НҰРЛЫ ТЕРЕЗЕ
(шағын дастан)
1
Жарқыра, жарқыраңдар, Терезелер!
Самала шамшырақпен теңесе бер.
Сөнбесін жарық сəуле бірден жəне,
Орнасын қараңғылық демеңдер.
Жарқ етсін көзді ұялтып көгілдір сым,
Көңілді шұғыласын төгілдірсін.
Шам нұры айнада ойнағандай,
Сан үйге сан құбылып өмір кірсін.
Қыз-қырқын бақша жаққа аяңдасын,
Жымиып, жігіт тосып аялдасын.
Бір сыбыр еміс-еміс жетсін талып,
Бір əуен басып кетсін баян даусын.
Бір мезгіл қызсын, тозсын, билеп табан,
Қыз балқып, жігіт шалқып, ойын тəмам.
Жасыл бақ, жасыра бер жұптасқанды,
Біз енді бұрылайық үйге таман.
Бұл бір шақ бүкіл ауыл маужыраған,
Қайырлы, қауырт істен қалжыраған.
Кеткендей көзі ілініп шешеміздің
Баурында немересі балбыраған.
Бұл сəтте жарық онша жағылмайды,
Ел біткен еш алаңсыз дамылдайды.
Жалғыз-ақ бір терезе жарқыраудан
Үнемі жаңылмайды.
Жалындайды.
Осынау терезеден от ойнайды,
Тосындау, толғақты өмір атойлайды.
Əңгіме – əр жағында нұрлы əйнектің,
Əзірге аты-жөні аталмайды.
2
Болғанда түн шапаны мақпал қара,
Мынау бір – қызыл түйме таққан дара.
Жалтырап ірі түйме, тірі түйме,
Қозғалып келе ме өзі? – нақтап қара.
Қояды көзін қысып адам ғұрлы.
Жоғалып кетті кенет,
алаң қылды.
Жарқ етті Қамысты сай қабағынан,
Қақ тіліп қараңғыны, тағы ол күлді.
Мəссаған, машина ғой заулаған бұл,
Фарынан саумалдайын саулаған нұр.
Қармақтай лақтырылған лағыл сəуле
Қонар үй аулағандай аумаған бір.
Нұр-қармақ жалтыраған жалын түсті
Жаңағы терезеге барып түсті.
Түн бойы көз ілмеген жұмбақ шам мен
Түн қатқан жолаушы фар шағылысты.
3
Қазақтай қонағуар жұрт аз дағы,
Сұрау жоқ, «Төрлетіңіз!» – деп бипаздады.
Жайтаңкөз, жайбұраң бел келіншектің
Өзіндей жып-жинақы жиһаздары.
Аз жиһаз, бас артығы, шашауы жоқ,
Жайнайды жас отаудың жасауы боп.
Ең қымбат қазынасы – қағаз екен,
Жабылып көшіргендей осы ауыл боп.
Көп кітап көрші тұрып кеңескендей:
– «Біз барда ешбір үйің емес кедей».
Қырманнан қызыл бидай исі аңқыса,
Бұл үйден мəдениет лебі ескендей.
Бұрышта – газет-журнал тігіндісі,
Үстелде – кешегісі, бүгінгісі.
Отаудың өзіне тəн дəстүрі бұл,
Келгендей өзгенің де үйренгісі.
Қазірде қазақ үйі ажарлы ғой.
(Селтиген сервиздер мен вазаны қой),
Текемет, ою-өрнек, ұлттық нақыш,
Керемет, үй ішінің ғажабы ғой.
Несіне бəрін айтып созайын көп,
Қонақтар көрді түгел көзайым боп.
Жалғыз-ақ көңілдің бір түйткілі сол:
Кең үйде келіншек жүр,
қожайын жоқ.
Жас əйел жалғыз өзі бұлаң қағып,
Бұларды жатырқамай құп алды анық.
Өтеді олай-бұлай аққайранша
Ақ сабын, ақ орамал, құманды алып.
«Майысып, қайысады бұлай нағып?» –
Дəу қонақ аң-таң əрі күманданып.
