Жол балладасы
... Теңізі анау — ақбайыл, тауы мына,
Жатырқамай қарайды қауымыңа.
Ит - құсты да талғамай,
Маңғыстауым
Жол - қолымен қысады бауырына.
Қорғалатар жоқ демей қайың, дарақ,
Қашаққа тақ берген жер,
шайырға — бақ ...
Қақ айырып қайшыдай торғын көкті,
Қонып жатыр Ақтауға айырқанат.
Әуежайы қаланың бос бола ма! -
Жігіт - жыртың,
Қыз - қырқын, жас талаба.
... Ақыл - жендет желкелеп жүрегімді,
Мен де бір күн жол шектім астанаға.
("Айрылыпты өлеңнен мына бала," —
деп сөксе де, қайтейін, біраз аға,
Прозаға жырымның қосын артып,
Қондырамын қоңсы ғып Драмаға ...)
Әуежайы Ақтаудың - нөпір халық.
Самал да жоқ соғатын кекіл жарып.
... Осы өлкенің бейне бір қожасындай
Төрт көз қанден маңайды отыр бағып.
Әңгіме емес айтпағым сірә да ескі,
Тәңір маған тап қылды мына егесті. —
Жуынды іздеп, жем теріп, жұғын жалап
Шыға келді бұрыштан бір ақ ешкі.
Сыбағаны құдайы берген сынды,
Сұрағаны алдына келген сынды;
Атып тұрды шәуілдеп төрт көз қанден,
Ата жауын ақыры көрген сынды.
"Қырар болды - ау, мына иттер кіл шеттетіп". —
Қашпақ еді ақ ешкі бір шетке өтіп,
Маңыраған бейбақты төрт көз қанден
Қуып тықты ортаға тірсектетіп.
Бұл қызықты қолымен көп тұр ымдап,
Сен де, бауырым, тұсынан өт жымыңдап.
Ұмтылғанда сүзбек боп қанденді ешкі,
Серек құлақ сұр төбет жетті ырылдап.
Қала итінің пиғылы өте бөтен
Болып шықты,
Мен де енді төте кетем.
Әншейінде өзді - өзі таласқанмен
Малды көрсе бірігіп кетеді екен.
Жеп барады "айтақшыл" жұрт жанымды,
Өткен - кеткен түскен Ес күрт қағынды.
Мыналардың зорлығын көрген кезде,
Ит жылы өлген сағындым сырттанымды.
Бұл қорлыққа, әрине, шыдамадым,
Шыдамаудан көп еді жылағаным.
Сұр төбеттің қонжиттым шекесінен,
Жұлып алып таяғын бір ағаның.
"Ит пен ит боп!.."
Не амал бар, күлдім жүдеп,
Күлкі соңы — күмірә, бұл бір жыр ед.
"Итке тиме, калбит!" — деп жетіп келді,
Жұдырығын саптаған кіл жүн білек.
Ақ ешкінің кетпеді әлегі құр,
Айналамда жігіт жоқ дәмелі бір.
Тісті менен Күштінің қаһарына
Қос бейбақтың тап болған шағы еді бұл.
Төбет, қанден ұмтылды талағалы,
Жуан қолда жыртылған жаға қалды.
"Тәртіп бұзған бұзықты" (мені әрине) —
"Қызыл жаға" әкетті қамағалы.
Жә, жөн болар көп сөзбен мезі етпеген,
Күн туса алтын басың тең — тезекпенен.
"Құрту керек бұларды!.." —
Көп сүйір тіл
Жүрегімді қанатты кезекпенен ...
Маңыраған бір дауыс кезіп көкті
Келіп, менің жанымды езіп кетті.
Иттері көп қаладан ешкі байғұс,
Қасқыры көп далаға безіп кетті.
Күн екен де бағытым қырын қашқан,
Қаламаған боп шықты жырымды аспан.
Ешкі кетті, мен қалдым. —
Сонда да әлі
Даусы естілед көп иттің ырылдасқан ...
1989 ж.