04.02.2022
  296


Автор: Жарасбай Нұрқанов

Жігер

Түс ауа жалбыр бұлттар тарады да,
Əлкеннің шырай кірді қабағына.
Шымырлап қоя берді жас жүрегі,
Түсетін қарап еді танабына.
Диқанның ақтағандай маңдай терін,
Толықсып өскен еді орман-егін.
Кешегі жынды дауыл жығып кетіп,
Көрдің бе
ұйпа-тұйпа болған жерін!..
Тұтасып киіздейін жатыр бидай,
Комбайн еркін жүрмес бұрынғыдай.
– Тəуекел, дарияға салдым қайық,
Ісімді оңғар, пəлеге ұрындырмай...
Жатқаны жарақтады тарақпенен,
Біткендей комбайнға қанат деген.
– Тарт! – деді бас инженер басын изеп, –
Жігітсің!
Жылдамдығын қарап келем...
Ырғалып,
ыңыранып,
бойлай берді,
Ырқына көндірмеске қоймайды енді.
Алғандай дудар бастың бұйра шашын,
Ойына шаштаразы Тортай келді.
Əзірге таусылмастай бұйра танап,
Келеді жойқын жатқа қырқып-тарап.
 Кісідей атқа шапқан еңістетіп,
Еңкейіп Əлкен отыр алдын қарап.
Зер салсаң барабанның қағысына,
Шалғынның көз ілеспес шабысына.
Барады терең бойлап телегейге,
Ер диқан намыс қосып намысына.
Сырылып қоңыр шəпке желкесіне,
Жығылып қалды тиген жел төсіне.
Тұлпардай баурын жазып алған бауырым
Қарамас күзгі күннің келтесіне.
Дамыл жоқ «тарлан бозға» алған қызып,
Тоқтамау – əрі міндет,
əрі қызық.
– Ыстық сүт!
Ыстық самса, келіңіз! – деп,
Аспаз қыз айғайлайды үзіп-үзіп.
Жүректі жүре жалғап алас-күлес,
Қауырт шақ,
шаңды жорық,
қансыз күрес.
Жарыста маңдайалды Əлкенім жүр,
Мың тонна – миллиардқа қосар үлес...
Белгісіз дəн екені,
тамшы екені,
Түйіршік шертіп өтті дəл шекені.
Алғанда қолға бəтес орамалын
Есіне түсе кетті Балшекері!..





Пікір жазу