылмыстық сот құрылмайды. Тергеу дуан әмірлігінің қарауына түседі. Мұндай жағдайда дуан әмірлігінің мәні ояздық сотпен бірдей. Оның тергеу жүргізген мүшесінің шешім шығарар даусы болмайды. Қылмыстық істер жалпы мемлекеттік заңдар арасында басым дауыспен шешіледі. Сот ісінде аға сұлтанның тек төрағалық қана құқығы болады. Қылмыстық істер жөніндегі шешім облыстық соттың тексеруіне түседі.
«Арызданып іздену істері» деген екінші тармақта күллі зерттеу жүргізу ісінің ауылдар мен болыстардағы билер арқылы жүргізілетіні атап айтылған. Ол істі билер қазақтардң өз салт – санасы бойынша ауызша шешеді. Мұндай ұйғарым табан аузында орындалады да. Егер кімде кім билердің шешіміне разы болмаса, айқын дәлелдемелерін айтып, облыс басшылығына жазбаша арыз түсіріп, істі қайта қозғауына болады. Облыс басшылығы дуан әмірлігі арқылы мұндай іске зерттеу жүргізіп, оны қыр қазақтарының заңмен шешеді. Негізсіз шешім шығарғаны үшін билер өз өкілеттілігін асыра пайдаланғаны анықталғанда ғана жауапкершілікке тартылады.
Үшінші тармақ «Төменгі басшылықтың үстінен жоғарыға арыз – шағым айту жөніндегі істер» деп аталады. Старшындардың үстінен берілетін арыз сұлтандар мен дуанға түседі. Сұлтандардың үстінен арыз аға сұлтанға айтылады да, ол мәні азырағын ауызша шешіп, маңыздысын облыс басшылығына жібереді. Олардың жазықтылары заң бойынша соттасады. Қазақтардың үстінен түскен арыздар мәнсіздеу болса, оны офицер мен жасақ бастығы тексеріп тындыра салады. Елеулі қылмыспен әшкереленгендер басқа да жай қазақтар сиқты сотқа беріледі. Қырда түрлі себептермен жүрген керуендер мен орыс кісілерінен түскен арыз сұлтандарға беріледі де, олар оны белгіленген тәртіп бойынша әрі қарай жылжытады.
Алтыншы тарау – «Айрықша заң күшін беру». Айрықша заң күшін беретін дүние, дәрігерлік істер, уақытша тиым салу (карантин), рухани саладағы ағарту жұмыстары мен қайырымдылық мекемелері. Тармақтың алғашқы буыны дәрігерлік жұмыс. Әрбір дуан қызметшілері үшін және жай адамдар үшін екі емгер белгілейді. Дуандарда тұрақты ауруханалар болады. Бұл ауруханалар көбінесе қазақтардың кедейлерін және науқастарды сыйғанынша қабылдайды. Ауруханалардың күтушілері кедей қазақтардан қабылданып, қоғамның есебінен ұсталады. Дәрігерлік заң күшін беру дивизион докторымен байланысты дуан әмірлігінің қарауында болады. Медицина қызметкерлері қазақтар арасында шешекке қарсы егу жұмыстарын жүргізуге мүмкін – қадірінше күш жұмсауы шарт. Медицина шенеуніктері ауруларды емдеу үшін дуан көлемін аралап тұруға тиіс.
