АХМЕТЖАН НҰРТАЗИНМЕН АЙТЫС
1963 жылы Солтұстық Қазақстан облысы, Шал ақын (Сергеев) ауданында малшылар слеті откізілген болатын. Соған орай ақындар айтысы ұйымдастырылды. Оған облыстың халық ақыны – Ахметжан Нұртазин қатысып, «Заря» совхозының айтыскері болса, мен «Марьевка» совхозының намысын қорғаған едім.
Ал əнші-жыршы Игібай Əлібаев айтысты өз өлеңімен ашқан еді.
Жеке мұрағатымда сақталған айтыс мəтіні төмендегідей:
ИГІБАЙДЫҢ ТОЙ БАСТАРЫ
Өлеңнің келді тағы тасыр кезі,
Тасытқан өлең-жырды ғасыр өзі
Төгілген толқынды əннің селіменен,
Жалғасып жасыл алқап жатыр белі.
Жасартқан жасыл белді жасампаз жан,
Табиғат неткен шебер сонша өнерпаз
Ертемен мал өргізген малшы қарттар,
Əн қосқан қыз-бозбала балақан мəз.
Кім сүймес малшы адамды, кім жырламас,
Ауданда адамдар көп малмен сырлас.
Мөлдір су балаусаға жайып күн-түн,
Озаттар еңбек сүйгіш дамыл алмас.
Жалқаулар еш уақытта мал бақпайды,
Жалтақтап көлеңкеде жан сақтайды.
Мал десе жаны-құты қалмас ерді,
Айрықша Отанымыз ардақтайды.
Мал Отанның ырысы, берекесі,
Мал Отанның тынысы мерекесі.
Құрығы құтты болып малшылардың,
Көркейсін жылдан-жылға тың өлкесі.
Иесі осы тойдың өздеріңсің,
Деп отыр сіздер ойнап, сіздер күлсін.
Өлеңсіз өткен емес халық тойы,
Сондықтан ақындарға сөз берілсін.
Ахметжан:
Шалқымай шабытымның шарты келмес,
Шын жүйрік шу дегеннен шығар дербес.
Жүлде алған нелер тұлпар түссе топқа,
Бірі де əрберден соң шаңыма ермес.
Қызғанда қанат бітіп қиялыма,
Жыр кернеп көкірекке əрең сияды да.
Теңіздей шалқып, толқып тасығанда,
Қолға алман қағаз, қалам, сияны да.
Топқа енсем толықсимын шалқып тасып,
Аламын арқам қозып əнге басып.
Ардақты озаттарым алдарыңда,
Құрметпен бас иемін амандасып.
Тойларың тойға ұлассын тойшыларым,
Сауыншы, малшы, төлші, қойшыларым.
Сіздердің табысыңмен таныстырып,
Толғайын топ ішінде ой шынарын.
Ақынмын жырым асқақ жалындаған,
Айтыстан жасқана ма дарынды адам.
Мақтанар ісің бар ма Марьевкам,
Шамасы шаруаңның мəлім маған.
Атақты совхозымның аты «Заря»,
Егістен елден озып шықты дара.
Келсеңіз айтысуға меніменен,
Кəнекей табысыңды айтып қара.
Жарасбай:
Армысыз, аманбысыз халқым дана,
Бармысыз айтысуға ақын аға.
Баршаға басымды иіп сəлем берем,
Мен тұңғыш шығып едім сахнаға.
Мен едім марьевкалық ақын інің,
Елімнің ерлік ісі тақырыбым.
Шабытым шаруаның көңіл-күйі,
Мен де жайдақ сөзбен тақыр ұғым.
Шығарған жұрт алдына ақындығым,
Еңбекпен қоян-қолтық жақындығым.
Жас ақын маған бүгін тиесілі,
Көп есту көпшіліктің мақұлдығын.
Сөзім мен ісімнің жоқ айырмасы,
Өлеңім – жұмысымның қайырмасы.
Дауысым күннің бейне күркіріндей,
Əр сөзім жалтылдаған жайдың тасы.
Айтыстан деген ой жоқ дес берейін,
Өлеңнен өрмек құрып кестелеймін.
Ырғағы шөп шалғынның сырылындай,
Ұйқасы қатар-қатар десте деймін.
