06.02.2022
  139


Автор: Саян ЕСЖАН

Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВҚА

Көмейінен төгіліп
құба белдің,
Кісінейді кеудемде
құлагер-мұң.
Бозаң дала бозғылтым
күй шертеді,
Азаттықтың әуенін –
сынағы елдің.
Гүлдер шырқап,
тіреген көкке ерінін,
Өктемдіктің тілгілеп
өктем үнін,
Қара Жер де,
Аспан да дұға оқиды,
Сарынымен
киелі көк бөрінің.
Қыртысында
қырлардың сағым басқан,
Именбестен,
ешкімге табынбастан...
Жанарынан жарқ етіп
жасын жыры,
 
Еркіндікпен
тағдыры тамырласқан.
Көзін бұлап
тамсанса бұлдыр ғалам,
Қабағымнан сескенген
тұнжыр заман.
Бахадүр ер бабамның
рухы ойнап,
Даламның әр шөбі
азат былдырлаған.
Бедерінде тарихтың
кешкен күнім,
Ғасырлардың түбінде –
көшпенді үнім.
Дәуірлердің төсінен
көктеп шығып,
Бодандықтан
бостандық тескен бүрін.
Тізбектеліп
тырнадай тыраулар күн,
Езгісіне төзгенмін
бұғаулардың.
Ерлігімммен
еңсеріп дұспанымды,
Өрлігімен хас батыр,
жыраулардың.
 
Тәңірдің құйылғанда
нұры көктен,
Семсердей боп заманын
тіліп өткен.
Алдаспандай
жарқылдап алаштықтар,
Сахараның төсінде
дүбірі өткен.
Жазуынан тағдырдың
қашпайды адам,
Көкжал қаны толғанса
баста ойнаған.
Көкжал мінез болмысы
айбарланса,
Мына меңіреу
ғаламға сес қайраған.
Жұбан рухы
төсінде кең даланың,
Жұбан жырдың
сөзі боп жалғанамын.
Әр қазақтың қанында
күнге айналған,
Жұбан ақын
рухы мен боламын!





Пікір жазу