06.02.2022
  156


Автор: Саян ЕСЖАН

ТҮН. ПУШКИН АЛЛЕЯСЫ

Алқымымнан жел жұлқылап,
қағынған,
Қалатүні...
(олдамендей ауырған).
Толқиды Есіл,
күндерімдей тоқтаусыз –
Толқындары
ағысынан жаңылған.
Сағым сынды
көз алдымнан бұлдырай,
Бұлт ішінде жүзеді
үнсіз мұңлық Ай...
Бұл қаланың
аспаны да жылауық –
Көзі жастан
құрғамаған құрбыдай.
 
Сол жаңбырмен шайылса
егер бар мұңым,
Мұңаймас та ем
мен осылай дәл бүгін...
...Қарашаның
жапырағына ұқсаған,
Қайран,
менің қалт-құлт еткен тағдырым.
Мезгілінен мезі болған бір мен бе?!
«Өмір деген – түс»
шынымен білгенге...
Сөзім өтпей
сұм жалғанға безерген,
Жырымды оқып тұрмын
өлі гүлдерге.
Бұл мекенде
талай-талай «жыр» қалды,
Бұл мекенде
талай-талай сыр қалды...
Байырғы дос –
Жалғыздықтан басқа бір,
Айтшы,
Уақыт жанымда енді кім қалды?!
 
...Өзімді іздеп келгем кеше...
ауылдан,
Мың адасқам,
жоғалғам һәм табылғам...
Бүгін түнге көмдім
барлық мұңымды –
Қайырлы үміт боп
келер деп таңымнан...





Пікір жазу