05.02.2022
  165


Автор: Өміржан Әбдіхалықұлы

Қош бол, Раушан!

Қызға сезім білдіру - еш дайындықсыз өмірге келу сияқты аяқ астынан болады деп ойлаған емеспін. Мен Раушанға білдіремін деп ойламаған жүрек сөзімді, бәлкім саналы ниетімді айтып отырғанда өз сөзім мен сезіміме біртіндеп сене бастадым. Өзіме сенімім бар екеніне қуандым. Мен махаббат туралы екеуге арналған әңгімемді бастағанда, қарсы отырған Раушан жазып отырған қағазының үстіне қолын айқастыра жантайып, жүзін жасырып алды.


Мен сөйлеп біттім. Ол басын көтерген жоқ. Біз отырған ас үйді үнсіздік басты. Мен үнсіздіктен қорқа бастадым. Тыныштықтың осыншалықты қорқынышты болатынына сенгім келмей, балконға шықтым да темекі шектім. Жалғыз отырған Раушанға қарап қоям. Ол сол қалпы отыр. Мен болконнан кіргенде Раушан:



  • Темекіні көп тартпасаңшы! - деді. Мен өтірік жымиған болдым да:

  • Сенің үндемей қалғаныңнан қорқтым, - деп едім:

  • Үнсіздік - келісім белгісі демеуші ме еді? -

  • Мен сөзге сенем. Әуелі сөз жаралды есеспе? Егер үнсіздіктің бәрі келісім бола берсе, онда жердегілердің іс - әрекетін Құдай мақұлдаған болып шығады ғой.

  • Мен құдайдан қорқам.

  • Ал мен қорқпаймын. Раушан басын оқыс көтерді де:

  • Түсінбедім! - деп тағырқай қарады.


 



  • Мен Құдайды жақсы көрем. Одан қорықсам, оны жақсы көре алмас едім. Құдайдан қорықсаң - алыстайсың, жақсы көрсең жақындайсың.

  • Адам бәрібір бір нәрседен қорқуы керек қой.

  • Өзінен қорықсын. Менің сенің үнсіздігіңнен қорыққаным сияқты.

  • Менің емес, екеуіміздің. Үнсіздік - екеуіміздің екі жолды түйістірер алдындағы еркіндігімізбен қоштасуымыз. Бәлкім, жанның егізін табуы, жаныңа жар болған жалғыздық пен соңғы рет бақұлдасуы болар. Мен жалғыздықты сағынатын боламын. Менің жылағым келіп отыр. Қос қимастың ортасында тұрмын. Ол үнсіз қалды. Мен Раушанның сол қолын ұстадым. Оң қолын өзі берді. Екеуіміз қол ұстасқан күйі, үнсіз қалдық. Раушанды менің жаным шын қалайтынын, мен үшін сенім мен үміттің бейнесі айқындала бастағанына санамды жүрегім иландырды. Мен де Раушанға икемделе бастадым. Мен оны демімнен де жақын сезіндім.

  • Раушан, мен   саған   бақытты   уәде   ете   алмаймын.   Өйткені,   мен   қос маңдайдың түйіскен тұсындағы жазуды оқу қолымнан келмейді.

  • Оның оқылмауы - өмір. Бақыт деген осы сәт. Оның ғұмыр бойы қасыңда жүруі мүмкін емес. Біздің қол ұстасуымыз - екі жанның үйлесімі ғана. Біз бар болғаны мойынсұнамыз. Ол қолымды ақырын қысып жымижы.

  • Мен сені мұншалықты терең ойлайды деп ойламаған едім.

  • Кешірімді.

  • Әдемі. Біз бір - бірімізге жымия қарадық.


Мен орнымнан тұрып, балконға шығуға ыңғайлана беріп едім, ол:



  • Тағы да темекі ме?! - деді.

  • Енді, сенің айтқандарыңды сіңіруім керек қой. Ол күлді де қолын айқастырып жантайды. Мен болконнан оған қарап тұрдым. Ол мені көре алмады. Мен қараңғыда тұрдым, ол жарықта отырды. Мен кірдім де майшам тауып, жарықты өшіріп, майшамды жақтым. Жарықты өшірген кезде Раушан басын көтеріп: «Не істеп жатырсың?» дегендей, маған қарады. Мен майшамды жаққанда барып ақырын күлді.

  • Мұның не?

  • Даланы сағындым. Шамды кесенің түбіне орнаттым да Раушанның шашынан иіскедім.

  • Шашыңнан даланың иісі шығады.

  • Тегіміз дала. Ертең сол туған далама кетем. Шешемді сағындым.

  • Аналық сезімің ояна бастаған екен. Ол күлді.


 



  • Ақырын, елді оятасың.

  • Елдің оянғанынан қорқасыңба?

  • Аздап. Ол үндеген жоқ.Орнынан тұрып кетуге ыңғайланып:

  • Ауылда сендерді сағынатын шығармын.

  • Сендерің кім?

  • Қорықпа сені ойлайтын болам. Мен оған қолымды создым. Ол қолын ұсынды. Құшағыма еніп келе жатты. Біз қимылсыз ұзақ тұрдық. Раушан құшақ ажыратып есікті ашқан кезде, майшам жалп етіп сөніп қалды.


Ертесінде мен жұмыстан келген кезде Раушан ауылға кетіп қалыпты. Менің өмірді қабылдауым өзгере бастады. Раушанды күн өткен сайын сағындым. Оның мен үшін бағасы өмірлік құндылыққа айналды. Мен оған сендім.


Мен үйге келген бойда аяқ киімдерге қарайтынмын. Раушанның аяқ киімін іздейтінмін. Тіпті, аяқ киімдерге қарап кімдікі екенін, оның талғамын, аяғын қай жағына қисайта басатынын, аяғына деген құрметі қаншалықты екенін біле бастадым. Адамдар жерге деген құрметін аяқ киім кию арқылы көрсете ме екен, жоқ әлде жерді жатсынғаны ма? - деген секілді күлкілі ойларды ойлай бастадым. Бірақ Раушанды ойлауым тоқтаған жоқ. Қызметтік күндерімнің кезекті бірі аяқталып үйге келдім. Келген бетте, аяқ киімдерге қарадым. Әйел адамның жаңа аяқ киімі тұр екен. Раушан келіпті. Аяқ киімі өзгеріпті. Мен қатты қуандым. Шайға отырғанда досымның шешесі:



  • Құдалықтың сарқыты - деп, табақтағы етті алдыма қарай сырғытты. Мен Раушанға қарадым. Ол стол үстінде қатар тұрған күнтізбе мен сағатқа қарап, ойланып отырды. Мен еріксіз етке қол создым.


Сен расында да Құдайдан қорқады екенсің. Қош бол, Раушан!





Пікір жазу