06.02.2022
  264


Автор: Сарбас Ақтаев

Баян-ноян хикаясы

Оқжетпестен Батысқа қарай Апалы–Сіңлі үш ару шыңдары Көкше биігімен ұштасқан тұста еңіске қарай жебедей шаншылып жағалай түзілген жасыл қарағайлар көмкерген айналасы ат шаптырым хан алаңы бүгін жер қайысқан қалың қол. Алаңқай төріне доғаша иіліп кеп тізіле қалған қыз қарағайларға арқа тіреген Тақыт-тасқа төселген қалы кілемде сол қолын беліндегі алдаспанның сабына арта салып, қарағанын емес, қалағанын көргендей жанарын қай-қайдаға қадап қаздиып отырған Абылай сәскеден бері жан-жағына көз тастап тіс жарған жоқ. Еңістегі ақпен өрген бұрымдай қарағай–қайыңы аралас өскен бір желі желекті орманның қойнауына қаз-қатар тізілген ақбоз үйлердің алдында сауық құрған жастардың тау-тасты жаңғырықтыра шырқай салған әні де, жерошақтардан аспанға тік шаншылып ұшқан түтін де селт еткізер емес. Оның қабағын баққандай бағана шапағы Көкшенің ұшар басындағы Шайтантасқа шағылып, төңірекке жалқын бір жібек сәуле себездеген күн көзі алашабыр бұлтқа еніп, өңірге де, көңілге де түсіргендей.


Күн болса түске тармасып қалды. Айнала алқа-қотан қаздай тізілген жұрт тықырши бастады. Ханның қалмаққа атанамыз деген хабарын алған бетте–ақ ордаға жиналған ел жарлықты ғана күтіп тұр. Жиналғандар және қазақтың кілең бір ығай мен сығай жақсы–жайсаңдары, сайып қыран батырлары. Олардың арасында кім жоқ дейсің; шөккен қардай қарт қыран Қанжығалы Бөгенбай, оның жас жолбарыс жеткіншегі Жантай, найзасын назағайдай ойнататын бәсентиын Малайсары, оттан да адуын балталы Оразымбет, оқтан да шапшаң сергелі Елшібек, өркеуде ержүрек паң Шақшақ Жәнібек қалмақтың тұтқынында ханмен бірге болған батыр Жәпек бар. Байжігіт, Тасболат пен Толыбай билер, әрі ақын, әрі батыр Қарабұжыр, тыңдаушысын топан жырдың толқынына тоғытатын Бұқар мен Тәттіқара жыраулар, ту баста Абылайды хан көтерген қарауылдың қамқоры Қанай шешен де осында.


Бұғаудағы арыстандай бұлқынып, «аттан» деген сөз шықса-ақ атқа қонып тұра тартқалы тұрған батырлар, тақа болмаған соң Абылайдың өзі аға тұтып қадірлейтін Қанай биді ханға салады.


- Хание, жауды жатқан орнынан басу үшін ертерек аттану керек еді, - деп Қанай би сөзін бипаздап бастады. – Ерте жүрген жолдан ұтады, кешіккен үлесінен құр қалады. Өңшең көкжал бөріні Бурабайдың жағасына жинап, иіріп отырғаның қалай? Екі иінін жұлып жеп жау тілеп тұрған көкжалдарды атқа қондырмайсың ба?


- Баян, батыр Баян қайда?- деп хан ойын қарсы сұрақпен өреді. – Аруақты атынан–ақ қалмақтың қарадай жүрегі ұшып, құты қашатын Баян әлі келмей жатыр ғой. Дұшпанын өрттей жапырып, желдей сапырып мысын басатын Баянсыз


 


қанатымды қалай жаямын – Наркескен алмас семсер Баян келмесе, бұл жорыққа Абылай аттанбайды, - деп бір-ақ кеседі.


Кілең сен тұр - мен атайын көкжал бөрілердің шамына тиіп, намыстандырып алмас үшін сөзін Қанай би батырларға бипаздап, мипаздап тігісін жатқызып жеткізеді.