«Уақытша тиым салу (карантин)» атты екінші тармақта мал індетінің алдын алу үшін Сібір желілерінде бірқатар жерден тыйым салу нүктелерін ұстау бұрынғысынша қала береді. Егер малдың індеті желі ішінде күшейіп кетсе, онда тыйым салудың кері әсері болып, қазақ даласын аман сақтауға қызмет етеді. Алайда ол күзет облыс басшылығының қамқорлығы мен жауапкершілігінде қала береді. Егер мал індеті қырға жайылса, дуан әмірлігі ол жайында жедел таяу дуанның бастығына хабар беріп, желіде тиісті шаралар қолдануын талап етеді. Сонымен қатар ол зақымданған болыстар мен зақымданбаған болыстардың арасындағы кез келген қатынасты тыйып, оңтайлы жерден бекеттер орнатады. Дуан өріс өзгертудің қажеттігіне қазақтардың көзін жеткізеді. Дәрі – дәрмек жеткізіп береді. Күмәнді табындарды тексеру үшін жылжымалы пункттер ұйымдастыруға тырысады. Сұлтандар мен старшындар бұл іске қолда барымен көмек көрсетіп, байқалған кесел жайында жедел хабарлап отыруы керек. Оны елемеудің әрбір сәті оған кінә болып тағылады.
Рухани және ағарту саласында заң күшін беру жөніндегі үшінші тармақта
«Былайша қарағанда, қазақ – қырғыздардың қазіргі діні мұсылмандықтан гөрі тәңірлікке жақын, мұның өзі олардың көбін ғайсамандыққа (христиандыққа) енгізу үмітін туғызады» дейді. Бұдан облыс басшылығы қырда ерекше қызмет атқарып, түздіктерді титтей де күштемей, сендіріп иландыру ісін, түсінік жұмыстарын өрістетуі керек екені ал дегеннен – ақ аттан салып тұр. Егер бәз – бір аймақта мыңға тарта адам ғайсамандыққа кірсе, облыс басшылығы ол дуанда шіркеу салдырып, жергілікті поп ұстауы үшін жәрдем сұрауға міндетті. Поптар өз жанынан жеткіншектерді заңға, оқып – жазуға және арифметиканың алғашқы амалдарын үйрететін мектеп ашып жалпы басшылыққа халықтың сауатын ашуда қол ұшын беруі керек. Сұлтандар мен старшындардың балалары желілерде ашылған әскери жетімдер бөліміне оқуға түсіп, қазына күшімен білім алуына болады. Бұл балалар оқып білім алып, арифметиканы меңгерген соң ата – аналарына немесе ағайын – туғандарына қайтып оралуына не қызметке орналасуына болады. Әрбір қазақ өз ұлын империя ішіндегі оқу орындарына орналастыруға хақылы. Дін иелері жанындағы мектептерден өзге оқу орындарына қазақтардың түсуіне тиым салу былай тұрсын, қайта оқуына көмек көрсетіледі.
«Қайырымдылық мекемелері» атты төртінші тармақта «әрбір дуанның әмірлігі өзіне сеніп тапсырылған халықтың кедейшілікке ұшырап тарыншылық көрмеуін қадағалап отыруға тиіс» екені атап айтылған. Бұл үшін ол даңғаза дырдуды жоюы керек. Қаңғымалар, қоғамдық мекемелер жанындағы орындарға, ауруханаларға орналастырылып, ауқатты қазақтарға жұмысқа беріледі және ондай жағдайда екі жақты келісімге қол жеткізіледі. Мүгедектерді, кәрі – құртаңдарды, есінен ауысқандарды, жалпы өз еңбегімен күн көруге жарамайтындарды айрықша қамқорлыққа алып, қоғам назарында ұстайды. Осы тектес адамдарды асырау үшін әрбір дуанда мүсәпірхана есебінде үкіметтен бестен – онға дейін киіз үй ұстап, олар үшін аурухана қызметі көрсетілуге тиіс.
Жетінші тарау – «Жауапкершілік». Негізінен мұнда басқару мәселесі сөз болады. Басқарманың жауапкершілігін Сібірді басқарудың жалпы аманатына тіркелген ереже анықтайды. Қазақтар тарапынан ұшырасқан тәртіпсіздік пен бейбастақтық үшін сұлтандар жауап береді. Талау, тонауға немесе барымтаға жол бергені, онымен де қоймай оған өзі арласқаны әшкере болған сұлтан бірден сотқа тартылады. Дуан әмірлігіне бағынбағаны және шетжерлікпен дұрыс қарым – қатынас жасамағаны үшін де сұлтан сотқа беріледі. Дуанның әрбір мүшесінен қысым жасағаны немесе қызмет бабын пайдаланғаны үшін жуапты. Дуан өзіне сеніп тапсырылған күзеттің қимыл – қарекеті үшін де жауап береді. Әмірлік, сұлтандар мен дуандар өзіне сеніп тапсырылған қазына һәм қоғам мүлкі үшін жауапты.
