06.02.2022
  153


Автор: Саян ЕСЖАН

* * *

Үнсіздігіңді
ұғына алмадым,
Тағдыр жазуы солай ма?!
Тіл қатсаң болды,
ұғынам бәрін,
Түсінем Күнім,
қалайда...
Жоқ, әлде сынға
салғаның бе екен?
Сезімге мәңгі
Уақыт – сын...
Секемшіл сезім
алдады ме екен,
Қол бұлғап тұрып
бақыт шын?!
 
Алдасаң,
алда аңғал басымды,
Тек жүрегімді алдама!
Ақтарған назды
таңдарға сырды –
Жанға жұбаныш сол ғана.
...Өткен күн – елес,
анық келмесі,
Шайқалған
көлдей бүгінім...
(Ақылдың ғана
ғаріп Пендесі
болмай-ақ қойшы,
құлыным!..)
Асығып тағы
Есілге бүгін
келдім мен біреу күткендей...
Адастым ба әлде
есімнен Күнім,
...Шынымен бәрі біткен бе, ей!?





Пікір жазу