* * *
Жарығым,
қалай ғана сағынбауға болады?
Көктемені аңсарымды
түлеткен,
Көктемені
жас жүректе шым еткен –
Әр күнінде –
әр қайғымның обалы.
...Бүгін тағы
ұйықтағам жоқ түнімен,
Бүгін тағы
бола алмады жырым – ем.
Бәрі бір күн
басталарын сездім де
Бәрі бір күн
тынарын да біліп ем...
Ілік іздеп
Кінә менен Күнәдан,
Өткен өмір
қателігін шығарам...
Оны бірақ
шығарғаннан не амал,
Шерлі жүрек
желдей өксіп жылаған.
Жарығым,
қалай ғана ұмытуға болады?
Сол көктемді,
сол өзенді, жаңбырды,
Сол көктемді...
сол көктемгі тағдырды?!
...Көз алдымда
біз табысқан жол әлі...
Армандаған
адамыңдай болмадым,
Ойлап көрсең,
ол да тағдыр, ол да мұң.
Махаббаттан
басы айналған ақынмын,
Таба алмаған
мұраты мен жолдарын.
Артта қалды
сол көктемнің бір мұңы,
Баяғы өмір –
баяны жоқ тірлігі...
Ешкімге де енді керек емеспін,
Ешкім маған керегі жоқ –
шындығы...
Жарығым,
сені қалай ойламауға болады?
Таба алмадым
сол сезімнің дерегін,
Таба алмадым
салдары мен себебін,
Қазір жаз ғой...күз келеді ертең-ақ,
сосын гүлдер солады...
...Соң-соң бәлкім,
бәрі жақсы болады!