Сөйле деп сөз берген соң аудан маған,
Сүт тартқан машинадай заулап ағам.
Жырымның нақпа-нақты нақысымен,
Отырған жұрт көңілін жаулап алам.
Ахметжан:
Бас қосқан слетіңде малшылардың,
Ерекше аспандата əн шығардым.
Ақыным, дайындалып тиіспесең,
Самайдан ащы терің тамшылар тым.
Сауыншы, төлші, қызым, келіндерім,
Көрмедім еңбек десе ерің едім.
Бұзауым бұқадай боп күжірейіп,
Қошқардай кеше туған төлім менің.
Төрт түлік малым өсіп алға басып,
Дария боп сүт теңізі жатыр тасып,
Сары қымыз сабалаған Алқағашта,
Жіберсең мұрын жарар аузын ашып.
Еңбеккер адамды айтса ақын сөзі,
Кетеді, толқынданып тасып өзі.
Бармақтан бал тамызған озатымыз,
Атақты Алқағаштың Алтынкөзі.
Қашанда жақсыны айтсам жатық əнім,
Депутат ауданыма аты мəлім.
Мəрияштың сауған сүті кетер алып,
Марьевка совхозының атырабын.
Жылқышы жетпістегі біздің Шайжан,
Жылқысыз жүре алмайды шайлап майдан.
Бар шалын Марьевканың жинасаң да,
Шайжанға соның бəрі жетсін қайдан.
Атақты Салқай бағып бойдақ малды,
Малдары семіз шығып сыйлық алды.
Салқында түнде оттатып баққан малын,
Далада өткізулі ала таңды.
Тауығым тоғыз базға зорға сыйды,
Тонналап жұмыртқаны тастады үйіп.
Тауықшы Катя менен Афанастың,
Еңбегін бағалаулы халқым сүйіп.
Совхозым сегіз базды тастан салды,
Бұл жөнінен облыстың болды алды.
Мал қиы электрдің күшіменен,
Базыма баяндамай кете барды.
Озат жоқ Бимақанның келініндей,
Ажары Алматының өрігіндей.
Розаның саусақтары тиген емшек,
Ұстаның күмпілдеген көрігіндей.
Келмейді таудай табыс оңай бəрі,
Болады мал бағудың талай мəні.
Нина мен Николайцев Андрейдің,
Тоқтыдай биыл туған торайлары.
Жарқыным өнеріңді жарыстырып,
Байқаңыз табысыңды салыстырып.
Берейін кезегіңді ақын інім,
Өтіңіз табысыңмен таныстырып.
Жарасбай:
Қолыма домбырамды тағы ұстаймын,
Озбасам, сірə Сізден қалыспаймын.
Сан сала табыстарын совхозымның,
Ұзақ күн айтсам дағы тауыспаймын.
Мен сізге сүт сауудан бəйгі бермен,
Жарыстың озатымын əйгіленген.
«Заряның» сүті – дария деп қалдыңыз,
Шамасын дарияңыздың, уай, білем мен.
Сүт десең, маған лайық мақтануға,
Бұл жөннен келе алмайсыз қапталыма.
Жоспарым дəйім артық орындалып,
Дауың жоқ озып келе жатқаныма.
Саналы сауыншым бар Шопанова,
Мұнтаздай, кір жұқтырмас шапанына.
Тоқсандық жүлдені алған Толстова,
Ұқсайды жүзі күннің шапағына.
Есепсіз жаңа салған қораларым,
Келеді кең сарайша аралағың.
Қорамның айналасын көң баспайды,
Тұрады ақсүйекше қара малым.
Бір қорам Шапайдағы мақталынбақ,
Бар жұмыс машинамен атқарылмақ.
Қазіргі заман үшін заңды болмас,
Қиларды қолмен күреп жатқаның-ақ.
Күтулі қораларға орай малым,
Секілді емес сенің торайларың.
Борлықты бойлай қаңғып жүрген жерден,
Жинауға болмай қапты оңай бəрін.
Шошқаны атпен іздеп шапқылаған,
Орманға толып кетті аттылы адам.
Ес кетіп тексерістен сасқандары-ау,
123 шошқа артық деп актылаған.
Шапайым – қазақ аулы қала сынды,
Жемісі егісімен жарасымды.