Сегізінші тарау – «Облыс басшылығына айрықша аманат». Облыс бастығы ішкі тәртіпті және сыртқы қауіпсіздікті сақтау үшін барлық тәсілді қодануға міндетті. Сол үшін оның орын алған тонау мен шыққан бүліктің ізіне түсуіне, сондай – ақ, жат жерліктердің шабуылын қолына қару алып тойтаруға хақысы бар. Облыс бастығы Ресейге тәуелсіз жерлермен екі жақты тыныштықты сақтауы үшін сауда істері жөнінде де оң шарттар жасауға және соған ерекше ұмтылуға міндетті. Мұндай шарттардың жоғары үкіметтің бекітуіне ұсынылатыны өз – өзінен айқын. Облыс бастығы қазақтардың сауат ашуына, үй салуына қамқорлық жасайды. Қазақтар тұрған жерді еленетін ету үшін белгілеп береді. Жалпы тәртіп бойынша қажет жерде бекініс бастығы қырдағы жағдайды көзбен көруі үшін өзі шығады немесе айрықша шенеуніктерден жасақталған топ жібереді.
Тоғызыншы тарау – «Қазақтардың айрықша құқығы және әдет – ғұрпы». Ресей боданы бола тұрып әрбір қазақтың қоғам мен өз бастығының рұқсаты арқылы Сібірдің көшпелі бұратаналарына қойылар тәртіп пен құқық негізінде өз мұқтажы, кәсібі мен жұмысы үшін қайда барғысы келсе сонда баруына болады. Басқа да Ресей боданымен бірдей қазақ қырында қыдыруына, заңдастырылған төлқұжат пен көрші губернияға кеден арқылы барып – қайтуына әр қазақтың хақысы бар. Әрбір қазақ қаласа басқа мемлекеттік тарапқа өтіп, империя ішінде қоныс тебуіне, қызметке кіріп гильдияға жазылуына болады. Империя ішінде уақытша бас бостандығымен жүрген қазақтар жергілікті басшылыққа тәуелді, ал басқа тарапқа көшкенде ол соның барлық міндетін атқарады. Міндетті салық төлемін өтеп басқа тарапқа өткен қазақтар бесжылдық жеңілдігін, рекруттардан азаттығын пайдалана алады.
Осы жарғы бойынша ұйымдастырылған болыстарда қазақтарды 1808 жылғы жарлық бойынша таза иелікке алу тоқтатылады, қарауындағы қазақтарға помещик сияқты иелік етуге ешкімнің хақысы жоқ. Бірақ болыс әкімдері оларға халық келісімімен, жоғары басшылықтың рұқсатымен билік ете береді. Сондықтан да кез келген қазақ сұлтанның қысымынан құтқар деп таяу тұрған басшылықтан сұрауына хақылы. Қазақ арасында жүрген өз басында еркі жоқтар өз иелерінде қала береді, бірақ оларды сатуға, басқа біреуге, мұра ретінде қалдыруға қатаң тиым салынады. Аталмыш құлдар мен күндердің саны дуан әмірлігіне белгілі болуы керек, әрі оларды басқа біреуге беру оның рұқсаты арқылы ғана жүргізіледі. Кез келген қазақтың мызғымайтын мүлкі болуға тиіс.