Мына бір жылтыр жігіт қасын керді,
Көз алды тұманданып, құмарланып.
Аңдудан əйел əнтек ықынғаны,
Бұралып бұрылғанда мықындары.
... Зор мейман зорлана бір жөтелді де,
Диванды сықырлата ыңқылдады:
«Осы үйдің шамы жанып тұрғандығын,
Сондықтан рульдерін бұрғандығын,
Май құйып машинаға алмақ ертең,
Жай жатып шықса, болды бұлар бүгін».
«Ұлықсат болса сізден, қонамыз» деп,
«Ол-пұлға оншама əуре болмаңыз» деп;
«Үйіңіз дүкен ғой» – деп, дүңк еткізді,
Көзімен бөтелкені отыр іздеп.
Əйелдің көзін күлкі сағалады,
«Азырақ ішкен-ау» деп шамалады.
Ас үйден ақ кеселер алып келіп,
Қымызды сапырды кеп шарадағы.
Кесені кербез ұстап ұсынады,
Қонақтар қозғалақтап ұмсынады.
– Түн ауды, түнемел ғой енді бұл, – деп
Келіншек қызғылт тартып қымсынады.
Бір ыстық соғатындай сөзінен леп,
Отыра берсе дейсің өзімен тек.
Дəу қонақ дəу кесені көтергенде,
Əйелді барады анау көзімен жеп.
Сол кезде төрдегі есік қатты ашылып,
Ентелеп еңкіш біреу шықты асығып.
Жалаңаш түкті төсі, майкешең жүр,
Өңірі халатының жатты ашылып.
Əй-түй жоқ:
– Қайда, – деді, – Қасым жыры?
Бір қолы бір иығын қасып жүрді.
– Беу, Нəзір, бей-берекет жүрісің-ай
Балаша, ісің сенің тосын күллі!
Тəк тұрып жігіт қарап қалды сонда,
Пəк күліп жұбай қолын алды қолға.
«Бір қате өтті-ау, өтті» дегендейін
Шайқады шақша басын оңды-солға.
Сол екен, кенет басын келісті иіп,
Иегі кеудесіне тегіс тиіп,
Қол берді қонақтарға,
ойында жоқ
Тұрғаны теңбіл халат теріс киіп.
Қуқылдау көрінеді қушық беті,
Қара мең қабағының тұсында екі.
Сұлуды тартқандай тап емес түрі,
Болмаса білеуленген бұлшық еті.
Маңдайын жапқан майда шашы сұйық,
Көздері көлдей терең жатыр тұйық.
(Бейнесін бере алмасам, – өлеңде айып,
Мен грим жасамаймын қасын қиып).
Дəу қонақ қызық көрді осыны бек,
Ал анау көрген жерден қомсынды кеп:
«Əйелі сұлулықтың тəңіріндей,
Қалайша мынаменен қосылды?» деп.
Бұрынғы жырдың ғашық-жұбайлары
Болатын өңкей сұлу ұдай бəрі.
Менің бас қаһарманым – көзге қораш,
Сөйтсе де көркем қызға ұнай қалды.
«Қораш» деп қарамаса түр-түсіне,
Құмартқан шығар сақ-сақ күлкісіне.
Жанына жаққан шығар туралығы,
Заманның ұқсамайтын түлкісіне.
Көзінен əлде адалдық нұрын тапты.
Сөзінде, бəлки, бақыт, мұңы жатты.
Өзіне ойын-тойдай көрінді əлде
Мінезі бірде тəтті, бірде қатты?
Қысқасы, қызыққан ғой бір басына,
Жігіттің басы мықты, расында.
Танитын ердің қадір-қасиетін
Ерекше ес болады ұрғашыда.
«Нəзірдің жары жақсы», дейік мақтап.
«Ізетті Іңкəр» дейік атын нақтап.
Басында елес берген
Қайыңның қабығындай балтыры аппақ.
4
Білсең ғой жырдың əрбір жолы ауырын.
Өлеңмен қиын кері оралуың.
