06.02.2022
  219


Автор: Сарбас Ақтаев

Айғанымның жаңа ордасы жайында бір әңгіме

1994 жылдың қоңыр күзі еді. Биағаңның (Бейімбет Майлиннің) Қостанайдағы тойына жолымыз бірге түскен Алтыншашпен, кәдімгі халық қалаулысы, жазушы Жағановамен «сапар оң болсын» айтысқан соң оның салтанаттан кейін аз күн тынығып алғалы Оқжетпеске бара жатқанын білдім.



  • О, онда Көкшеге де жолымыз бірге түсті ғой. Жол–жөнекей Ақан серінің жаңа ауылына соғамыз. Сәл бұрыс болады.

  • Ой, Айғаным анамыздың ордасын міндетті түрде көру керек. Мүмкіндік болса бейітінің басына барып, зиярат етіп, дұға оқып қайтқан жөн. Әйтпесе аруақ аттағандай боламыз. Айғаным–ананың басына міндетті түрде барамыз, - деп ол ойын айшықтай түскісі келгендей «міндетті түрде» дегенді шегелей тағы да қайталады.


Айтқандай–ақ, той аяқталысымен тура Көкшетауға тарттық, ұлы жазушының жүз жылдық мерейтойына Бурабай басында демалып жатқан жерінен арнайы келген Сәкен Жүнісов пен Қалдарбек Найманбаев Қостанайдан бізбен бірге қайтты. Шекарада Борлық өзенінің үстіндегі биік көпірдің тұсында бізді Айыртау ауданының әкімі Армия Әбілқайыровтың өзі қарсы алып, Шоқан салған суреттер бойынша қалпына келтірген ордаға бірден бастай жөнелді. Ханшаның зираты соның тап түбінде екен. Жолай аятты Ақан серідей сұңғыланы, Науан хазіреттей ғұламаны ертеден зерттеп жүрген Сәкен оқымақ боп келе жатқан–ды. Бейіт басына келгенде ол «әй, күліп қойып, құран сөзін шатастырып алармын» деп қипақтауға айналды. «Онда рұқсат етсеңіздер өзім–ақ оқиын деп шарта жүгініп отыра қалған Алтыншаш «ясиннен» бастап, «кұлһуалланы» үш қайтарды: мақамы да, мәнері де әп–әдемі. Бұрнағы жылы Президентпен бірге бір топ қаламгер Түркияға барып, Ыстамбұлда болғанымызда Ая–София мешітінде садақа беріп, Ұлы Отан соғысында опат болған әруақтарға құран бағыштатқаны есімде. Зайсандағы зілзала зардабын шеккендер үшін шыр–пыры шығып, шырылдап жүретіні, аналар мен балалардың жағдайын жақсарту жөнінде талай толғақты мәселелер қозғап, дамыл, тыным таппайтыны, қазір де мәдениетіміздің қам–қарекетіне көп толғанатыны ойыма оралып, «осы Алтыншаш та Айғаным сияқты ел анасы болуға бет бұрып барады–ау, шамасы!» деген пікір қылаң етті. Осынау ойдың әсері ме, ендігі бір әзірде оның аты аузыма түспей «Айғаным!» деп қалғанымды өзім де аңғармаппын.


 


Айғанымның жақында қалпына келтірілген ордасы Шоқан шығармаларын зер салып оқығаннан бері көз үйренген суреттерді тірілтіп, қаз–қалпында алдымызға алып келгендей. Биік күмбезді мешіт, қаңылтыр шатырлы үлкен қоңақ үй, ұзынша келген әсем медресе ғимараты, уыз қарағайдан қиып жасалған ас үй мен сарайлар, аула ортасындағы қайыңнан буып шегенделген тұтқалы құдық, айнала сырғауыл шарбақ – бәрі–бәрі көзге оттай басылатын таныс суреттер сияқты. Міне, есіктен төрге дейін тай шаптырым дағарадай қоңақжай. Кезінде қазақтың хан мен қарасы, жақсы мен жайсаңы жиылып мәжіліс құрған құттыхана. Осының төрінде сөз салыстырып, жыр жарыстырып, Орынбай мен Арыстанбай, Ақан сері Есенбай секілді ақын–жыраулар мен әнші сазгерлер де отырған ғой. Ән әуелетіп, күй күмбірлетіп, жыр селдетіп отырған сол сал–серілердің саңқылдаған үні қазір де құлақта жаңғырып жан тербірентетін тәрізді. Орыс саяхатшыларының жол жазбаларын еске алсақ, анау төргі бұрышта терезеден түскен жарыққа қарай түсі сан құбылып, сәуле шашатын биіктігі екі метрдей үнді вазасы тұрған. Түстікке қараған төрт терезенің түбінде жиырма пьесалық орган болған. Органның Алматы консерваториясына жетпісінші жылдары әрең келгенін ескерсек, бұдан екі жарым ғасыр бұрын жасаған орда иесінің мәдениет деңгейі қандай екенін бағдарлауға болады. Есіктен төрге дейін тұтас алып еденде түсі тотының қанатындай алуан бояумен құлпырып түрікпен кілем жатады екен. Оны мешітке әдейі арнатып, Абылай ханның өзі түрікпен шеберлеріне тоқытса керек. Бір өзі бір нарға жүк сол кілемді бертін бандылар тығып қойған жерден тауып алып, он екіге бөліп, қиып–қиып тастапты. Сәбит Мұқанов оның бір бөлігін өз көзімен көргенін, сол екі құлаштай шаршыдан–ақ кілемнің түсі көзің жауын қалай алғанын жазады.


