ОРАЛУ
Ақ көйлегін
киінген сұр тұманнан,
Анау қырда
біздің ел жұрты қалған.
Анау белде асыр сап
балалығым,
Алғаш рет
ең тұнық жыр құралған.
Бәрі есімде...
Сол қырат,
сол бір адыр,
Сайтан сынды
билеген шаңды дауыл,
Періштедей
қалықтап ақ ұлпалар,
Тылсымына
еліткен барлық ауыл.
Жалған-ай,
өшкені жоқ бәрі де есте,
Тұнық көлі,
орманы, кәрі кеш те...
Қобыздың зарлы
үніндей қоңыр желдің,
Құйылар көкірекке сарыны еспе.
Ақ тұмағын
боранды жұлқып ақпан,
Осы атырап
ақ көкем жылқы баққан.
Осы атырап
ақ анам келін болып,
Қара қазан көтеріп,
шырпы жаққан...
Осынау шексіздікті –
«Өмір!» дедім,
Шексіздік –
ол мәңгілік жолым менің.
«Өзіңнен қалған соқпақ
мына менмін!» −
Деп едім, күрсінді үнсіз
қоңыр қорым.
Бір аяулы іңкәрлік
төске еніп кеп,
Оянады жадымда
естелік боп.
Мауқымды басып бір сәт,
қайтып барам,
Қарашығыма жалқындау
кеш қонып көк.
Көзіңе ыстық болғанмен айнала кіл,
Қадіріңе кім жеткен қайран ауыл?!
...Жүз қараша үй кезінде
мың үй болған,
Бір күнде ғайып бопты-ау...
...қандай ауыр!