06.02.2022
  205


Автор: Саян ЕСЖАН

* * *

«Жылауық»
жырымдай бүгін,
Тым ауық
жылады Аспан...
Көктемнің
көңілсіз күнін,
Өткіздім
тағы да бастан.
...Театр.
Жалғыздық.
Жаңбыр.
Ақынның
ең басты рөлі.
Режиссер –
Өмір мен Тағдыр,
Содан соң –
шайырдың жолы.
 
...Шайырға
жолыққан Ару,
Жолықпас
ендігі мезет.
Жанына
Жалғыздық дәру –
Дәл осы
келесі кезек.
Бүгінгі режиссер –
Уақыт,
Сезіммен
ойнаған жандай...
Қоюшы –
әрине, Бақыт,
Өмірі жазылған
заңдай...
...Көрініс.
Көңілді көктем.
Көңілсіз көшелер ғана.
Сезім. Жыр.
Бүгін мен Өткен...
Түйіскен ескі мен жаңа...
 
Ескі өзен.
Жаңаша өмір.
Сезімдер толқындай
қалқып.
Жайдарлы балаша көңіл,
Жол бойы
келеді шалқып...
...Ар жағы
белгісіз сюжет,
Белгісіз соқпағы жолдың.
Әлі де
тартылар күй көп,
Тағдырдан
Ойынын көргін.
Дәруі
Ақынның жалғыз –
Аруы белгісіз жақта.
О, бәлкім
Өткенде сол қыз,
О, бәлкім келер бір шақта?!
 
Әрбір жан
бір актер мұнда,
Театр –
ең үлкен өмір.
Батпасаң болғаны мұңға,
Сатпасаң болғаны көңіл...
...«Жылауық» жырымдай бүгін,
Тым ауық жылады Аспан.
Ғұмырым –
жазылар Жырым,
Тағдырым –
жазылмас Дастан...





Пікір жазу