Оң жақ бұрыштағы ханымның жатын жайына бас сұққанда жиегі оюланған кимешектің үстіне қарқарадай күндік салған, мамырлаған мама қаздай мол денелі ақ әженің тізесіне басып сап еркелеп жатқан шәкірт Шоқанның шашын сипап шұқылап шаһар тұрмысын сұрап отырған кескін–кейпі көз алдыңа келгендей. Аруағына тағзым етіп, үнсіз бас идік, әрине Қазақ әйелдерінің арасынан алғаш хан міндетін атқарып, Орда жүздің бір кездегі билеушісі болған Айғаным анамыз ғой ол.


Ресей әкімшілігінің ресми құжаттарында Уәлидің ханша Айғанымы деген атпен әйгілі ханым хан тұқымынан емес, қара халықтан шыққан. Атығай елінде қарапайым қазақтың отбасында дүниеге келген. Әкесі Сарғалдақ Құдайберді– Бәйімбет арасында бала оқытқан ұстаз молда. Атасы Мәлім қожа да оқыған, көзі ашық, кезіндегі білімді адам болған. Ол өз білгенін балаларына үйретіп, сауатын ашып қана қоймай, олардың ілгері, іргелі жерден оқып, білімді де білікті азамат боп шығуына көп көңіл бөлген. Сондықтан да ол Сарғалдағын сонау Қара Бұқарда оқытқан. Он екі пәнді түгел тәмәмдап елге ғалым–ұстаз болып оралған баласы ел ішінде бірден зор абырой–беделге ие боп, кейін билікке де араласқан. Жұрт оны айтқаны айна–қатесіз келетін көріпкел, әулие деп құрмет тұтқан. Озық ойлы Сарғалдақ ұлдарының ғана емес, қыздарының да оқып, білім алуына айрықша мән берген. Соның арқасында Айғаным да жүйелі білім алып, жеті


 


жұрттың тілін біліп өседі. Ол әкесінен араб, парсы, шағатай тілдерін үйреніп, шығыс ойшылдарының шығармаларын көп оқиды.


Осылай алаңсыз оқып, жауқазындай желкілдеп бой жетіп келе жатқан шағында ауылға Абылайдың тағына ие болған баласы, атақты Уәли хан келді өз нөкерімен. Ханға еріп келген әнші–күйшілер мен саятшы–серілердің өнерін тамашалауға жиналған жұрттың ішінен өңі аршыған жұмыртқадай аппақ, сұңғақ бойлы ботакөз бойжеткен ханның көзіне оттай басылады. Тарам–тарам етіп өрген мойыл қара шашы, күлкі үйірген кірпігі мен әдемі қыр мұрыны сирек кездесер сұлудың сымбатын айшықтап аша түсендей. Жасының біразға келіп қалғанына,бұрын да үш әйелі қарамастан, хан қызға құлап түседі де, атасы Сарғалдаққа сөз салады.


