Абылай ханың ағасы – Сұлтанбек
Аңыз арнасында әрқашан ақиқат жататыны аян. Ел аузындағы аңызға қарағанда, айтулы Абылай хан үлкен ұлы Уәлиді өз орнына ерте бастан–ақ ыңғайлаған тәрізді. Отыз ұлының ішіндегі ең өжеті, айбатына қайраты сай Қасымға бүйрегі қанша бұрғанымен қылыш жүзіндей қылпып тұратын өткір, өр мінезді ол билік тізгінін тең ұстай алмай, елді өзінен теріс айналдырып ала ма деп қауіп ойлаған сияқты. Сол себепті ол мінезі біртоға, момын әрі балаларының төлбасы тұңғышы Уәлиді түбінде тақтың лайықты иесі осы болар деп ел билігіне ерте араластырғанға ұқсайды. Тіпті көзі тірісінде елдің игі жақсыларының ризашылығын алып, Орта жүздің билігін түгел соған тапсырды деген де сөз бар.
Жорыққа аттанғанда өз орнына әмісе Уәлиді қалдырып, ел билігін жүктеп отырғаны да осыған айғақ. Осы пікірді сол тұстағы орыс құжаттары айқындай түседі. Шаруалар көтерлісінің көсемі Емельян Пугачев өзін ақ патша деп танып, бодандағы жұрттың көмек беруін талап етіп, арнайы жаушы жібергенде Уәлидің:
«Өз атын өзі шақырған көкек құсап өзін өзі бүкіл елдің билеушісі деп жариялап жүрген қанды балақ қарақшыны бас иеміз деп мойындай алмаймын» деп әкесі жоқта үзілді –кесілді жауап қатуы оның обал болмағанын аңғартса керек. Өйткенмен тақтың осындай заңды мұрагері бола тұра Абылай дүние салғаннан соң ендігі ханның кім болатыны талқыға түспей қойған жоқ. Себебі қазақ ордасында бұрын – соңды тақ атадан балаға емес, ағадан ініге мұра болатын бөлекше бір дәстүр бартын. Оның үстіне хандыққа төре әулетінің өкілдері мұрагерлік жолымен емес, жалпы халықтың сайлауы арқылы қол жеткізітін. Ал халық сайлап қойған ханның беделі мен билігі оның атақ дәрежесіне емес, елдің қамын ойлайтын ақыл-парасаты мен іс-әрекетіне байланысты болатыны белгілі. Мұның өзі түбінде билеуші көкірек керіп, менменсіп кетпей, басына хан көтерген халқының қамын жеуіне, бұра тартпай ұдайы әділ шешім шығаруына бірден – бір себеп болған.
Белгілі жазушы, беделді тарихшы Мұхтар Мағауиннің айтуына қарағанда, бұл дәстүрдің тамыры ту тереңде жатыр. «Қазақтың хан сайлау дәстүрінің түп- тамыры біздің дәуірдің IV-V ғасырларына – көне ғүн дәуірінде барып тіркеледі, - деп жазады ол «Қазақ тарихының әлппесі » кітабында. – Ежелгі Түрік ордасы заманнан төртінші ғасырдан жеткен нақты деректерге қарағанда қағанат тарихындағы төртінші әмірші Мұған хан тақ билігі ағадан ініге, одан соң ағаның баласынан інінің баласына көшетін дәстүрді заң жүзінде негіздепті... Ұлы түрік қағандығының мұрагері, одан соңғы Батыс Түрік қағандығының тарихи жалғасы болып есептелетін Алтын орда ұлысында да ежелгі түрік дәстүріне сай тақ билігі ағадан ініге көшетін заң берік сақталады. Бірақ түрік қағандығындағы реттік