Совхоздың орталығы – жаңа қоныс,
Үйлері заңғар көкпен таласулы.
Бірінші бөлімшеміз күнде өсуде,
Сергеевка, Ақан-Барақ бірлесуде.
Еңбектің екпіндісі коллективі,
Атағын алу үшін күресуде.
Жалтырдан Қалабаев Кəртайды алшы,
Бос сөзге, олақ жанға сондай қарсы.
Белгілі тəртіппенен мал бағатын,
Мəттағам бар ма сізде ондай малшы?
Көрмейсің қоны төмен, қотыр малын,
Суы мол, жайлымының оты қалың.
Демалыс сағатында, көрсең келіп,
Жастары газет оқып отырғанын.
Мен сіздей мақтанбаймын кəрі шалға,
Мақтанам ерлер Ешхан, Əмірханға.
Баладай мəпелеген əр қойынан,
Үш костюм кигізетін əрбір жанға.
Солардың намысы үшін кірем дауға,
Қойдан да жаман емен мен ауданда.
«Заряда» қалай шыдап отырдыңыз,
Қойлары Алқағаштың жер ауғанда?
Жақпады-ау ауа райы қойларыңа,
Қырылды Соколовка сайларында.
«Жаз ойла қыстың қамын» дейтін еді,
Биылғы орыныңды сайладың ба?
Комсомол Дəмкенім бар Қази қызы,
Еңбектен қол үзбейтін жазы, қысы.
Бір өзі қыста сақман, көктемде аспаз,
Қой қырқу – қалап алған қазіргі ісі.
Ақ жүзі толған айдай дөңгеленген,
«Заряның» ондай қызын көрген емен.
Қолына қолы жұқпас шеберлігі-ай,
Он қойды артық қырыққан өңгелерден.
Моторист, малшы, диқан, балуаным,
Өнердің біліп алған бəрін-бəрін.
Еңбектің коммунистік екпіндісі,
Нар қоспақ Бекішевтей бар ұланым.
Бір ісі асып түсіп бір ісінен,
Жұмысты алады ылғи ірісінен.
Бір өзі семьялық агрегат,
Келіні, қарындасы, інісімен.
Ахметжан:
Жаз бойы жан бармаған «Дальный» базға,
Кемшілік көрген жанға онда аз ба.
Малдары күн көзінде жатыр шыжып,
Қала ма базға кірсе батып сазға?
Мұны көп сынға алып біз өтетін,
Ісі көп қолға алып түзететін.
Жүдепті жағдай өте кем болған соң,
Қабаш қарт осы базды күзететін.
Малшылар судан көрген тапшылықты,
Етпеген ешкім барып басшылықты.
Аядым өз көзіммен көріп тұрып,
Бақташы Қали, Кəртай, Жақсылықты.
Ішуге құдығыңның суы сасық,
Бөшке жоқ əкелуге елден тасып.
Бұл жерге Бердников бір келместен,
Жоламай кетсе керек мүлдем қашып.
Кір басып малшыларың жүдеп, азды,
Өткізді монша көрмей осы жазды.
Жуынуға котлованға суға түсіп,
Кемпірі Қабаш қарттың кете жаз-ды.
Əбілов қойын баққан жері тақыр,
Көмейі көкке толмай арыды ақыр.
Жайылымның жайын барып көзбен көрмей,
Үйінде зоотехнигің не ғып жатыр.
Тақтайдан қырыққан қойың тұра алмайды,
Əлі жоқ, тұрамын деп тыраңдайды.
Қойларың құты кетіп болған əбден,
Ақындар көргенді айтпай тұра алмайды.
Күлкəннің қырыққан қойы қызыл-ала,
Қырық жерге қайшыменен салды жара.
Жараға қара майды жағып еді,
Өз қойын танымады қойшы бала.
Шапайда елу жылқы бағып жатыр,
Сауылмай биелері қалып жатыр.
Аңсаған аңызақта жұмысшылар,
Таңдайын сусадық деп қағып жатыр.
Ертеден елдің көркі – жылқы малы,
Бастыққа жылқыны айтсаң бұлқынады.
Сапырып сары қымызды ішіп алсаң,
Кете ме таңдайыңнан тіпті дəмі.