Қыздың құны қырық жеті деп, кім мал берсе, сол алатын кез. Оның үстіне хан қолқа сап тұрған соң қожада қарсылық көрсетер хал бола ма: бірден келісім береді. Бірақ өткір, өжет Айғаным бұйрықтысына шартты өзі қояды. «Бурабай бауырында Уәлидің бір емес, үш әйелі, әлденеше баласы бар көрінеді. Оларға апарып қоңсы қондырмасын, мен десе мекенін осы жаққа ауыстырсын» дейді. Хан келісіп, қатын–балаларын Көкше етегіндегі мекендеріне қалдырып, өзі Есілге жақын жердегі Сырымбет тауына кеп қоныс тебеді.


Уәлимен отасқан жиырма шақты жылдың ішінде Айғаным оннан астам құрсақ көтеріп, Әбен, Мәмке, Шепе, Шыңғыс, Қанқожа, Әлжандай алты ұл мен Рақия, Нұрила атты екі қыз өсірді, төрт нәрестесі жастай дүние салды. Қанша бала


–басты болғанмен табанынан от шыққан уытты, ажарына ақылы сай алғыр Айғаным ханның өзін ғана билеп–төстеп қоймай, оның еліне бірге басқарысады. Кең пейілі мен кемеңгерлігі, мейірбандығы мен меймандостығы арқасында алыс– жақынға бірдей жағып, орта жүздің игі жақсыларының ғана емес, патша әкімшілігінің келім–кетіп өкілдерін де баурап алады. Сонан болар, отыз жеті жыл хандық құрған Уәли жасы жетіп, мың сегіз жүз он тоғызыншы жылы дүние салғанда Ресей патшалығы оның төрт ханымнан туған толып жатқан ұлдарының бірін емес, Айғанымның өзін тақ иесі деп таниды. Ол кезде Айғанымның өз кіндігінен тараған ұлдарының алды он төрт–ақ жаста еді. Абылайдай азуы алты қарыс біреуі шығып, тағы да бой бермей кете ме деп қауіп ойлаған патша үкіметі тақтан үміткер Уәлидің бауырының баласы Сартайды да, шын мәніндегі мұрагер, бәйбішеден туған тұңғышы Ғұбайдолланы да қырына алып, жер аударып жібереді. Отаршылардың ондағы ойы кілең көкжал сен тұр, мен атайын төрелерден илеуге оңай әйел затын қолайлы көруі еді.


Қазақтың арғы–бергі тарихында билік айтқан әйел аз болмағанымен, хан атанып, таққа отырғаны жоқ еді. Болса да олардың аты бертінгі ұрпаққа жетпей, ғасырлар қойнауында қалып қойған–ды. Сол себепті Айғанымды орыс патшалығы хан деп білгенімен, қазақтың өзі билеушіміз деп танығысы келмеді. Оның үстіне айбынды да айдынды Абылай ақыл–айламен басын біріктіріп егеулі найзамен жат жұрттан қорғап, іргесін бекітіп кеткен хандық Уәлидің «сен тимесең, мен тимен» дегендей сылбыр саясатының салдарынан бұрынғы беделінен айрылып, ауа жайылып, азайып ыдырауға бет алған–ды. Осындай қиын


 


–қыстау кезеңде билік қолына тиген Айғанымның соңынан соқпақ салып, елді бірден аузына қаратып ала қоюы оңай емес еді.


Қалай болғанда да отыз жеті мүшелінде хан міндетін атқарып, он үш жыл ел билеген ол керемет көрегендік танытып, қазақ халқының болашағы орыс жүртымен тату көршілікте, достық қарым–қатынаста екенін тап басып, тани білді. Ілгері елдердің көшіне ілесу үшін өнер–білім, оқу керек екенін терең түсінді. Заманмен, қоғаммен өрелес болуы үшін ескіше сауатты боп қана қоймай, орысша да оқу керек деп ұқты. Өзгеге өнеге көрсетіп,алдымен өз балаларын орысша оқытты. Әсіресе, төртінші ұлы–Шыңғысқа үлкен үміт артып, көзі қарақат ана қара шаңырақ, хан ордасының болашақ иесін көргендей болды.


Ол 1830 жылы наурыздың 16 жұлдызында Көкшетау округінің бастығынан Ресей үкіметіне адал берілген ұлы сұлтан Шыңғыс Уәлиевтің орысша оқып, жазумен, саясатпен шұғылданғысы келетінін, ханшаның өтініші бойынша облыс бастығы оны Омбы училищесіне қабылдауға келісім беріп, оқитын жеріне жетуіне ауызша рұқсат еткенін айтып, Омбыға барар көлігіне көмек көрсетіп, мұрсат беруін өтінеді. Келесі жылғы бір хатында ол Омбының облыс бастығынан орысша оқып, білім алуы, пайдалы ғылымдарды үйренуі үшін балалары Шыңғыс пен Төрежанды сондағы училищеге қалдыруын өтініп, Омбының азиялықтар училищесіне тобыл татары, молда Уәлитше Оразымбетовтың ұлы– Мұқаметқалиды да шәкірт етіп түсіруін сұрайды.