  • Елім деп еңіреп туған Баян батырдың күтсе күткендей–ақ ер екені бәріне аян. Жебесі сауыт бұзбаған, найзасы шалғай сермелген күні жоқ батыр «жау!» десе өзі де жатпас еді. Оның кешігуінде бір кәдік бар шығар. Тек қайран сұңқарымыз қапияда торға түсіп, тұлпарымыз аңдаусыз орға құламасын де.


Қанайдың осы сөзінен кейін әлгінде ғана өрекпіп тұрған өңкей көкжал бірден басылып, күңірене күрсініп үзенгілес серігін қанша болса да күтуге бел байлады. Қалың қолды талай күн күттіріп ханның өзін қапа ғып, қатты алаңдатқан батыр Баян шынында да – шамырқанса шарт сыңар кескекті ердің сойы болған. Ол жаудан беті бір қайтпай жетпістен асқанша аттан түспеген кәдімгі Уақ Сары батырдың шөбере інісі, Әдетте Уақ Байдаұлы, Жансары, Баржақсы, Шайгөз, Шоға, Мұрат болып бөлінеді. Шоғадан Байшық, Байыс, Сарман туады. Байыстан – Қырғызәлі мен Қозымерек. Қырғызәлі Баян батырдың төртінші атасы, ал Сары Қозымеректен тарайды. Көзсіз батырлығы үшін Сарыны ел Ерсары атап кеткен. Атақты Қожаберген жыраудың «Елім–ай» дастанында


«Бөгембай, Ерсары, Асқар, Жабай, Көшек қалмақты қойша қырып, зар еңіреткен» деп осы Сарыны айтады. Олар жауын жайпап жүргенде Баян әлі қатарға кірмеген жас бала. Ол шамамен, қазіргі Қостанай облысындағы Обаған өзені бойында 1714 жылы дүниеге келген. Әкесі   Қасболат темірден түйе түйген зергер ұста болған, ал анасы Ажар Сырым батырдың әкесі Даттың қарындасы.


Баян Ақтабан–шұбырынды алқакөл сұламаның зардабын көзбен көріп, зар-мұңын көңіл елегінен өткізіп, соның қарымтасын қайтару үшін бар ғұмырын қалмақпен айқасқа сарп еткен әлгі Қожаберген жырлайтын қаһармандардың ерлік өнегесімен тәрбиеленген батырлардың жаңа бір толқының басы. Оның қалыптасуына ағасы батыр Сарының әсер–ықпалы аса зор болғаны айқын. Ат жалын тартып мінуге жарағаннан бастап жауға шабарда екі көзі қанталап түк көрмейтін алып ағасының атын шылбырынан ұстап ұрысқа егізетін ол ұзамай дұшпанға қарсы тізе қоса шайқасатын болған. Екі тарлан бөрідей қалмақтарды қойдай қырып, жапыра қуатын олардың аты «Сары-Баян» деп қатар аталып кеткен.


Баянның батырлығымен, батылдығымен ең алғаш көзге түсіп, елге танылуы Абылайға тікелей байланысты. Әбілмансұрдың Абылай хан аталып жоңғарларға қарсы аттанған алғашқы жорықтарының бірі болса керек. Шайқасқа топ бастап алдымен өзі кіретін әдетімен Абылай бұл жолы да қалың қолдан озық шығып кетіп, аз ғана нөкерімен қоршауда қалып қалады. Хан: «жауға шабар қайсың барсың, кәне?» деп үш мәрте қайталағанда тырп етіп ешкім де орнынан қозғала қоймайды. Самсаған қалың найзаға нартәуекел деп бірден кеуде тоса коюы қиын да ғой.


Бұл қазақта жауға шабар бір ұл тумаған ба?! – деп Абылай қатты қапаланып қайта ауыстырғанда:


 



  • Қазақ жауға шапса сенен сұрап шаба ма, хан! – деп сонда есік пен төрдей сары ала ат мінген қақпақ жаурын сарысұр жігіт топтан суырылып шығып алға ұмытылады. Қалың қалмақты оңды –солды жайпап, қақ жарып өтіп. Хан қосынын қоршаудан алып шығады. Қоршауды бір бұзған жерде қаша ұрыс салып әрқайсысы топ жарып, қол бастаған өңкей көкжалдар аман құтылып, бас қолға кеп қосылып қайта бұрыла соғып жауын күйрете жеңеді.