тәртіп аттамалы жолмен, дәлірек айтсақ, іріктеу арқылы жүзеге асады, жасы кіші інінің келесісі емес, үлкен-кішісіне қарамай, ең беделді, ең айбарлысы хан көтеріледі. Бұл озық салт Қазақ ордасы заманында одан әрі жалғасып жетіле түсті». Шынында да қазақ мемлекетінің тарихында сонау Керей ханнан бастап, Абылайға дейінгі аралықтағы аты белгілі жиырма ханның бәрі де ашық сайлау тәсілімен халықтың қалауы бойынша таққа отырған. Абылай өзі барында-ақ орнына қойып кеткен Уәлиді хан көтерерде де бұл дәстүрден аттап кете алған жоқ ел. Сайлау барысында Уәли хан көтерілгенімен, тақтан басқа да үміткерлердің пікірі қатаң ескерілген секілді. Оны сол тұстағы Үпі мен Симбир әміршісі Иван Якобидің Мемлекеттік сыртқы істер алқасына жолдаған құпия хатынан айқын көреміз. «Ол сайлауда хан тұқымынан тарайтын өзге төрелердің де мұрагерлік құқығы жайында пікір айтылмай қалған жоқ. Барақ (Көкжал- А.С,) әулетінен шыққан Дайыр сұлтанның, Абылай шыққан Уәли әулетінің өкілі Сұлтанбет төренің, Ұлы жүздің әкімі Әбілмәмбет баласы Әбілпейіздің де келісімі сұралды. Олардың сайлауға алдыңғы екеуінің өздері келді де, үшіншісі балаларын ғана жіберді. Алайда олардың барлығы да хан тағынан бас тартып, аталмыш Уәли сұлтанның хан көтерілуіне сөзсіз келісетінін білдірді. Демек, хан тағына Уәлиден
басқа лайық үміткердің болмағанына ешбір күмән жоқ» деп жазады ол (« XVIII- XIX ғасырлардағы орыс-қазақ қатынастары ». II кітап. Алматы. 1964. «Ғылым» баспасы). Бұл орайда Дайыр мен Сұлтанбет жасы жетіп қартайып қалғандарын сылтау еткен. Ал орыстарға еркін бағына қоймаған Ұлы жүздің ірі бір ұлысын билеп тұрған Әбілпейіз Ресей бодандығының қарамағына біржола ілінген Орта жүзге хан болып қазақтың басын қайта құра алмайтынын сезіп, әдейі келісім бермейді. Сөйтіп салт-дәстүрден ауытқыса да Абылайдың алтын тағы үлкен ұлы Уәли ханға бұйырады.
Әлгі хандыққа үміткерлердің арасынан Әбілпейіз бен Дайырдың аттары азды-көпті аталып жүр. Ал Сұлтанбет болса оқушыларымыз тұрсын, тарихшыларымыздың өзіне беймәлім тұлға болып келеді. Тарихтың тарам – тарам жолдарынан із кесіп, індетер болсақ, оның Абылаймен терезесі тең төрелердің бірі болғанына көз жетеді. XVIII ғасырдағы орыс құжаттарында есімі әманда Абылаймен қатар атаулы оның еңбегі ханмен тең болмағанмен, кемде емес екенін аңғартады. Әрине, орыс ағайындар қазақ есімін қашан дәл де дұрыс жазып еді, бір құжатта ол Сұлтанбет, бірінде Сұлтанмәмет, енді бірінде Сұлтанмұхаммед болып жүргенімен солардың бәрі бір ғана адам, ол Абылай ханның немере ағасы Сұлтанбет. Екеуі де Есім ханның Салқам Жәңгірінен туған қанішер Абылайдың немерелері Абылай хан Көркем Көркем Уәлиден қалған жалғыз таяқ болса, бұл оның інісі Жәңгір төреден туады.