Осы өтініштерінің өзінен–ақ Айғанымның жастарға деген қалтқысыз, ұлтқа, жікке, текке бөлмейтін, алалықсыз ақкөңілділігі мен мұндалап тұрған жоқ па?


Мұқаметқали молда татардың баласы болса, Төрежан Уәлидің басқа әйелінен туған ұл, былайша айтқанда, күндестен туған томарбас. Бірақ Айғаным бөле–жармай, оқуға ынтасы бар жастардың бәріне бірдей көріп, қамқорлық аясына алады.


Асылы, ол қарақан бастың қамынан халықтың мүддесін жоғары қойған кісі. Қараңғы қазақ жұртының жарыққа ұмтылып, білім жолына түсуіне көп күш– жігер жұмсады. Сырымбетте қарапайым қазақ балалары үшін арнайы мектеп ашқызды. Мектептің тірегі де, тұтқасы да жан–жақта білімі бар мұғалім деп білген Айғаным әдейі сұратып оған Қызылжардан Құтмұхамбет Иманқұлов деген ұстазды алдырды. «Бұл молда менің маңымда жүрген мерзім ішінде өз міндетін айрықша ынта–жігермен атқарып, қажыр–қайрат танытты, - деп жазады: - Ол менің балаларыммен бірге төңіректегі қазақтардың 24 баласына тез–ақ хат танытып, тәп–тәуір сауатын ашты. Оның үстіне қарауымдағы жұрттың он бес баласын және оқытып шығарды. Өзім сияқты өзгелер де Иманқұловтың еңбегіне дән разы».


Омбыға барғанда биік мәртебелі үкімет алдындағы айрықша еңбегімен көзге түскен қазақ, қырғыз атқамінерлерінің награда алып жатқанына куә болған ханша Омбы облысының бастығы Де Сент–Лоранға: «Сіздің мәртебеңізге мына жәйді жеткізуді парыз санаймын: келесі кезектегі сый–сыяпатыңыздан ынталы да ықтиятты қызмет атқарып жүрген Иманқұловтың ұмыт қалдырмасаңыз екен», - деп жазады. Бала болашағының ұстасы – ұстаз еңбегінің еш болмауын, елеусіз қалмауын Айғаным содан–ақ ескерген, Ұста елемейтін елдің ертеңі жоқ, мектебін


 


құнттамайтын халықтың болашағы бұлдыр. Ал ханша өзі ашқан мектебінің оқу бағдарламасын жасауға тікелей араласып, оның орындалуын ұдайы бақылап отырған. Соның арқасында ұлдары мен қыздарына сапалы білім, саналы тәрбие берген. Шыңғыстың арғы–бергі тарихын, салт–дәстүрін терең білетін білімдар, Қанғожаның скрипка тартқанда теңдесі жоқ топ жарған күйші болуы да осыдан.


Айғанымның ең сүйікті немересі Шоқанның тәрбиесіне сіңірген еңбегі өз алдына бір төбе. Қазақ ойының жарық жұлдызы болашақ ұлы ғылым бес жасында хат танып, жеті жаста жеті жұрттың тілін білсе, ол тікелей әжесінің әсер–ықпалы. Сәби санасын өлең–жыр, аңыз-әңгімелермен, ертегілермен суарып, кішкентайынан–ақ сөз қадірін түсініп, өнерді әспеттеуге үйретті.


Жаратылысынан жаңашыл Айғаным қазақтардың мал шаруашылығымен қатар жер сүмесін еміп, егіншілікпен айналысуына да қатты көңіл бөлген. Жермен жұмыс істеп, егіншілікпен шұғылданудың қыр халқы үшін пайдалы екенін баяндап, жоғары жаққа талай өтініш түсіреді. «Егін салу үшін тұқымдық астық бөліп, жер өндейтін құралдармен жабдықтауға жәрдем етсеңіз екен. Қазақтарды егіншілікке үйрететін үш қызметші татар жіберіп, ұн тартатын бір диірмен салғызып, берсе тіпті жақсы болар еді» деп жазды ол Омбы облысының бастығына.