Іңкəрдің жанында екі мейман барын,
Айтып па ем Нəзірдің кеп қол алуын.
Көзінің өткірін-ай, тойтарып бақ.
Тайдырды өзі бірақ ойланып қап.
Шын жүйрік бəйге атындай тұрды селсоқ:
– Ертең күн – сенбі ме? – деп қойды анықтап.
Ойда тұр,
үнсіздіктен ауыспады.
Қымыздан ұрттады сəл,
тауыспады.
Оң қолмен оң шекесін ұстай беріп:
– Таптым! – деп кенет қатты дауыстады.
Іңкəрін иығынан салып қалып,
Шаттанды (сол мінезін сағынтты анық).
Жөнелді бөлмесіне бөрі тигендей,
Шүйілген қырандайын шабыттанып.
5
Оқырман сұрайды ғой: Кім, деп, Нəзір?
Оған да жеттік, міне, тоқта, қазір.
«Таптым» – деп айғайлауын естідік қой,
Онысы – шындық еді, емес əзіл.
Жігіттің: «Дəл сол!» деген даусы келді,
Жұбайы жұбанғандай: «Қойшы!» деді.
Ұмтылды ол да Нəзір бөлмесіне,
Қонақтар сусындауын қойсын енді.
Қонақтар сусындауын қойсын енді,
Сіздер де өзгеріске бойсұн енді.
Айқындап айтар кезі келген шығар:
Нəзірім – əзір атсыз ойшыл еді.
Түртініп бірдемені бала күннен,
Тереңнен ақық білім ала білген.
Ауылға Астанадан оралғалы
Ойында диқан жолы жаңа мүлдем.
«Даланың дарқандығын өсіру жөн,
Емес тек нəрін, сəнін өшірумен.
Егіз ғой тасыған дəн, мыңғырған мал,
Егін мен жайлау қатар көсілу жөн». –
Осы оймен оның қаны жаман қызды,
Оң-солды жыртқан кезде даламызды.
«Аз жерден көп өндірген пайдалы», – деп,
Шаңдатпай, шаш-етектен дəн алғызды.
«Ғарышқа көшпейміз ғой ертең, бүгін.
Даланың жоймау керек көркемдігін.
Қайтсе де (Нəзір мұны көп айтады),
Өңірдің жайнат жасыл өркен, бүрін».
Осылай атқарады қызыметті,
Ол өзі қызыметке қызу, бетті.
Іс қуған ынталыға кедергі аз ба?
Бұл соның сан бөгетін бұзып өтті.
Бұл күнде ой соңында əлдене бір,
Сарылып сары алтындай дəнді елеп жүр.
Онысын əдемілеп айта алар ма
Қыз аулап, қызып-лаулап дəндеген жыр.
Тұнып тұр шағын бөлме аспаптарға
(Білмеген кісіге одан басқа ат бар ма).
Негізі, біздің Нəзір – диқан-ғалым.
Ұмтылған ұланғайыр мақсаттарға.
Көп оның есеп-қисап, болжамы да.
Өлең-жыр бара бермес ол жағына.
Талпынған, ойлы өренді таныта алсақ,
Санай бер онда бізді олжалыға.
6
Ой жақсы-ау, оны, сірə, кім білмейді,
Ешкімді дей алмаймын дым білмейді.
Əйтсе де асыл ойлар кез-келгеннің
Қалтылдақ қармағына ілінбейді.
Тілейді ол тынымсыздық, ыждағатты.
Іздесең інжу-ойды, ізде қатты.
Болдыртып шу асауды ұстағандай,
Мінекей, біздің Нəзір бүгін тапты.
Қазекең қоналқыға көп келеді,
Қой егіз қоздауына дөп келеді.
Əлгілер əкелгендей,
Нəзірге де
Сан жылғы ой толғағы жеткен еді.
Бүгін бір ерте оралып жұмысынан,
(Бұл келсе, шай қайнаған, су ысыған).
Жуынып, жүрек жалғап азын-аулақ,
Кіргенше бөлмесіне тыпыршыған.