Кейде ұлы тұлғалардың тасасында қалып, кейбір кісілердің көзге көп түспей, жүре-бар аұмыт болатыны да бар емес пе. Бұл да атқа Абылаймен қатар мініп, аттары қатар атталғанымен бертін бір ғана ұлыстың сұлтаны болып, қалың қазаққа түгел таныла алмаған тәрізді. Алғаш оның есімі Орынбор комиссиясының бастығы құпия кеңесші, сардар Иван Неплюевтің орыс бодандығына қабылданған қазақтардың ішкі ісіне араласпауын талап етіп, Жоңғар қоңтайшысы Қалдан Серенге 1742 жылғы қырқүйектің 2 – жұлдызында жазған хатында аталдады. Ол: Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз қазақтарының ізін ала Орта жүздің де ханы Әбілмәмбет сұлтандандары бүкіл ұлыс-руларымен көптен бергі өтініштері бойынша өткен 1740 жылы өзіңіз жіберген екі елшіңіздің көзінше ұлық мәртебелі патшайымға адалдығы жөнінде ант беріп, бодандыққа қабылданады. Олардың арасында Сұлтанбет төре мен Жәнібек тархан сияқты басқа да беделді де белді рубасылары бар, деп жазды. Сұлтанбетті және Абылайдың туған ағасы атап көрсетеді. «Айтқандайын, жоғарыда аты аталған қазір өз қолыңызда тұтқында отырған Абылай сұлтан мен өзге қазақтарды олар патша ағзамның боданы болғандықтан оның биік мәртебесіне деген құрметіңіз ретінде тұтқынан босатып, өз ұлыстарына жіберіп, тату көршілігімізді сақтап, беркіте түсерсіз деген берік сенімдемін» деп өз ойын ашық айтады. («XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ - орыс қатынастары ».1 кітап. Алматы. 1961. «Ғылым» баспасы).
Абылайдың аң аулап жүріп, қапияда калмақтардың қолына түсіп қалып, Қалдан Серенге пенде болып біраз уақыт тұтқында отырғаны тарихтан белгілі. Болашақ ханы жаужүрек сұлтанды жау тұтқынынан босатуға халық көп күш жұмсап, тіпті боданы болған Ресей ұлықтарының да көмек қолын ұсынуын сұрап Орынборға арнаулы өкілдерін жіберді. Олардың басы болып Сұлтанбет төре
келгені сол кездің қүжаттарында сайрап жатыр. Қазақ жұртының өтінішіне орай Орынбор ұлықтары Сыртқы істер алқасымен келісе отырып, Абылай сұлтанды құгқару үшін майор Миллер бастаған арнаулы экспедиция жасақтайды. Комиссияның Карл Миллерге жазбаша берген нұсқауында: “Бұл арадан аталмыш Жоңғар жаушыларын алып, қазақ ұлыстары арқылы аттанасыздар, — деп жазады. Әбілқайыр қазақ ұлыстары арқылы жол бастап жүру үшін Ерәлі сұлтанды қосып жіберуге уәде етіп, ал Сұлтанбет төре мен Жәнібек тархан жол көрсетуге қырғыз- қайсақтың ең сенімді атақты адамдарын бөлмекші. Жазатайым жол-жөнекей қазақтар тарапынан қастандық болып шабуыл жасала қалса, бәрінің де сазайы берілетініне кәміл сендіріп отыр. Әйткенмен абай болу керек".
Сол 1742 жылығы И.Неплюевтің Әбілқайыр ханмен Ор қаласына келген басқада қазақ дүмділерімен, Жоңғар һәм Қарақалпақ елшілерімен жүргізілген келіссөздерінің хаттамасына зер салғанда Сұлтанбеттің кейде хан өкілдігін атқарып кеткені аңғарылады. Онда тамыздың 27 жұлдызында Орға келе жатып, Әбілмәмбет ханның бір шаруамен кері қайтқаны, қасындағы офицерден өзіне әзір мұрсат етіп, демалыс беруін сұрап сәлем жолдағаны айтылады. Оның орнына Орға Абылай сұлтанның бауыры Сұлтанбет төре келгені баяндалады. Ол бұрын бодандық туралы ант бермеген екен. Осы жолы салтанатты жағдайда ұлық мәртебелі патшайымға адалдығы жөнінде ант береді. Оның өнегесімен отыз бес рубасы да сол рәсімді жасайды.