Әрине, егіншілікпен түбегейлі айналысу үшін ел ең алдымен отырықшыға ауысып, бір орында тұрақтап тұруы керек. Бұл бағытта да алғашқы үлгіні Айғанымның өзі көрсетеді. Патша әкімшілігіне қолқа салып, Сырымбет тауының етегінен қыстау тұрғызып, тұрақты мекен–жай салып беруін сұрайды. Ол өтінішті Батыс Сібірдің генерал–губернаторы П. М. Капцевич патшаның өзіне жеткізіп, бағалы бастаманың мәнін ашар мәлімхат жолдайды. «Уәли ханның аталмыш жесірі Айғанымның тілегін назарыңызға сала отырып, және өз тарапымнан оның өтінішін орындау пайдасыз емес екенін айта кеткім келеді... Мұндай шаралар басқа да белгілі сұлтандар мен оның бағыныштыларын отырықшы өмірге көшуге ынталандырар үлгі–өнеге болар еді», - деп жазады ол.


Александр патша Айғанымның тілегін қанағаттандырып, игі ниетінің жүзеге асуына жан–жақты көмек көрсету туралы жарлық шығарады. Ханымның өзіне төрт жүз теңге зейнетақы тағайындайды. Алайда патшаның жарлығына қарамастан құрылыс жұмысы табандатқан он жылға созылып, мың сегіз жүз отыз төртінші жылы ғана аяқталады. Қазір қалпына келтіріліп, мұражайға айналдырылғалы отырған мекен–жайдың іргесі алғаш осылай қаланған–ды. Оның құрылысына ханшаның өзі тікелей араласып, қонақжайдың ішкі қабырғаларын сылатпай, ақ қозының жүнінен басылған жұқа қатырма киізбен қаптаттырған.


Кеңес үкіметі орнап, орда бұзылғанда сол үй аудан орталығына көшіріп салынып, бірде почта, бірде мәдениет бөлімінің кеңсесі болып, бертінге дейін тұрды. Кезінде сол үйде Айғаным қазақ пен орыстың сүт бетіне шығар қаймағы сынды небір сұңғыла зиялыларын қол қусырып қарсы алып, кең дастарқанның басында елдің сан алуан көкейтесті күрделі мәселелерін шешкен ғой.


Өз заманының қоғамдық–саяси ахуалын жетік білген ол ел өмірінің ең бір күрмеуі қиын мәселелерін шешуге іркілмей кірісіп, не нәрснің болсын әділет тұрғысынан таразылануын қарастырды. Әділдігімен, алғырлығымен асқан абырой


 


–беделге ие болған ол ел басқарушылардың әділеттің ақ жібін аттамауын талап етті. Оның «Көкшетау дуанындағы қазақтардан сайланған аға сұлтандар мен мәжіліскерлер жарлық бойынша белгіленген мерзімінен артық отырып қалды.Тәжірибеде төбе көрсетіп қалып жүрген алымқорлықтың алдын алып, жолын кесу үшін және халықтың өз үні ғана қаракет–қимыл жасауды үшін сайлауға тіпті дуан мүшелері түгіл аға сұлтанның өзі де араласпағаны абзал», - деп жазуы әсте де тегін емес.


Осыған қарағанда Айғаным патша өкіметі ойлағандай айтқанға көніп, айдағанға жүретін қой аузынан шөп алмас көп момақанның бірі болғанға ұқсайды. Қажет жерінде тиісті талабын да қойып, қалтқысыз орындатып та отырған. Әсіресе, қазақ–орыстардың баса көктеп қазақ жеріне қоныс салуына жол бермеуге тырысады. Ондай оқиға кездессе, табан аузында жоғары жаққа хабарлап, шұғыл шара қолдануды талап етеді. Мәселен, Есіл өзенінің төменгі ағысы бойындағы орманды өз бетімен кесіп, үй салып, қыстақ жасай бастаған, қазақтарды қонысынан ығыстырып, малын өрісінен айыруға айналған қазақ– орыстардың қылығын естіп, бұндай бейбастықты дереу тию жөнінде дабыл көтерді. Осыған орай облыс бастығы де Сент–Лоран Қызылжар округінің бастығына былай деп жедел нұсқау береді: «Уәлидің ханымы мен өзге де ел ағалары һәм біраз билер маған өтініш арызбен келді. Есіл өзенінің төменгі ағысынан жоғары жатқан қалмақ–өткел алқабындағы бағзы заманнан бері қазақтарға тиесілі жерге екінші полктің қазақтары басып кіріп, жалпақ жатқан жайылымдық жерді жайлап, тұрғылықты халықты ығыстырып жатқан көрінеді. Осынау өтінішке тізімді қоса тіркей отырып, сіздің биік мәртебелі құзырыңызға шекарадағы кордан бастықтары мен земство полициясының қазақтардың рұқсатынсыз олардың жайлау–жайылымы бар жерде ағаш кесуіне, шөп шабуына жол берілмеуін ұсынамын».


