06.02.2022
  139


Автор: Саян ЕСЖАН

* * *

Тағы да кеудемді
бұл керіп күдік,
Тағы да өзің жаққа
желікті үміт.
Далада жел билейді
мың бұралып,
Санада жын билейді
еліктіріп.
Ес өлі. Жаным ояу.
Тәнім сұлық.
Сергелдең сағыныштан
сағым сынып.
...Ормандай
қалың-қалың ойларыммен,
Сормаңдай
сезімімнен қаным суып...
Қараша.
Қалтыраған жер қабағы,
Оңаша
Аспан отыр шерге оранып.
 
Жұлдыздар
көкшіл жасын бұлайды ұзақ,
Жамалын
ай сипаған желге налып.
Еңсемді езсе табы
есер күннің,
Уақыттың қолындағы
кесел-мұңмын.
Көзіңнің кәусарынан
тұнып ағам,
Содан соң,
кеуіп-семіп өшем бір күн.
...Ұйқыда қазір меңіреу
мына ғалам,
Ұйқыда қазір менің
құба далам.
Жіберіп үшбу сәлем
ақ бұлттардан,
Қалқатай,
тағы да үнсіз тына қалам.
Солай...солай...





Пікір жазу