Келіссөздер кезінде Абылайды қалмақ тұтқынынан босату жайы кеңнен сөз болған тақылетті. Сөз арасында арнаулы экспедицияға жол бастаушы болып жүру үшін хан жағынан да Жәнібек тархан жағынан да ең сенімді адамдар жіберілді. Ал Абылайдың бауыры Сұлтанбет төре айырықша мүдделілік танытып, өзінің ең сенімді, әрі адал да абзал адамын ту-ту жоңғар билеушісінің өзіне жіберді. – деп атап көрсетіледі. Сол пікірді беркіте түсу үшін Якоби де оны Уәли, яғни Көркем Уәли әулетінен деп жазады. Ал шын мәнінде ол Көркем Уәлидің бауыры Жәңгірден туған немере інісі. Сонда ол Абылайға да немере аға болмақ. Бауырлардың ара - жігін ажыратпай бәрін де бір туған санайтын бауырмал Қазақ дәстүріне сайсақ, әрине, ол Абылай ханның аты жөнінен ең жақын, ет жақын туысы. Сондықтан екеуінің есімі кезінде қатар аталып, құжаттарға қатар жазылуы жарасып-ақ тұрады. Және Шоқан Уәлихановтың орыс үкіметі шынайы ханының өзі тұрғанда да Орта жүз билеушілерінің ішінен, Абылаймен, оның бауыры Сұлтанбетпен көбірек қарым-ұатынас жасады деп жазуыда тегін емес (Ш.Ш. Уәлиханов 5 томдық шығармалар жинағы. Алматы.1965ж.).
1762 жылы Екатерина II өзінің таққа отыруы рәсіміне орай Нұралы хан мен сұлтандарға марапат ретінде берген грамоталар бар. Абылайға арналған осындай мадақ қағазында: «Императорлық ұлық мәртебемізге адал берілген Орта жүз қырғыз-қайсақ ордасының Абылайға және басқа төрелер мен рубасыларына бізден мархабат мейірім» деп жазылған. Мазмұны тура осындай грамота Орта жүзден Сұлтанбет төреге Кіші жүзден Нұралы ханның інілері Ерәлі мен Айшуақ сұлтандарға ғана беріледі. Орта жүздің екі сұлтанына бұл грамоталарды Троицк бекінісінің бригадирі Т. Масыловтың атынан тілмаш Гордеев қырға арнайы келіп, жұртты жинап салтанатты жағдайда тапсырады. Абылай ержүрек батырлығымен,
кең толғар ақылдығымен көзге түссе, Сұлтанбет ел бірлігін сақтар, салқын сабырлығымен, мәмілегерлік байсалдығымен баураған тәрізді төңірегін. Сұлтанбеттің өз еңбегін қалай бағалайтынын, оның 1762 жылғы желтоқсанның 2 жұлдызында патшайым Екатерина II-ге жолдаған хаты да айғақтайды. Әдеттегідей хат: «Асқан мейірбан құдіреті күшті» ұлы ел иесі, бүкіл Ресейдің және басқа алуан жұрттың жарылқаушысы патшайым Екатерина Алексеевна! – деп басталады.
-Ұлық мәртебелі құзырыңызға Орта жүз қырғыз-қайсақтарының төресі Сұлтанбет пен рубасылары түгел бас ұрып құдайтағаладан Сізге ұзақ ғұмыр, һәм зор денсаулық тілейді. Оған қоса мәртебелі өзіңізге арнайы жіберілген ұлымыз Орыс сұлтанының серіктерімен бірге елге аман-есен оралғанын хабарлап, сол үшін өзіңізге мыңда бір алғысымызды айтамыз.
Ал енді өзіміздей Сұлтан бауырымның өзіңіздің ұлық мәртебеңіз тағайындаған жалақыға ие болып, жылына үш жүз сом алып жүргенін мәлімдей отырып, Сұлтанбет төре - мына мен де Орта жүздің шимаңдай бір жұртына иелік етіп, сұлтан ретінде сеніп тапсырған қызметіңізді қалтқысыз атқарып келемін, алда да атқара беремін. Ұлық мәртебелі өзіңіздің биік құзырыңыз осыны ескертіп, жоғарыдағыдай сый-сияпатын маған да жасар деген үміттемін». Осы парақтың аяғына қызыл сиямен мөр басылып, Сұлтанбет төренің қолы қойылған.
