06.02.2022
  129


Автор: Саян ЕСЖАН

***

Армысың,
Тәуелсіз Ғасырым,
Армысың,
Тәуелсіз Уақыт!..
Қош келдің,
Еркіндік , асылым,
Қош келдің,
мұңымды уатып!..
Бабамның тілегі
Сен едің –
Киесі киелі
даламның.
Кәусардай
мөп-мөлдір Өлеңім,
Ұшында
оянған қаламның.
 
Көзімде
бұлдырап Өткенім,
Сөзіммен нұрланған
Бүгін Күн...
Қош келдің,
тәуелсіз Көктемім,
Бостандық,
мен сенің ұлыңмын!
Күй болып
өрекпіп шаттығым,
Арманым
асаудай алқынған.
Тәңірдің бақ-құты –
Ақ Нұрым,
Тәңірдің сыйысың
тартылған.
Сен мәңгі тірісің,
жарығым,
Сен мәңгі
үнісің сертімнің.
Мен мәңгі
Далалық тағымын,
Асылым,
мен мәңгі Еркінмін!
 
...Дәл солай,
тәуелсіз Ғасырым,
Дәл солай
тәуелсіз Уақыт.
Сыр бүккен
құпия «тас» үнім,
Тұр әне,
зарымды жұбатып.
Кешегі кералаң
уақытта -
Біресе табылып,
жоғалдым.
...Ордасы орнаған
Бақыттан -
Мен енді
Қазақ боп оралдым.





Пікір жазу