Нағашымен әңгіме
— Сияқты жарқылдаушы ең ай жаңасы,
Тап келді ит кәрілік қайдан, осы...
Тозаңы жолдарыңның жұғып қалған
Басыңды жуып алшы, ай, нағашы!
— Көзімнен талай сурет, өтеді елес,
Сан жолдың шаңын қақтым... бекер емес!
Сол шаңдар сіңіп қапты басқа мәңгі,
Жусам да сақарға сап кетер емес.
— Дәуреннің көзің жетіп өтпесіне,
Қызықтың көп теуіп пе ең өкпесіне? —
Дидарың ұқсайды екен шимай-шимай,
Көнетоз көз орамал кестесіне.
— Жүректе маздай жанған — қоздайды арман,
Өттік қой өтеріңді сезбей, жалған!
Алып ем көп орамал кестеленген,
Көрмедім біреуін де тозбай қалған...
— Тірліктің алды — шиыр, арты — жалған,
Сені де сан салған ғой талқыға арман.
Сен қылған иен ерлікке тәнті болғам,
Олжаңды сатып алмай — тартып алған!
— Артында еткен ісің, сөзің қалар,
Бермей тұр соның бірі сезімге нәр.
Арбалған торғай-жүрек безіл қағар,
Олжа емес, аждаһа-ажал өзіңді алар!..
— "Жігіттің жақсылығы нағашыдан". —
Кішкене күмәнім бар тап осыған...
Мен күйіп қала берем отқа ұрынсам,
Сен аман өттің тозақ арасынан.
— Түбіне қай оттың да көсеу жеткен.
Көсеулік тұқымында — есек жеккен.
Ерегес — екі талай болған шақта,
Жерім жоқ — кегім түгіл есем кеткен!
— Өткерген істеріңнің қаразына,
Білмеймін — риза ма ел, наразы ма?
Тартатын күн жақындап қалды-ау деймін,
Обал мен Сауабыңды Таразыға!
— Тәйт, әрі!..
Ел болмастың қырсығы ұрар!
Мен асқан мың белеске бір шығып ал...
Қотыр тіл — ем қонбастың тұқымы едің,
Байқаймын сауалыңның қылшығы бар!..
— Кәрі ағаш тамырларын таңып тасқа,
Шынардың көзін шұқып жарытпас та.
Болғанда сөзде қылшық, көзде былшық—
Қолыңнан келіп жатса алып таста...
— Жиенін ұшпақ көрген теңсінбей кім?!
Біржола жиен мені жеңсін, мейлің.
"Кәріде бата қабыл, жаста — тілек",
Алдыңа тап осыным келсін, деймін!..
Сілтенсін оңды-солды қамшы-ғұмыр,
Жиенжан, сен де мендей салшы дүбір! —
Деп бата берген боп шал,
Көзіндегі
Көрсетпей тастады алып тамшыны бір!..