Хат барысымен Сұлтанбет төреге де мемлекет тарапынан арнаулы жалақы тағайындалады. Мөр басылған қағаздың құдіретін кәміл білген ол енді патша үкіметінен үй салып беруін өтініш етеді. Кезінде бұл да қағазға түсіп, хатталып қалған түрі бар.Симбир әскери желісінің қолбасшысы генерал-майор һәм сардар Антон Скалонның 1776 жылдың сәуір айында Сыртқы істер алқасына жолдаған баян – хатында бұл жайында ашық айтылады.
Орта жүз қазақтарының жай-жапсарын көңіл-күйін сипаттай келіп ол:
«Оның үстіне Абылаймен Сұлтанбет төрелердің мынадай тілегі бар, -дейді.
- Алғашқысы биыл қыстың қатал боларын болжап, ұсақ-қарасына қажет пішен мен пешке жағарар отын аздық ететінін ескертіп, қонысын басқа жерге көшіріп беруді өтінеді. Ал соңғысы жасының шау тартқанын желеу ғып қыста алаңсыз тұрып өмір сүретін қолайлы үй салып беруді сұрайды. Оған арналған үйді Жәміш дистанциясының тура желісінен Кереку фарфосына шығар жолдың бойынан алғашқы жарты маяктың тұсынан салып берген абзал. Оның өзі де қысы –жазы сол өңірде көшіп – қонып жүреді. Сондай-ақ Абылайдың да үйін көшіру жөніндегі өтінішін сөзсіз орындау керек. Ол үшін арнаулы шебер жұмысшы адамдар жібереу шарт. Әйтеуір олардың өкпе – наз наразылығына жол бермей алдын алып отырған жөн ғой » («XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары» . II кітап . Алматы. 1964 «Ғылым» баспасы). Сайып келгенде, төре тұқымы қолайлы тұрғын үй мен отырықшы тұрмыстың қадір-қасиетін сол кездің өзінде-ақ жақсы білген сияқты.
Сұлтанбет төре туралы көбірек мағлұматты орыс офицері капитан Иван Андреев қалдырыпты. Қызмет бабымен қазақ даласын ерсілі-қарсылы кезіп көп аралаған саясатшы қыр халқының тілі мен ділін, әдет-ғұрпын жақсы біліп, оны талмай зерттеген. Соның арқасында бұл жұртты жақсы көріп, арасында тұрақты
тұрып қалып қойған. Қазір осының сүйегі өзіміздің Семей жерінде жатыр. Оның
«Қырғыз – қайсақ Орта жүзінің сипаттамасы» атты еңбегінде (Алматы. 1998.
«Ғылым» баспасы) Сұлтанбет төре жайындағы деректер біраз бар. «Кітаптың Жәміштен Железин бекінісіне дейін» деген тарауы Жәміш бекінісінің Ертіс өзенің бойында оң жағалауда жатқаннан басталып, оның осы арадан жеті шақырымдай әйгілі Жәміш көліне таяу екенін баяндайды. Ертістің өзін бойлап жағалай отырған ұлыс-руларды текті төрелер билейтіні, бұл төңіректе бәсентиін, бура-найман, уақ- керей, қаракесек, қыпшақ және төртуыл болыстарының жүз жиырма алты мыңнан астам жылқысы жер қайыстырып, ен жайлап жататыны сипатталып, әлбеттен –ақ қыруар деректер келтіріледі. «Қыпшақ болысы Жәміш бекенісінен Ертісті бойлап төмен қарай Железин бекінісіне дейін, тіпті одан әрі қыстақтар мен аралдарды алып кең көсіліп жатыр, - деп жазады Иван Григорьевич. – Бұл болыстың бас иесі Сұлтанбет төре саналады. Оның қарауында әйелдермен балаларды қосапағаның өзінде сайдың тасындай бес мың игі жақсы бар. Сұлтанға тектілігі мен кісілігі ескеріліп, өткен 1778 жылы Кереку фарфосынан жеті шақырымдай жерде өзен жақтан қыста қоныс ету үшін ағаш үй салып беріліпті. Оның үстіне Мемлекеттік сыртқы істер алқасының 1764 жылы наурыздың 13 жұлдызында берілген жұлдызы бойынша ол вице –канцелер Воронцовтан сенімхат алыпты. Соған сәйкес соған семсер сыйланып, жүз елу сом ақшадай жалақы белгіленіпті. Онысын алдағы уақытта өсірмекші екен бірақ сол қалпында қалып қойған көрінеді. Ертіс төңірегіне тамыр жайған осынау текті сұлтаның тұқымы мен үрім
– бұтағын біліп, қағазға түсіруді міндет санапкеліп едім. Кереку фарфосында төренің өзі алдымнан шықты. Айтуына қарағанда, олардың түбі ежелгі хандар тұқымнан болып шықты. Оның өз аталарын Есім ханға жеткізіп, арғы жағын нақты айта алмай, әйтеуір түп-тегі барып тарихтан әйгілі кәдімгі Шыңғыс ханға тірелетінін, соның ұрпағы екенін баяндаған болды. Әрине, бұлар кітапқа жазылып қалмаған соң, ата-тегінің шежіресін біле де алмайды ғой. Сондықтан өзімнің қазбалап сұрап іздестіріп жүріп жазып алғанымды алға тартпақшымын».