Дұшпанын жайпап, көңілі жайланып әбден орныққан соң Абылай:



  • Бағанағы сарала атты батырды тауып әкеліңдер, -деп жарлық береді.


Алдында алып келген еңсегей бойлы, сақал–мұрты енді тебіндей бастаған қыран қабақ жас жігіттің, кескін келбетіне разы болған хан:



  • Жауға шабарың бар бір айттырмай неге үш айттырдың, - деп сұрады.


Біріншіде шаппағаным – төрдің төбесі, жолдың басы хандікі. Алдынан кесіп өтпейін дедім, ханием. Екіншіде, іркілгенім – алдында аға баласы Арғын бар емес пе. Алдын орап жолын кеспейін дедім. Үшіншіде – өлімнен басқа қарайлайтын ештеңе қалған жоқ, - депті жас жолбарыс. Бұдан оның ерен батыр ғана емес, сөз жүйесін табатын айтқыр шешен, ой арнасын табатын ақылмен көсем азамат болғаны аңғарылады. Соңынан ұзақ жылдар бойы үзеңгілес серік етіп Наркескен ақылманым деп еркелеткен Баян батыр мен Абылай өзінше хандық дәрежеге ие болған кезінде танысыпты.


Ақыл тұрмас қашқанда, Дегбір тұрмас сасқанда. Баяндай ерді көрмейсін


Бұрылып жауды шанышқанда, -


деген өлеңді Абылай оның осындай ерен ерлігіне дән разы болып айтқан екен деген нақыл бар ел ауызында. Демек, ақылы мен алғырлығына батылдығы мен батырлығына сүйенетін, сүйсінетін сондай сенімді батыры келмейінше жорыққа жол тартпай ханның қасарып отырып алуы тегіс емес.


Ал Баян батырдың көп күттіріп кешігуінің де өзіндік сыры, өзгеше себебі бар еді. Бір жорықта жігіттері Баянға батырларша киінген, бес қаруы бойына ілінген, он бестер шамасындағы айдай ару қалмақ қызын алып келеді. Көзі тостағандай, пісте мұрын, гүл ерен жас сұлуға батырдың көңілі бірден құлайды. Бірақ сыр тартып байқаса, қыздың еркімен кеп тұтқынға түсуінің өзіндік себебі бар екен. Анасы – жағалбайлы қызы жаугершілікте қолға түсіп, тілі жат, діні жат қалмақпен еріксіз қосақталып, ғұмыр кешсе де жалғыз қызын қазақ дәстүрінде тәрбиелеп түбінде ана жұртын табуын аманаттапты. «Қазақ ортасына байсырап келгенім жоқ, -дейді ол тағы қазақ тілінде. –Қанша жыл пенде боп қалмақтан перзент сүйсе де, жүрегі мен тілегі туған жұртынан ажырамаған тіпті қалмақша Лағда есімді айтпай, Құралай атаған анамның аманатын орындағалы келдім. Қаласаңыз, қарындасыңыз болайын, аға». Бұның астарында «арамызда біраз бел-белестер жатыр қосылайық деп қинамаңыз» деген тілек жатқанын сезген сұңғылы батыр сезімін сабырға жеңгізіп қызға ерік береді.


Еншісі бөлінбей Қойбағар көлінің жағасын бірге жайлаған ауылы аралас, қойы қоралас Ер Сары ағасының жеті ұлы болғанымен, қызы жоқ еді. Ол Құралайды табанда өкіл қыз етіп, киімшең бала ретінде үйге енгізіп ұлан-асыр той


 


жасайды. Алайда жүрек шіркінге жасар не амал бар. Сараның тоқалдан туған кенжесі тұлғасының төтенше ірілігіне орай құрдастары Ноян атап кеткен Қыстаубай өкіл қарындасына ғашық болып қалады. «Жас жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» деген емес пе. Бірақ бір шаңырақтың астында өкіл болса да


«ағалы–қарындастың» қосылуына рұқсат қайдан! Әрі ойланып, бері ойланып, серт байласқан екі жас елден қашып, жат жұртқа қарай бет түзейді.