Әрбір ескертпесінен осындай нәтиже шығарып отыруының өзі Айғанымның жоғары ұлықтар алдында айбын–беделі мол болғаны аңғартса керек. Сондықтан да патша үкіметі оның еңбегін ерекше бағалап, барлық іс–қимылын қолдап отырды. Ол өз дәуірінің күрделі қоғамдық–саяси мәселелерін шебер шешіп, өзара жерінің тағдырын талқылауға жан–тәнімен араласып, оны ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетірмеуге жанталасты. Қазақ қырының терістік өңірін геодезиялық жағынан зерттеуді ұйымдастырған орыс ғалымдарына қол ұшын беріп, қажет жерінде олардың жұмысына бақылау да жасады. Қазақстанның орталық және терістік өңірінің өзекті мәселелерін шешерде би болыстардың бәрі де Айғанымның ақыл–кеңесіне жүргінді. Бұл оның ел анасы болғанының белгісі. Ол 1822 жылы патша өкіметінің «Сібір қазақтары туралы жарлығына» орай хандық таратылып, дуандар құрылып, аға сұлтандық енгізілуін де сол аналық кендікпен, кемеңгерлікпен қарсы алып, басқарудың жаңа жүйесі жетілуіне елеулі үлес қосты.


Жасы елуге таянғанда бар билікті сүйікті ұлы Шыңғысқа тапсырып, елдің тілеуқоры болып, Айғаным тікелей ұрпақ тәрбиесімен айналысады. Балалары мен немерелері сауат ашып, оқып жаза білуі үшін молда ұстап, мұғалім жалдағанымен, олардың бас ұстазы өзі болады. Ел тарихын терең білетін ол өзі


 


куәгер болған оқиғалардың суретін көз алдына келтіріп, тілдің майын тамыза айтуы арқылы ұрпағының өнер–білімге деген ынтасын оятып, рухани жетілуіне игі ықпал етті. Ат ізін суытпай оның ордасына жиі келіп, қолынан дәм тататын айыр көмей әншілер мен алтын саусақ күйшілердің, жезтаңдай термешілер мен құйма құлақ қиссашылардың өнері, ел қамын толғаған көсемдер мен таңдайынан шаң шыққан шешендердің өнегесі жастар үшін үлкен бір мектеп болды. Өрнекті сөздің өзі де айтулы шебері, реті келгенде ойын өлеңмен де кестелей қоятын Айғаным сол өнерпаздардың көбімен қимасындай сыйласып, мұңдасындай сырласып, бауырына тартып, базынасын да айтатын. Сондай саңлақтармен риясыз адал адамгершілік қарым–қатынасы жайында ел аузында аңыз әңгімелер де аз емес. Сөз арасыңда солардың бірін қайталап, еске сала кетсек те артық болмас.


... Уәли хан қайтыс болып, бес дуанға намаз айтылғанда арғынның атақты Байдалы шешені жаназаға келе алмайды. Қысқа жіп күрмеуге келмей, «әне–міне келемін» деп жүргенде ханның қырқы да өтіп кетеді. «Қадірлес қария еді, ат ізін салмағаны несі, келіп көңіл айтпағаны несі?» деп ханның қаралы жесірі іштей өкпелеп жүреді. Күндердің күнінде Байдалы да келіп, орданың сыртында тұрып сапарынан хабар білдіреді. Алайда басы қаралы, жаны жаралы әрі өкпелі ханым шешенді қолтығынан сүйеп аттан түсіріп алуға сыртқа шыға қоймайды. Сонда шешен атының басын кері бұрып тұра қай:



  • Ханы өліп,


Қайғырып жатқан, Айғаным. Қара жамылып


Ай–күні батқан Айғаным. Ханға сүйеніп,


Қоқай көрмеген Айғаным. Қамқаға оранып,


Шоқан көрмеген Айғаным.