Одан әрі И. Андреев: «Бұлар білетін шежіреге қарағанда бұл тұқымның түп атасы Есім хан» дей келіп, оның екі-ақ баласынан тарайтын әулеттің кестесін жасайды. Есімнен Жәңгір мен Жәнібек туады. Жәнібектен Әбілпейіз әулеті тарайды. Ал Жәңгірден Абылай (кәдімгі қанішер атанған – С.А.) одан Уәли мен Жәңгір туады. Көркем атанған сол Уәлиден атақты Абылай хан туады да оның орнын баласы Уәли басады. Жәңгірден Сұлтанбет төре туады да, оның Орыс, Иман Жәңгір деген ұлдары сұлтан аталады. Шежіре кестесіне Сұлтанбеттің үш-ақ ұлының енуінде де мән бар. Олардың үшеуі де өз алдына ұлыс алып, ел билеп, шын мәнінде сұлтан болғандар. Орыс Сұлтан болса, әкесінің сәлемдемесімен Ор мен Орынбор былай тұрсын, сонау Петербурггке де барып қайтқан. Абылай ханның тапсырмасымен елшілік міндет атқарып, Қытай мен екі арада жүрген белгілі қайраткер .
Сұлтанбеттің сұлтан атанбай ел ішінде төре дәулеті деп қана қадір тұтылған тағы да он ұлы болған. Олар: Сейіт, Қарабас, Матай, Қарақас, Кәріпжан, Құлшық, Шаншар, Таймас, Бышқан, Мұқыш. Сөйтіп, бір ғана Сұлтанбет төренің
кіндігінен табаны күректей он үш ұл тараған. Он үші атқа мінгенде, дауылпаз ақын Махамбет айтқандай, жер қайысқан қол емес пе.
Алайда көптің азаюы, аздың көбеюі оңай ғой. Кешегі Кеңес үкіметі хан, қожа, би, төре әулеті дегендердің соңына шырақ алып түсіп, қуғынға ұшыратқанда барлығы да «балапан басына, тұрымтай тұсына» бас сауғалап, тұс- тұсына кетті. Қара орманын қалдырмай, орныңда отырғандарын жауапқа тартты, абақтыға жапты. Дені қазіргі Ертіс қаласынан төменірек «Төре тұмсыққа» тоқайласып, біразі өзен жағалай отырған елге би, төре болып қанатын кең жайған әулет сайда саны, құмда ізі қалмай, қашып - пысып басы ауған жаққа тартты. Көбісі тіпті «төре тұқымынанбыз» деген сөзден қорқып «батырақ, кедей, жалшы» болып шыға келеді. Әйтеуір ол кезде ата сұрасудың әбестік саналғаны жақсы болып, біразы түп-тегін атамай аман қалды.
