06.02.2022
  113


Автор: Саян ЕСЖАН

* * *

Мына Әлем бақытты ғой
мен барда,
Сен барыңда әрине...
...Жырым қалар
тарам-тарам жолдарда,
Ертеңгі күн оқылатын әр үйде.
Ертеңгі күн
әр үйден ол табылар,
Жазылады
ғашықтық бір хаттарда.
Тармағында
тағдырлардың табы бар,
Ие болар мақтауға.
Ертең әлі мойындайды
бұл Ғалам,
Қазіргі ессіз баласын,
Сұлуды да ақын ойын шырмаған –
асқындырған жарасын...
 
Қол жетпеске
сөз жетеді түбінде,
Мен осыған сенем бек!
Сен де, мен де бақыттымыз бүгінде,
Ғажапқа осы кенелмек...
...Шыныменен бақыттысың,
Сары қыз,
Кейіпкері –
ертеңгі өлмес жырлардың!
...Мен Ғасырға
қалдырамын алып із,
Таңбасы қып жылдардың.
Көктем жайлы,
өткен жайлы білер ел,
«Классик!» дер, біреуі...
Сен жанымда болғаныңда бұл өнер –
...Мәңгі Өмір сүреді!





Пікір жазу