06.02.2022
  124


Автор: Саян ЕСЖАН

* * *

Өткен күннің сене бер,
наласы ұмыт,
Бүр жарады
сөзімнен жаңаша Үміт…
Кездесуден
көңілім қалтырамас,
Қоштасудың
жанымды жарасы үгіп…
Секемшілдеу болса да,
солай ғұмыр,
Сенімімді өлтірді
талай «күбір».
Жұлдыз жауған тамшылап
талайғы түн,
Жаңбыр саулап жанардан
талайғы іңір.
 
…Бүгін маған
қызықсыз бақ та қоңыр,
Біз сүйетін
қызықты аппақ Өмір…
Жетім бақтың
қоп-қоңыр өксігімен,
Жетімсіреп
көңілсіз жатқан өңір.
Сумаң етіп күндерім
сұр жыландай,
Сусып алға
әйтеуір жылжығандай.
…Мендік ғұмыр
ғазалы бүгін осы −
Басы, аяғы тұратын
бір құралмай…





Пікір жазу