Қырқыншы жылдардың аяғында біздің жоғары кластарда оқып, оң- солымызды танып қалған кезімізде Көкше өңірінде Мұсахан Қанапиянов деген мұғалімнің атағы дүркіреп шықты. Ол директор болып жүрген Сырымбеттегі Казгородок орта мектебі оқу-тәрбие жұмысының жақсылығы, өнерпаз шәкірттерінің көптігі жөнінен алдынғы орынды бермей жүрді. Бүгінгі белгілі қоғам қайраткерлері бірі атақты ақын, екіншісі айтулы сәулеткер Кәкімбек Салықов пен Шота Уәлиханов, танымал мемлекет қайраткерлері Еркін Әуелбеков пен Қажахмет Балахметов сол мектептің сол тұстағы түлектері. Ұзамай Мұсакең облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болып жоғарылатылып, аймақта мектеп құрлысының өрістеуіне, оқудың еңбекпен, өндіріспен байланысының күшеюіне қыруар үлес қосты. Бір орында он жыл жемісті жұмыс істеген оны қызмет жөнінен жоғарылату заңды да ғой. Бірақ бір қызығы ол облыстық атқару комитетінің хатшылығынан бас тартады. Бұны біреулер оның саяси саяздығына сайса, енді біреулер оқу-ағарту жүйесін әбден билеп -төстеп дандайсып кеткені сан-саққа жүгіртеді. Тіпті партиялық тапсырмадан бас тартты деп ол туралы облыстық газетте сын мақала да жарияланады. Бірақ оның бірінен айыл жиған Мұсахан жоқ, өз міндетін жас ұрпаққа ұстаздық ету деп біліп, Сырымбеттегі бұрынғы мектебіне тартады да отырады. Туған ұжымы құшақ жая қарсы алып, ол өзі бастаған ісін одан әрі өрістетті. Оқушылардың тұңғыш оқу –өндірістік бригадасы осы мектепте құрылып, ол республикадағы алдынғы орында тұрды. Бақсақ, Мұсекең басшы кеңес қызметінен оны олқысынғандықтан бас тартпай, елімізде енді ғана басталған оқудың өндіріспен байланысын жеріне жеткізейін деп жүр екен гой. Бастаған ісін аяқтау үшін бұлайша құрбандыққа бару екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келе бере ме. Оны айтқан сөзін екі етпейтін текті адам ғана жасайды.
Сол Мұсахан Қанапиянов шын мәнінде текті тұқымнан шыққан екен. Әлгі айтып отырған Сұлтанбет төреміздің тікелей ұрпағы көрінеді. Төре тұқымның шежіресін тізіп жүрген жанашыры Шота Уәлихановтың дерегіне жүгінсек, Сұлтанбеттен Ахмет, Орыс, Үкібай, Тортан туады. Үкібай, тіпті Тортан да ағадайындары еркелетіп атап кеткен Абай, Шоқан сияқты лақап есімдер болуы да ықтимал. Өйткені ол кезде аталарымыздың аты кетеді деп әсіресе әйелдер жағы ер балаларға өзінше ат қойып, болмаса бұрмалап айтатын салт болған ғой. Төре
тұқымы болса баласына атасының, бабасының атын қойып бытыстыра берген. Жоғарыда И. Андреев айтатын Жәңгір Сұлтанбеттің әкесінің, қала береді бабасының аты. Ал ел ауызында жүрген шежіреге жүгінсек, Тортан Сұлтанбеттің әкесінің, қала берді бабасының аты. Ал ел ауызында жүрген шежіреге жүгінсек, Тортан Сұлтанбеттің Матайынан туады. Қайсысынан туса да сол Тортан Мұсаханның бабасы. Одан Қасым, Қасымнан Шыңғыс, Шыңғыстан Қанапия туады.
Қанапия кезінде азын-аулақ жиған-тергенін жұмсап, Меккеге барып қажы атанып оралған, оқыған-тоқығаны мол ғұлама кісі екен. Ол ұстаған молдадан төңіректегі 30 ауылдың жастары білім алып, көкірек көзін ашқан. Мінезі де биязы, мейірбан, қайырымды кісі ағайын арасында аса қадірлі болғанға ұқсайды. Сондай зиялы да, биязы, қадірлі де, қайырымды жандарды кешегі Кеңес заманында қасақана құртып жіберді емес пе. Оған Мұсаханның жар жолдасы, алты бірдей алтын асық сынды баласының анасы өзі де ұстаз болған Күләш Сәпиқызының мына естелігі куә.