Сарылып отырған сол кештен бері,
Демігіп сырт киімін шешкен еді.
Жамылып теңбіл халат терісінен,
Жаңылып кеткендігін ескермеді:
Айнала қағаз, қағаз шимайланған,
Үйіліп үстеліне симай қалған...
Бір кезде қалам жүрмей қасарысты,
Қиямет болды нағыз қинай қалған.
Ат басы тірелгендей тұйыққа кеп,
Əйтпесе шіренгендей құмайтқа кеп.
Арқау ғып алған болжам босағандай,
Жалқаулық сыбырлайды: «Ұйықта», – деп.
Əуелден əлде бұрыс кетті ізбенен.
Əйтеуір сағымдай бір жеткізбеген.
Ой қармап, үйдің ішін кезді Нəзір,
Баладай бұрыштардан кепке іздеген.
Талыққан.
Көз алдында жасыл бардай,
Қалыптан қаны да тыс тасығандай.
Барады мың толғаудан миы да ашып,
Су кетіп кеңсірігі ашылғандай.
Өзгедей тарта алмайды шылым да бұл,
Өңірін халатының сығымдап жүр.
Асығып ауыз үйге келген ақыр
Қасымды қайта ақтарып шығуға бір.
Жұбайы сонда бұған жөн берген-ді,
Бұл барып қонақтарға қол берген-ді.
(Жұртшылық бəрін қайта еске алсыншы,
Бұйырса өлең-жыр да дөңгеленді).
Қонақтың бірі семіз, зор денелі,
Тең дерлік ұзыны мен көлденеңі.
Бір мейман мейіздейін қатып қалған,
Нəзір де оны қораш көрген еді.
Сөз қылмай соның өзін қойсақ нетті,
Емеспін жамандауға оншама епті.
Бірақ сол семген бидай секілдіні
Көргеннен Нəзіріме ой сап кетті.
«Дəу қонақ – бос күбінің күпсуіндей,
Мынау – бір жамандықтың бүксуіндей»...
... Ой, шіркін, ойда жоқта кеп қалмай ма,
Тер қысқан бойдың кенет жіпсуіндей.
«Таптым» деп соны мана айтты ғой ол,
Жалма-жан бөлмесіне қайтты ғой ол.
Барғанын Іңкəрдің де баян еткем,
(Оқырман, бəрін ескер, байыпты бол).
Қонақтар аң-таң болып қалған мұнда,
Мұрша да келмегендей аңғаруға.
Қызық-ай ерлі-зайып болды ғайып.
Сыбыс жоқ, тоса-тоса далғаруда.
Дəу қонақ дамылдауды ойлап еді,
«Мыналар жіпсіз байлап қойды-ау», – деді.
Дөңкиіп, дүңкілдете басып барып,
Есікті ашып қалып: – Ойдау... – деді.
Екеуі құшақтасып, түйісіп тұр.
Өбісіп, өлердей боп сүйісіп тұр.
Құдай-ау, күні кеше қосылғандай,
Отына құштарлықтың күйісіп тұр.
Даурыққан дауысты естіп жалт қарасты,
Қып-қызыл болып Іңкəр бетін басты.
Ұялған тек тұрмыс-ау,
Нəзір барып,
Шілтерін терезенің сілкіп ашты.
Күн шығып келеді екен алаулана,
Алауға болар емес қарауға да.
Адамзат ақылының жеңісі үшін
Қойғандай көкжиекке жалау қадап.
Жап-жарық, шұғылалы дүн-дүние,
Мол сəуле бұлардың да кірді үйіне.
Шам нұрын күн нұрына ұластырып,
Нəзірім көз ілмеген тұр күйінде.
Тағат жоқ ұстазына ұшқанынша,
Арман не, əдіс, ойы құпталынса.
Тапқаны тарар бəлки бүкіл елге,
Біздің жыр кітап болып шыққанынша.
Жыр еттім сырын нұрлы терезенің,
Нəзірмен алда талай кездесемін.
Сіздер де танып-біліп алғайсыздар,
Мұндай үй елде жалғыз емес едім.