06.02.2022
  106


Автор: Саян ЕСЖАН

* * *

...Үнімді естігің
келмеді,
Оқығың келмеді
хатымды...
Бәрінің себебі
сол ме еді –
«Елемеу Ойыны»
ақынды?!
Бүгін Сен басқасың,
мен-дағы,
Сол «басқа»
өзгертті біздерді.
Көктемнің аяулы
Жолдары,
Іздемен Сені де,
Күзді енді...
Өткенде қалатын
белгі көп,
Белгі жоқ
уақытта қазіргі –
 
«Жүрегің сүймеуге көнді»
деп,
О, бәлкім,
о баста жазылды.
Жазушы-Тағдыр да
шебер ғой,
Бұл тірлік –
дәл соның дәлелі.
Бәріне,
бәріне көнер ме Ой
Көнер ме
ақынның Әлемі?
Сағыныш –
көндігу амалы,
Сүйем деп
сендіру өзіңді.
Сезім де
Сенім де қалады
Ауыртып
жүрек пен төзімді...
Көктемнің аңғалдау
шағында,
Тағдырым бір деп ем –
жанымыз...
 
...Ал қазір
Жалғыздық жанымда,
Сол Көктем алдапты-ау,
Сары қыз!
Жоқ реніш саған да,
көктемге,
Тек қана сағыныш
басымдау.
...Үңіліп қарашы өткенге,
Өзгеріп кетіппіз,
расында-ау!
...Естімен үніңді енді мен,
Сенің де құлқың жоқ тыңдауға.
Шыдаймын.
Ұмытам. Көндігем.
Алдағы аяусыз жылдарда...





Пікір жазу