Бұны білген бойда–ақ Сары алла–құдайды жат қып қатты ашуланып, Баян батырды шақырып алып, қашқындарды қайткенде де қуып жетіп өлтір деп жұмсайды. «Қыстаубайды өлтір де киімін қанына бояп, қару–жарағымен әкеп көзімше көм» деп қадап тұрып тапсырады. Аға сөзін екі ету дағдысында жоқ батыр дереу атқа қонып, екінші күні екінді кезінде қашқындарды Жолдыөзек бойында (Қызылжар қаласынан түстікке таман қазіргі Аралғаш ауылы маңында) қуып жетеді.


Қайынды орманның қылтасынан батырдың қарасы көрінгенде-ақ. Ноянды сәл оздырып жіберіп Құралай аттан түсіп тұра қалады. «Батыр аға, бұл іске бастан


-аяқ кінәлі бір мен ғана, алдымен мені өлтіріңіз» - дейді қыз жалынышты үнмен. Батыр оған қарамай ағып өтіп өтіп Ноянға жеткенде, ол да аттан түсіп, басын иіп тұр еді.


-Аға кешір! Бір қателік өтті, кесем десең, міне бас, -деп мойынсұна берген жігіттің жігерін жанығалы Баян ақырып жібереді:


-Басты кестіру оңай, жасты өсіру қиын. Тым құрыса айқасып өлсең еді!?


Ноян басын тік көтеріп алып беліндегі қылышына барып қалған қолын тартып алады да:


-Аға датым бар, тыңдасаң - дейді.


-Датың болса айт.


-Айтсам, жасағанның жазымы көп. Осы арада Ноян өлсе Ер Сарының бір арам сідігі өлді дер де қояр ел. Ал осы арада Батыр Баян өлсе ел не демек, жұрт бетіне мен қалай қарамақпын.


Осы сөзді естігенде батырдың төбе құйқасы шымыр ете қап аттан қарғып түсіп жас Ноянды құшақтай алады.


-Сендей жас жолбарысты көзі қиып кім өлтіруші еді. Мен сені өлтіргелі келгем жоқ, ақыл айтып, жөн нұсқағалы келдім, шақыр Құралайды. Ағалы–інілі батырлардың құшақтасып жатқанынан-ақ бір жақсылықтың боларын сезген Құралай жүгіріп келіп Баянның аяғын құшақтай жығылып кешірім сұрайды.


-Айналайындар, қайын жұртқа барсаңдар қалмақтар мазақ қып жерсіндірмейді, мұнда қалсаңдар әкелерің өлтірмей тынбайды. Ноянжан қайын жұрт сыншыл, өз жұртың міншіл, ең жақының нағашы болар. Нағышыларың Жағалбайларға тарт. Шешең Мақпал жеңешемнің тілегі де осы. Ал әкене не деп барамын? – деп сәл ғана ойланып жан-жағын шола қарап тұрды да, шоқ қайыңның қылтасынан шыға келген орқоянды садағын тартып қап мұрттай ұшырып «әп, беркелді, алып келе ғой» деп Ноянды жұмсайды. Қоянды бауыздап жіберіп Ноянның жейдесін шешіп ап қанға бояйды да қоржынға салады. Сөйтіп жастарға ақ батасын беріп, сәт сапар тілеп кері қайтады.