Төрелер қазақ арасындағы мәртебелі де құрметті, тегі асыл тұқымға жатады. Сондықтан да олар дүрелеп жазалаудан босатылады. Осынау ұстынмен қазақтарға жоғары Ресей үкіметімен қарым – қатынас жасауға толық еркіндік беріледі, сонда да төтенше депутаттық жіберу қажетсіз деп саналады. Алайда жоғары үкімет орнының ниет – пейіліне көз жеткізу үшін тұтас дуандардың сұлтандарына Санкт
- Петербургке бірлескен депутаттық жіберуіне болады. Ол сол дуанның есебінен халықтың келісімі бойынша аттандырылады. Ондай жағдайда Бас басқарма ол депутаттыққа рұқсат беріп, өз тарапынан бастап барар жасауыл тағайындайды. Жоғарғы үкімет келуі қажет деп тапса, ол депутаттық қазына есебінен жабдықталады.
Оныншы тарау – «Аталмыш жарлық – жарғыны іске қосудың тәртібі». Оның бастапқы тармағы – «Жалпы ереже». Осынау жарғы өзіне қолдау тауып бодандыққа адалдығы үшін ант берген болыстардан бастап біртіндеп іске қосылады да, олардан үлгі алуға желіге жақын көшіп – қонып жүрген басқа болыстар шақырылады. Қырға төтенше жіберілген шенеуніктер мен облыс бастығының жазбаша үндеуі арқылы осы тәртіпті енгізген кезде Орта жүз қазақтарының Ресей үкіметінің ерекше қамқорлығы мен қолдауына ие болуы игі іс екенін бүкіл халық алдында жария етуі керек. Бодандыққа қалтқысыз берілгендер мен желінің ар жағында тұратындардың арасында құқық жөнінен ешқандай айырмашылық болмайтынын, олардың екеуі де ішкі желіге өтіп, қайтып оралуға хақылы екенін жариялаған жөн. Осыдан бастап барымта ел тонау деп табылып, кісі өлтірумен бара – бар саналып, кінәлілер қуғындалып, қатаң жазалатынын паш ету керек. Осы арада қазақтардың өзара қырқысқа жол беріп, бейбастақ тәртіпсіздіктің тізгінін тартпауы, біріншіден, көп ұзамай олардың өзін сорлататынын, екіншіден, ішкі құрылым мен тұрмыстағы жетіспеушілік салдарынан тұтас отбасылардың сақтануға болатын аурулардың өзінен опат болып жатқанын, үшіншіден, керек – жарақтың тапшылығынан қоғамның өзі аластаған қылмыскер алаяқтар саудагер пердесін жамылып, алдап – арбап отына қаратып кеткенін жетесіне жеткізе түсіндіру қажет. Аталмыш жарғының қазақтардың құқығына пайдаланатын міндеттеріне байланысты барлық баптары құлақтандыру сияқты олардың тіліне аударылып, басқа басылып шығуы және жариялануы шарт. Ақыр соңында бұл жарғы тәртіпті қабылдауға олар мәжбүр етілмейтіні, алайда оны қабылдаған соң кері шегінуге жол берілмейтіні жайында үндемей қалуға әсте болмайды.