Сиырды сауыншыдан қойдық зарғып,
Апардың Əлпияны жоқтан бар ғып.
Аяққа ақ шелекті қысып алып,
Болбырап емшекті ұстап отыр қалғып.
Шелекке отырған жан құлайын деп,
Ойлай ма сүтім аз деп уайым жеп.
Емшегі сиырыңның кір болса да,
Əлпия отырған жоқ жуайын деп.
Жарасбай:
Беу Ақа, жақсы айттыңыз, бəрекелді,
Сіздің сөз маған да сөз ала келді.
Мен дағы сын семсерін сілтейін бір,
Екі сөз бола қалсын дəнекерлі.
Жетіспей бес сауыншың «бірініңде»,
Тұрғанда қайнап жаздың күні шілде.
Бес сағат сауылады екен сиыр,
Сауылып біткенінше ірісін де.
Сүт құяр флягың жоқ шелек тіпті,
Сарылып сауыншылар кезек күтті.
Зоотехник Кочергина үйреткен-ау,
Сүтті тез ірітетін «шеберлікті».
Шопыры Соколовканың бенсинсіз қап,
Жолда ұйықтап жатады екен мезгілсіз-ақ.
Ауданға алып келген бір тонна сүт,
Əжемнің іркітіне бергісіз-ақ.
Партия тұрғысынан зер салайық,
Көрсетіп кемшілік берсе – лайық.
Қасқырдан қорып жүрген совхоз қойын,
Өзі жеп қойды Қапез Бейселбаев.
Малшының мойнында жүр төрт қойыңыз,
Айыптап төлетуге жоқ па ойыңыз?
Сиырлар семіз дейсіз, былтырғыдай,
Келе ме əлде тағы жеп қойғыңыз?!
Малшысы Соколовканың сотқар-бүлік,
Жығатын зоотехнигін нақтап ұрып,
Сол Личко əлі күнге құтырып жүр,
«Заряда» соған салар жоқ па құрық?
Малшының балалары ойнайтын жер,
Болыпты бұзау-торпақ жайлайтын жер.
Қашанғы стадион қирап жатпақ,
Осы бір, Ақа, сіздің ойлайтын жер.
Деген сөз Алқағашта кітапхана,
Тар сенек екен қойған бітеп қана.
Ішінде тым болмаса бір кітап жоқ,
Тұр екен жалғыз ескі шкаф қара.
Кітаптар Марияштың үйінде екен,
Кісіге кітап сұрау қиын екен.
Апыр-ай көп ағаштың арасында,
Үй қию соншалықты қиын ба екен?
Кемшілік бізде де бар, сізде де бар,
Баршасын тізе берсек жүз де болар.
Бастысын əлеуметке ашып айттық,
Əділ сын күтеді ғой бізден олар.
Бір сағат түйдек-түйдек шумақ төктім,
Дауысы шығып жатыр шулап көптің.
Ал, Ақа, қамшыңызды тағы да бас,
Мен сізге қарайламай зулап кеттім.
Ахметжан:
Айттыңыз жігіттерді сиыр жеген,
Жылқыңыз қайда кетті үйірлеген.
Таласып төрт жылқыға бүкіл ауыл,
Өсектеп бірін-бірі бүйірлеген.
Өсіпті Жалтыр үлкен қаладай боп,
Көргенде қуанамын баладай боп.
Бірақ та бір үйінде радио жоқ,
Отыр ғой құлаққа ұрған танадай боп.
Жалтырға неге бастық шыдамады?
Бұл əдет бізге мүлдем ұнамады.
Болған соң бастықтары ауыспалы,
Шаруасы кейін кетіп тұралады.
Кеңседе қағазына сығырайып,
Борисов отыр өте тымырайып.
Жағдайын айта келген жұмысшыға,
Рабочком қарамайды қыңырайып.
Көп бастық мінін бізден тасалады,
Талайлар түсінбеген қашады əлі.
Айтыстың əділ сынын дұрыс ұқса,
Еттен тау, сүттен дария жасалады.
Мерейі озаттардың аса берсін,
Жалқаулар жаны ышқынып тасаға енсін.
Көтеріп жеңіс туын желбіретіп,
Шаруамыз ылғи алға баса берсін.
1963 ж.