 


Ағасына баласының қанға боялған көйлегін әкеп тапсырады да, сол күні түн қатып хан ордасы қайдасын деп Көкшеге тартып отырады. Батыр баян келісімен жорық дабылы қағылып, Абылай қолы қалмақтарға аттанып, өңмеңдеп Қарқалы өңіріне келіп қалған ата жауын Қара Ертістен асыра қуып тастайды. Баян қатысқан жорықтардың бәрі қашанда сәтті аяқталып, жігіттер ұдайы жеңіспен оралып жүреді. Содан ба екен, Абылай оны ақбурадан кейінгі киесіндей көріп, әсте әспептеп, еркелетіп еркін ұстаған. Абылайдың шөбересі, бабасының төңірегіндегі тұлғаларды терең зерттеген ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың «XVIII ғасырдағы батырлар туралы тарихи оқиғалар» атты еңбегінде «Абылай ханның: Үш жүздің өз соңына ерген барша батырларының ішінен қайсысын бәрінен артық көріп, қатты қастерлейсін?» деп сұрағанда ... «Өз батырларымнан Бәсентиік Малайсары мен Уақ Баянды қадір тұтамын, бірі байлығымымен, байсалды мінезімен баураса, екіншісі ақылымен, ержүрек өжеттігімен бәріненде биік тұр» деп жауап береді деп жазуды тіпті де тегін болмасқа керек. Алайда жарық жұлдыз қашанда ұзақ жарқырамай, тез ағып түсетіні бар ғой. Баян батыр да сайын даласын ең соңғы жоңғардан тазарту сияқты асыл арманына жете алмай, жасы қырықтан енді асқанда өмірден ерте озды. Қысқа ғұмыр кешсе де, нұсқа боларлық ерліктер жасап, елге өнеге, ұрпаққа ұран болып қалады. Жалғыз жүріп қол жинап, сан қамалды жеке бұзған ол шағын жасағымен Іле бойында қалмақтың қалың қолымен шайқаста 1757 жылдың жазында опат болды, бұл дерек Шоқанның


«Баян батыр мың сарбазымен Қытай империясына дейін қалмақтарды қуып тастап, елге оралып келе жатқанда жоңғарлар у сеуіп кеткен құдықтан су ішіп, біраз жауынгерлері уланып өледі, солардың ішінде батырдың өзі де бар еді» жазғанынан онша алшақта емес. Әйткенмен Қызылжарлық Омаровтың былтырғы қараша айында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған бір пікірі назар аударарлық. «Батыр Баян 1759 жылы қанды айқаста ауыр жараланады, - деп жазады. -Ол кезде шартарапқа аты шыққан Ерәлі деген емші болған екен, сарбаздары найзаға салып батырды майдан шебінен алып шығып, Қарақаралыға қарай жол тартады. Бірақ еңбектері еш болып, батыр жолда көз жұмады. Оның жерленген жері қаракесектердің Шекшен бейіті Қарағанды облысының Нұркен Әбдіров ауылының аймағында». Осы дерек ден қойғызады. Себебі ол Іле бойында опат болса, оның атында жер болу керек еді ғой. Өзі сияқты Малайсары батырдың атындағы тау талай тарихтан сыр шертіп, осы өңірде жатыр емес пе.


Құдайға шүкір, Баян батыр ұрпақсыз емес, үрім–бұтақ зәузаты баршылық. Олар негізінен Солтүстік Қазақстанның Омбы облысымен астасқан жеріндегі Абыл, Жарбол ауылында тұрады. Өз басым сол өңірдегі «Қарағанды» кеңшарында Баян ұрпақтарынан отыз шақты отбасы отырғанын көзімен көріп, берер үйінен дәм де татқаным бар.


Ал Ноян Әбілқайыр ханның беделді батырларының бірі болып, біраз жас жасайды. Хан қосынымен «Жаубасарлап» жауға шауыпталай жеңістерге қол жеткізеді. Сондай шайқастардың бірінде әкесімен ұшырасып қалады.