Дуандарды облыс басшылығының қолындағы қаржысына қарай бірінен соң бірін ашу керек. Басқа болыстардан облыс басшылығының өкілдер талап етуінің, ешкімді де күштеуінің қажеті жоқ. Жалпы бұл жарғы – тәртіпті іске қосқанда иландыру мен дәлелдер келтіру тәсілін қолданып, оның дуанға кірген болыстардың қолдау көріп, қазақтарға қыруар пайдасы тиіп отырғанын баса айту қажет. Жаңа тәртіпті енгізудің табысты болуы облыс бастығының айрықша назарында ұсталуға тиіс. Ол мұның мәнін, тікелей пайдасын қазақтарға түсіндіргенде ақыл – парасатын барынша жұмсап қырағылықты сақтауы, енгізілер тәртіп қалт жіберілмей дәл болуын қарастырғаны абзал. Осы орайда Батыс Сібір генерал – губернаторының Бас басқармасының қарауындағы облыс бастығына ортақ пайда үшін өзіне қатысты барлық әдіс – тәсілді қолданып, қимыл жасауға айрықша билік беріледі. Өзінің қимыл – қарекетін ол Бас басқарманың талап – тілектеріне сай ойластырып, оған атқарған жұмысы жайында ақпар беріп, қажет кезінде көмек һәм рұқсат алып отырады. Дуан ашылғанына екі жыл өткеннен кейін облыс басшылығы көрсетілген ереже бойынша нақты қимыл жасайтын болады. Алғашқы екі жылда шенеуніктерді тиісіншеден көбірек пайдаланып, тәртіпті жиірек тексеруіне тура келеді. Ортақ игілігі үшін облыс басшылығы уақыт өте келе осы жарғыны өзгертуге немесе толықтыруға хақылы, бірақ жоғары үкімет бекітпейінше ештеңе енгізуге тиісті емес.
Осы тараудың екінші тармағы «Жаңа тәртіпке болыстарды қабылдау» деп аталады. Онда жаңа құрылым тәртібіне бір мезгілде алынған болыстардың санын олардың аталмыш басшылықта бекітілу тәсілімен салғастырып отыру жаңа жағдайдың бұрынғыдан тиімді екенін түсіндіруге мүмкіндік береді. Облыс бастығынан қабылдауды өтіну бұрын бодандыққа қалтқысыз берілгендікті айғақтау үшін жасалатын. Мұндай өтініштерді жоғары үкіметтің шешуіне жібермей, осы істің табысы және әрбір дуанның ашылуы жайында ғана хабарлап отыруы қажет. Жаңа тәртіптің енгізілуін айрықша игі салт – дәстүрлермен астастырып, қазақтардан өз әдет – ғұрпы бойынша ант алынуы тиіс. Дуандарды ашқан кезде сайлау өткізіліп, тиісті той – тоймалақ жасалады. Алғашқы сайлауды келесі жылдың тамыз айында мезгілінде өткізіп, сол кезден екі жылдық және үш жылдық мерзімде бастауы шарт. Жаңа тәртіп енгізілер алдындағы жылда кездескен барымта дауын бұрын естен кеткендей емес, зерт жүргізу тәртібімен шешкен дұрыс.
Бұл тараудың үшінші тармағы – «Жаңа құрылымның тәртібіне түспеген болыстарға көзқарас». Жаңа құрылым жағдайына түспеген болыстар қазіргі желінің арғы жағында қазақтармен бірдей деп саналады. Олардың бейбастығынан сақтану үшін ашылған дуандарды жолайрықтарымен және бекеттермен қоршап қою қажет. Осы жарғы бойынша ашылған болыстарда ұшырасқан барымта мен кісі өлтіру оқиғаларының ізіне түсіп, әскери сотқа беріп, жапа шегушілерді қанағаттандыруы қажет. Олардың жерінен өткен керуенге күш көрсету де солай жазалануға тиіс. Дуан аумағында тұратын қазақтардың ісін олардың тұрған жерінің тәртібіне қарай шешкен жөн. Әзір мұндай ішкі құрылым енгізілмейтін Кіші жүз қазақтарына жаңа тәртіпке кірмеген қазақтар сияқты қарау жөн. Егер тұтас дуан құруға келмейтін көптеген ауылдар мен болыстар жаңа құрылым
жағдайына енуге өтініш етсе, көрші дуанның әмірлігіне тәуелді айрықша бөлімше ашып, олардың көбейіп, өз дуанын құруын күте тұрған дұрыс. Не болмаса оны ұйымдасқан дуанның келісімімен соның құрамына қосуға болады.
