ТҮС. АБЫЛАЙ. ДАТ.
Түсім...
Түн... сәулесі төгілген
лағыл айдың,
Кеудемде күмбірлеген
қоңыр айбын...
Буалдыр –
көзім алды қалың елес,
Бурабай...
ақ ордасы Абылайдың.
Сексен көл
толқынындай толқып өмір,
Әуезді жел
гуіне елтіп өңір.
Кісінеп қарагердей
көңілім дүр,
Ханға айтпақ
дат бұйырды еркіме бір.
Ұстаған сөзбен мығым
паң даланы,
Қатулы қара түндей
хан қабағы.
Көзінің сұсыменен
«сөйле» деді,
Тыңдалық,
қалай екен ар бағамы...
Есінеп есі кеткен
есіл жалған,
Бүрлейді үмітімнің
төсінде арман.
Жүрекпен датымды айтып
сөйлеп тұрмын,
Күмілжіп, күткендейін
«кесірді» алдан.
− Хан ие, азат міне, халқың бүгін,
Тірі ғой... әнім, күйім,
салтым, жырым.
Көгенде ойнақтаған
қозы-лағым,
Төбемде алып қыран,
алтын Күнім.
Елімнің түні – еркін, азат – таңы,
Тегімнің Тектілігі – Қазақ қаны...
(Тіл – шала,
дінім – шұбар болмаса егер,
Былайша,
бәрі жақсы...ғажап бәрі.)
Ер бабам, ұлың асқақ,
қызың керім,
Далаң – бай,
әрі байтақ, түзің – көрім.
Асанның Жер Ұйығы
осы мекен,
Аралап, қызықтаған
Қызыр белін...
...Ес кетіп,
шошынды екен дәтім неден,
Тіл-мылқау,
жүрек үнсіз, ақыл-керең.
Сөзімді жалғай алмай
тұрып қалдым,
Тұрып қалдым,
жалғыз-ақ датымменен.
Қояндай дір-дір етіп
бойдағы Үміт,
Хан сұсы тұла бойды
жайлады нық...
(Білмеймін, сүйінді ме,
күйінді ме,
Қара түн...
сүйенеді айға бұлт...)
Ұзақ бір
маған қарап үңілді де,
Елемеді сыбысты,
күбірді де...
Балбалдай мұңға батты
үнсіздікпен,
Мұң ілді ме көзіне,
түңілді ме?!
Хан үнсіз салды-дағы
ойды елекке,
Бекінді әлденені
сөйлемекке.
Сол бір сәт түс үзілді,
құба таңмен
бұлдырап бұзылды әттең,
ой кенетте.
Қан тулап,
өрттей лаулап тамырымда,
Білмедім,
не болғанын анығында.
...Теңге-күн көз алдымда
дөңгелейді,
Дүние сол
баяғы қалыбында.
Белгісі екен сірә,
түсім ненің,
Белгісіз... ойым он сақ...
түсінбедім.
Көп елес
көлбеңдейді көз ұшымда –
Есіме басқа ештеңе
түсірмедім...
Шолпысын алтын күннен
таң тағынып,
Тауға үнсіз
сүйенеді марқа-бұлт...
Аспанға телміремін
түсімді ойлап,
Аспаннан түскендейін...
аңтарылып...
Жанымды алғандай
бір күш дуалап,
Көзімнен кетпей қойды
«сұсты қабақ»
Абылай жанарындай
өткірленіп –
Рауандап атты үнсіз
сұсты таң ақ.
Тылсым түс...
өшпей қойды өредегі,
Қайран хан,
ұрпағына не дер еді?!
Ойымнан айыға алмай
әлі жүрмін,
Шайқалған адамдайын кемедегі...
Білмеймін, жоритынды неге, нені...