Мен бір сөз айтайын, тыңдашы, - депті.


Қара жамылып жоқтау айтуға оңтайлана берген Айғаным құлақ түріп тына қалыпты. Байдалы да тақпақтап төгілте жөнеледі:



  • Ер қартайды, мал тайды, Екеуледі, ей ханым.


Қатын жалқау, ұл ынжық, Төртеуледі, ей ханым.


Келін қатал кер болды, Ағайын жат ел болды, Алтаулады ей ханым. Кәрілік пен кедейлік, Егіз келді, ей ханым.


Мұның бәрін санасақ, Сегіз болды, ей ханым. Қаусаған жақ, иек бар, Саудыраған сүйек бар. Ауыл алыс жол болды,


 


Оннан асты, ей ханым. Шығар жолды осыдан Өзің тапшы, ей ханым. Құла бие құлындап,


Келе алмадым, ей ханым. Келдім енді, кетемін, Ықылассыз ордаға


Ене алмадым, ей ханым! –


 


деп атын тебініп жүре бергенде Айғаным жүгіре шығып шешеннің шылбырына оралды. Құрметтеп аттан түсіріп алып, қалтықтап ақ ордаға енгізеді. Төрге жайғасқан соң Айғанымның жоқтау айтып, жылауға ыңғайланып, мықынын таянғанын байқаған шешен:



  • Айғаным, сен жоқтау айтқалы отырсаң, мен тоқтау айтқалы отырмын. Жоқтауды қоя тұрып, тоқтауды тыңдасаң, қалай болар екен? – дейді.


Айғаным аңырып қалады да, Байдалы ағылып кетеді:



  • Қайрат деген қыран бар, Қайғыға тізгін бермейтін. Қайғы деген жылан бар, Өзекті шағып өртейтін Үміт сенім, тілек бар, Қуантып қуат алдырар. Жылау деген азап бар Қуратып отқа жандырар.


Мен қайғыңды қозғағалы келгенім жоқ, Қайратыңды қолдағалы келдім, Айғаным, - дейді.


Әдетте, мұндай қадірлі кісі келгенде ханым қара жамылып жоқтау айтып, ол тынғанда төрдегі сәлдесі қара қазандай молда сарнап, құранын күңіренте жөнеледі екен. Қаралы хаым одан сайын езіліп, егіліп, орнынан қозғалмай қайғырып ұзақ отырып қалса керек. Бұл жолы мұның бірі де болмайды. Байдалының келуі қайғылы орданың қалыпты тіршілігін қайта оралтқандай әсер етеді. Сыйлы қонағын өзі күтетін дағдысымен Айғаным орнынан тұрып шай қойғызып, мал сойғызады. Жел қағып, жол соғып, шөлдеп келген шешенге сары шарадан сапырып, өз қолымен қымыз құйып береді. Ханымның қабағы ашылып, жүзі жадырай бастаған соң шешен де еркін жайғасып, шешіле, көсіле сойлейді. Ауыл аймақтың амандығынан басталған әңгіме желісін кең тартып, құлашын еркін сермейді. Шешеннің нақылмен өрнектелген ақыл сөзі Айғанымға әр алуан ой салып, көңілі сергиін дейді. Көңіл кірін кетіргелі ханым да өз тарапынан өкпе– назын іркілмей айтады.



  • Ханмен сыйлас, халықпен сырлас қария едіңіз. Хан артында қара тұман қалды. Қалың тұманда малтығып мен қалдым. Қараңғыда көзсіз көбелектей қайда қарманарымды білмей, қапа боп қалғанда ат ізін салмағаныңызға өкпелеп те жүр едім. Мен сізді келер, келер де жылатар, жылатар да жұбатар, содан соң ханға


 


бағыштап жақсы бір аят оқыр деп ойлағанмын. Бірақ мұның бірін де жасаған жоқсыз. Сонда да мен сергіп, бір түрлі көтеріліп қалдым. Мұның мәнісі не? – деп сұрапты шешеннен ханым.



  • Келген беттен білместігіңді бетіңе айттым. Ол жылатқаным емес пе? Қайғырып жатқан жеріңнен тұрғызып, ас–суыңда өзіңе басқарттым, бұл жұбатқаным емес пе? Ал ханымның қайғысы жылаумен жеңілдемейді, ханның күнәсі құранмен жуылмайды. Сондықтан жылаулатпай, құрандатпай келгенім рас. Мүмкін менің сөзім сенің қайғыңды тереңдетпей, қайратыңды кемелдеткен болар,

  • дейді. «Оныңыз рас, рас», - деп басын изейді ханым. Бір жұма жатқан соң Байдалыға ат мінгізіп, құлынды бие жетектетіп, қамқа тон кигізіп,аттандырып салады Айғаным (Шешендік сөздер, Алматы, «Отау» баспасы.1992).


