06.02.2022
  145


Автор: Саян ЕСЖАН

САҒЫНЫШ

Бұлт ішіне күмп етіп
құлаған күн,
Бұлың тартып, бұлыңғыр
тұман алдым...
Бетегелі беліңе
бара қалсам,
Боз жусанды
бір иіскеп жұбанармын.
Шулы шаһар...
Қалды артта қоңыр ауыл.
Көзге – сәуле құятын,
жаныма нұр.
Тоғыз жол торабында
Тағдырым тұр,
Білмеймін жан бағы ма,
соры ма бұл?!
 
Келгенмен желік басып,
арман қуып,
Сол арман
бүгінде рас қалған-ды ұмыт.
Өзім де,
сөзім де һәм мың өзгердім,
Жанардың айнасынан
Жалған күліп.
Жылдар-ай, жүйткіп ұшқан
зымырандай,
Қадірін сол күндердің
ұғына алмай...
Осынау ғалам сыйған
жүрегімде,
Барады ауылымның
бүрі қалмай.
Жете алмай аңсарлы шақ –
таңға бұла,
Жеткізбей тарау-тарау
жол да мына.
Адасқан үйірінен
құлыншақтай,
Елеңдей берем
үнсіз жан-жағыма.
 
Кетіп ем бір кездері
қолым бұлғап,
Қош айтып қалған орман, қорым,
қыр да ақ.
...Ауылдан адам
қалай алыстаса,
Ауыл да солай сірә,
сағындырмақ.
Мезі боп сұр қаладан
сайтандалған,
Теңіз-ой толқынында
шайқалды арман...
Өзендей өміріңнің тамшысы едім,
Табылмай қойған бұл
күн қайта арнаңнан.
...Бұлт ішіне күмп етіп құлаған күн,
Бұлың тартып, бұлыңғыр
тұман алдым...
Бетегелі беліңе барам бір күн,
Содан соң мәңгілікке жұбанармын.





Пікір жазу