Сансапалақ қазақ-қалмақ соғысының бірінде Ер Сары жеті жерден жараланып, аты оққа ұшып, шолақ найзамен шайқасып жүріп қоршауда қалады. Жаралы батырды дұшпан тірідей алып кеткелі жатқанда сол ұрыста жүрген


 


Ноянның көзі шалып қалып, төніп тұрған қалмақтың шенді батырын шаншып түсіріп, әкесін қоршаудан алып шығады. Есін жиған қарт батыр баласын танып:


«Әй, арамсідік, сен әлі тірі жүр ме едің, кет жолымнан!» деп, жарасынан қаны сорғалаған қалпы бұрылып жүре беріпті. Кәдімгі Н.В.Гогольдің «Тарас Бульбасындағы» қарт қазақтың поляк сұлуы үшін отанын сатып кеткен баласы Андрейді өз қолымен бауыздап «өзім тұрғыздым екен, енді өзім өлтіремін» дегені сияқты. Ата салтын аттап, аға беделіне нұсқан келтірген баласының ағатығын, ажалдан алып қалса да кешпейді қарт қыран. Сонда оның сексенге келіп қалған кезі екен. Еліне келе–ақ ұрыста алған жарақаты ушығып дүние салады.


Әкесіне өкпелеген Ноян қайтып қарасын көрсетпейді. Тек араға жүз жиырма жылдай уақыт салып, он тоғызыншы ғасырдың аяғына таман оның ұрпақтары Ақжайықпен қош айтысып, Сарының Есіл бойында тұратын әулетіне келіп қосылыпты. Олардан тараған біраз ұрпақ бүгінде Солтүстік Қазақстанның Шал ақын ауданында тұрады.


Жалпы Баян батыр тарихи тұлғадан көп зерттелмеген, аты аңызға айналған тамаша тұлға. Ол жайында ел ауызында аңыз–әңгіме, өлең жырларда көп–ақ. Тұстастары Тәттіқара мен Үмбетей жыраудан бастап, талай ақын оның ерлігін ойға азық, жырға қазық етті. Әсіресе, қазақ жырының дарабоз дүлдүлі, ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастаны оның атақ-даңқын тіпті аспандатып жібереді. Дастан бойынша түсірілген фильм оны байтақ елімізден тыс жерлерге де танытты.


Әсіресе, фильм жарыққа шыққан жылдары ол жайында әр алуан пікір айтылып, біразы газет-журналдарға да ағылып жатты. Солардың бір-екеуі менің қолымда әлі бар. Біріншінің авторы Нояннның тікелей ұрпағы Уәлихан деген азамат. Ол қалмақ қызының аты Лағда емес, Құралай дей келіп, фильмдегі Құралай мен Ноянның Баян батырдың қолынан қаза табуын шындықтан шалғай, шын мәнінде екеуі де тірі қалған, батыр аға біріне де қол тигізбеген. Ноянның бес ұлының бірі Боздақ менің бабам. Одан Жантемір, Жантемірден Сейіс, Сейістен менің әкем Қуаныш туған дейді.


Әлбетте жеті атасын білуді парыз санайтын қандасымыздың білігіне дауымыз жоқ. Алайда көркем шығарманың өз шарттылығы да бар екенін есте ұстаған абзал. Кейде кейбір келбетін айшықтап аша түсу үшін кейбір деректерді бұрмалауғада тура келеді. Ең алдымен ұлы ақын Мағжан ел ауызындағы аңыздың аясында қалмай, шығарманың көркемдік қуатын арттыру үшін шын деректі әдейі өзгертіп жібергені анық. Өйтпесе бас кейіпкері қас батыр емес, бор кемік, болбыр, көңілшек біреу болып шығуы мүмкін ғой. Ал фильмнің сценариін сол дастанның, негізінде жазған жазушы Смағұл Елубаев та ақынның аужайынан шыға алмағаны шын. Қосымша деректер жинап, батырдың бүгінгі ұрпақтарымен әңгімелесіп, оқиғаны байытып, ойды ұштай түссе нұр үстіне нұр болар еді. Әйткенмен, екі шығарманың екеуінде де сайып қыран сардар, көзсіз батыр Баянның кесек тұлғасы ойдағыдай сомдалғанын атап айтқан әділ болар.


Ел барда ер тумай тұрмайды, ер барда жыр тумай тұрмайды. Баян батыр туралы да әлі талай жырлар туып, талай шығармалар жазылар. Сонда Баян-Ноян хикаясы да шындықтың шырқауына шығар деп ойлаймыз. Біздің борыш–соған түрткі салып, тақырып тамыздығын тұтату ғана.


 





Пікір жазу