Абылайдан қалған сол қамқа тон Байдалы шешеннің Жаңарқа ауданындағы ұрпақтарында бертінге дейін сақталыпты. Зерттеуші ғалым, зерделі жазушы Ақселеу Сейдімбековтың айтуына қарағанда соны естіп Евней Букетов арнайы іздеп барып киіп көргенде тон еңгезердей Евағаңның тобығына дейін түсіпті. Соған қарап–ақ тон иесінің қандай атан жілік, аптал азамат болғанын бағамдай беріңіз.


Қазақтан да ондай бойы да, ойы да алып даналар мен алыпты өмірге әкеп, халықты аузына қаратқан аналар аз болмағаны ғой. Сондай халықтың қайнаған ортасынан жарып шығып, әйел затынан қазақтың тұңғыш ханы атанған Айғаным анамыз да өткен өмірден. Ол қайтыс болғанда: «1852 жылы қазан айының 19 күні мұсылманша бейсенбіде намаздігер кезінде қазақтың орта жүзінің ханы марқұм Уәлидің жесірі Айғаным Сарғалдаққызы жетпіс жаста дүние салды. 20-сы күні жұмада жерленді. Оның тоғыз ұлы бар еді: екеуі жас кезінде, екеуі жиырмалар шамасында қайтыс болған» деп арнаулы хабар берілді.


Айғаным Сәбеңнің «Аққан жұлдызында» Шоқанның анасы Зейнеп келіп боп босаға аттаған күні үзілді деп жазылады. Ал нақты деректер оның Зейнеп пен Шыңғыстың тұңғышы болашақ ғалым Шоқанды бауырына басып, кішкентайынан халық даналығымен сусындатып, сегіз кырлы, бір сырлы жігіт болғанын көзімен көріп, дүниеден озғанын дәлелдейді. Біздер қызықпыз ғой, Шоқанның өзін тәп– тәуір зерттегенмен оның төңірегін тасада қалдырып кете барамыз. Әйтпесе Айғанымның саналы өмір, сан салалы қызметі, соқтықпалы соқпақсыз ортасы өз алдына бір тарих, таусылмас сырлы шежіре емес пе?! Жақында Көкшетаудың Зеренді аудандық газетінен асық досым, бір кездегі белді партия, кеңес қызметкері Олжабай Нұрғалиевтың ол жайында жазғанын оқып қуанып қалдым. Біраз мағлұмат жинап, ханшаның суретін де тауып алыпты. Сол суретті көргенде


«Аққан жұлдыздағы» патша мүрагерін қарсы алған кездегі сән-салтанат еске түсіп, Айғанымның әсем бейнесі көз алдыма келіп тұра қалды. «Оның жарқ еткен шырайлы кескіні бұлт арасынан шыға келген күн сияқтанып, жалт еткен көзі ашық аспандағы жалтыраған шолпандай боп көрінді, - Әсемдеп суреттемеуші ме еді Сәбең. – Басында алтыннан әшекейлеп жасаған, өн бойы түрлі–түсті қымбат тастармен безендірілген, маңдайына сиырдың тобығындай үлкен жақұт орнатқан тәж, одан бетіне түсірген жұқа селдір ақ жібек шадыра, үстінде орысша парча, қазақша үштоп аталатын қызғылт түсті мауыты, оның өрнектері алтыннан:


 


мәнерлі шым жібектен тігілген көйлегі жерге сүйретілген қос етек; аяғындағы оюлы, кестелі биік өкше етігі тек қадам басқанда ғана көзге түседі: тоқпақтай жуан бұрымдары екіге өрілген де, ұшына жалпақтығы алақандай алтын шолпы тағылған, саусақтары мен білектері де қымбат жүзіктер мен сақиналарға толы». Неткен нәзік талғам, ғажайып нақыш десеңші! Сұлулығына сыр мен сымбаты сай келген ажарына ақылы сай осындай аналары болған қазақ халқы ешқашан өркениетті елдер көшінен қалмаса керек.


1994.





Пікір жазу