06.02.2022
  342


Автор: Саян ЕСЖАН

ҚОШТАСУ ХАТЫ

Тағдыр дейсің,
Тағдыр ғой сол, білемін.
Қоңыр тірлік.
Қоңыр үн...
...Содан менің
тасқа айналды жүрегім,
Содан сенің
жасқа айналды өмірің.
Тәрк еттім
махаббаттың заңдарын,
Тәрк еттім барлығын.
Сезім түгіл өзімді де алдадым,
Жан гүлім!
Сезім деген –
ақ жауындай өткінші,
Жан жараңды емдер Күз.
Тек осы хат
өткінші емес деп білші,
Өміріме
Өлең болып енген қыз.
 
Қоңыр бақ та
бола алмайды жұбаныш –
Өткен күндер куәсі.
Кездесу мен Қоштасудан тым алыс,
Расы.
Суреттерді,
өрте, барлық хаттарды,
Өртенбесін тек кеудең!
Мен – елеспін,
Жанарыңда сақтаулы,
Ғайып болған көктеммен.
Тағдырыңа қайдан ғана тап келдім,
Қайдан ғана жолықтың?!
Енді саған мәңгілікке жат болдым,
Бүгін...қазір...соны ұқтым!





Пікір жазу