Төртінші тармақ – «Желінің жылжымалы мүлкі». Күзет есебінде Сібір желісі мәңгі – бақи тұра берер нәрсе емес. Алайда қазақтар алып жатқан жерде тәртіптің тарауына байланысты күзет ілгері жылжып, ақыр аяғында нақытылы мемлекеттік шекараға жетіп тұрақтап тұрып қалады. Бекеттер мен жолайрықтардың қырда уақытша қалу – қалмауын қажетіне қарай облыс бастығының өкімі шешеді. Желілерден шекараға нақты көшуіне жоғары үкіметтің рұқсатынсыз жол берілмейді. Бұндай құрылымға дер кензінде байыпты да жан – жақты жоспар ұсынылып, желі күзетіне тиімді жергілікті жағдай ескерілуі керек.
Сондай – ақ жарғыда Орта жүз қазақтарын басқаруға байланысты ұсынылатын қызметкерлерге қазынадан төленетін жалақының мөлшері де белгіленген. Аға сұлтанның жалақысы жылына 1200 сом. Екі Ресей мәжіліскерлері – 1000, екі қазақ мәжіліскерлері – 200, хатшы – 900, әрі столбасы болып саналатын екі тәржімашы – 160, үш тілмаш – 300 сомнан жалақы алады. Жаңа құрылым тәртібі енгізілгенде қырда бұндай дуандар сегіз болады. Олардың ішкі басқаруға кетер шығыны 240.000 сом. Дуандардың ашылуына орай қырда тиісті құрылыстар салу үшін әрбіріне 30.000 сомнан ақша бөлінеді.
***
Міне, бұрын тұтас әулет, бүтін ру болып бір – бірінен ажырамай біте қайнасып біртұтас отырған халқымыздың бауырмалдығына нұқсан келтіріп, бөлшектеп тастамақ болған «Жаңа ереженің», яғни «Сібір қазақтарын басқару жайындағы жарғының» ұзын – ырғасы осындай. Сібір қазақтары деп отырғаны – Орта жүз, халқымыздың оннан төртінен астамы. Патша үкіметінің әкімшілік бөліністі әуелі содан бастауында зымиян сыр бар. Осы тұста оның уысында екі – ақ жүз бар еді. Кіші жүзді уақытша қоя тұрып, Орта жүзге ауыз салуы сол кезде шеңгеліне түсірген қазақтардың үштен екісін айтқанына көндіріп, айдауында жүргізіп әбден езіп – жаншып, ұлттық өрліктен, халықтық еріктен айыру екені бесенеден белгілі.
Бірақ жарғының барлық талабы бұлжымай еш өзгеріссіз орындалды десек артық болар. Оған өзгерісті сол өмірдің өзі – ақ енгізді. Ең алдымен аға сұлтан тек төре тұқымынан болуы керек дегенге дүйім ел онша көне қоймады, орталарынан өз көшбасшыларын шығарды. Сондықтан жоғары жақтың пейіл бермегеніне қарамай қарапайым қара қазақтың арасынан Құнанбай Өскенбаев, Шоң Едігенов,
Ерден Сандыбаев сынды ел адамдары аға сұлтан болып сайланды. Ал болыстардың дені кейін қазақтардың өз ішінен тағайындалды. Олардың арасында тіпті әйелдер де болды. Аты аңызға айналған Ақкелін болысының шығуы содан.
Ал ауылға бөліп тастасақ, бір – бірімен аралас – құраласы азаяды деген де бос дәме болып шықты. Ата қуалап, ру боп бірігудің тамырына мүлдем балта шабу үшін кейін патша әкімшілігі ауылдардың атын жалпы жойып, оларды нөмірлеп те көрді. Алайда қазақтың бір ауыл, бір бауыр болып қауымдаса қоятын қасиетіне ол да көлеңке түсіре алмады. Әйткенмен, орыс әкімшілігінің осындай іс
- әрекеті отаршылдықтың сұрқия сипатын бар болмысымен ашып беріп тұр емес пе! Халықтың ашу – ызаға булығып, бас көтеруінің де бір себебі осы болса керек.