«Қажы атамызды 1928-1930 жылдардың бір күнінде (қазір ол күнді білетін, дәлелдеп айтатын бір адам жоқ) үйінен милицияның адамы алып кетіп, апарып Павлодар түрмесіне қамайды. Атамыздың қартайған шағы екен. Екінші әйелі де қайтыс болған. Екі баласы Исахан, Мұсаханмен күнелдтіп жатқан кезі болуы керек. Балалары жас, он-он екілер шамасында. Іздеп баратын ешкім болмаған. Ақыры ауырып, түрмеде қайтыс болады. Тағылған кінә-қажыға барғаны. Сөйтіп екі жетім бала Омбы жаққа кетіп қалыпты. 1959-1962жылдары біздің Павлодар қаласында тұрған кезіміз еді. Бір жағдаймен түрме тұрған көшеден өткенімізде Мұсаханның жаны түршігіп, түрме жаққа қарай алмай ауыр күрсінгені бар» деп еске алар еді ол («Ұстаз». Алматы. Жібек жолы баспа үйі.1998)
Кезінде үлгілі ұстаз, маңдай алды мұғалима болған Күләш марқұм ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бәрінен де немере сүйіп, жан жары көрмей кеткен қызыққа шүйгіп, Мұсаханнан отыз алты жыл кейін өмірден озды. Үлкен ұлы Сержан білдей бір республикалық мекемені басқарған мемлекет қайраткері. Қыздары Жеміс пен Раушан, Гүлзарасы да жауапты қызметте. Кенжесі Ерлан да қара жаяу емес, ал ортаншы ұлы Бақытжан аты елімізден тыс жерлерге таныла бастаған талантты ақын. Не керек бәрі де еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар. Олардың ішінде, әлбетте, рухани жағынан жақын санап, жақсы көретінім-қаламдас, қадамдас інім Бақытжан.
Дақпырт үшін ұстаған қостілділік, Екіжүзді болуға баулайтындай.
Ана тілсіз есейткен ес білгізіп.
Не жазып ек заманға алдайтындай-
деп ана сүтінен айырылғандай ана тілін ұмыттырып, ата салтына өгей етіп өсірген заманына, қоғамына өкпе-наз айтып өкситін ақын өлеңдерін орысша жазады. Алайда соның өзінде оның жырларынан туған даласының мөлтілдеген көлінің, екпіндеген желінің, сыңғырлаған бұлағының, сыбдырлаған құрағының
ерке үні есіліп, алқызыл гүлінің, алқалы нуының жұпар исі аңқып тұрғандай болады. Бірде ол:
күн еңкейіп қырқадан, әрі аунаса, деме ерте.
Жалбыр шашты шыршадан Жолға сұлар көлеңке.
Сонда жасын сыптаған Сертті ағашқа кел, ерке! Деп ежелгі сақтарда Кездескен ғой жастар да, -
Деп тарих қойнауынан тірілтіп тың суретті тарта қойса, енді бірде: Ұмытып болды жол шалғай,
Ұмытып бағзы сүрлеулер . Тірлік тоқтап қалмағай, Ошақта отты үрлеңдер.
Талақ еткен тағдырың, Қалтылдаған үмітің Булыға өшкен балғын үн,- Мазалайды күні-түн.
Жол шаңы боп қалсамшы. Яки қырда шоқ тал боп.
Бәрі өзгенің алдамшы
Жадында ұстар соқпақ жоқ,-
Деп бұл дүниедегінің бәрі өтпелі, өткінші екенін еске салып, оданда тірліктің барлығын аңғартар жол шаңына айналып, өткен-кеткен пендеге пайдасы тиер қырдағы жалғыз шоқ тал боп қалғаны артық-ау!-деген ой өрбітіп, өзіндік сыр толғайды. Осындай ойлы ақынның қазақ оқырмандарына жете таныстыру, әрине, таяу келешектің ісі. Ал әлгі айтылған ойлар асылдың тұяғы, алтынның сынығы сынды тектінің ғана шабытынан туса керек.