04.02.2022
  310


Автор: Жарасбай Нұрқанов

Өкпе

Оқыды шай ішкендей шөлі қанып,
Отырды тосын сырға таңырқанып.
Досының есі-дерті –
қыз болғанға
Қалғандай диқан жігіт шамырқанып.
– Көбейтіп қызға бола сөз шығынын! –
Боздауын босқа айналтып өз шығырын! –
Осылай демек еді құрдасына,
Құрдасы алғандай сəл көз шырымын.
Жарығы нəзік қана абажурлы
Шам нұры шар айнамен таласулы.
Дос мұңын,
Доскен сырын жаңа біліп,
Сезінді Əлкен өзін қағажулы.
Жастықтың домбырасын шертіп ойнап,
Шырқатып жүрген қандай еркін,
бойдақ.
Досында əннен басқа арман жоқтай,
Əзірге жүр екен ғой бертін ойлап.
Көп құшқан елдің небір сұлуларын,
Кім білген мұның қыздан мұңы барын.
Кеудесін тосқан адам айықпастай,
Махаббат сəулесіне ұрынғанын.
 Бағдарын жағалауға бұрған кеме,
Желкенін жел кеулесе,
тұрар деме.
Өмірде бір ғажайып қыз көргенін
Жасырып, айтпай жүрген бұған неге?
Кісінің тасығандай бойда қаны,
Сұлулық елден ерек болған-дағы.
Құрдасын құмарлантып қойған қызға
Қайнайды аңқау достың зығырданы.
Құштарлық –
кеше бастан өзі кешкен –
Қалайша қалған бұған сезілместен?
Доскеннің кімді сонша сүйгендігін
Ойлайды көрер таңға көз ілместен.
Орнынан тұрған күйі жабырқаулы,
Аңғал жан қояр емес таңырқауды...
Тезірек айықсын бұл ақын-ғашық,
Жұмбақтап жазған жырға Əлкен даулы.
Үйдегі жан адамды оятпастан,
Далаға шыға тартты таң атпастан.
Жөнелді қара дауыл дедектетіп,
Жігітті алды-артына қаратпастан.
Соққан жел теріскейден құтырынып,
Тұрғандай ызғар шашып,
ытырынып.
Дөңкиген дөңге қарай келеді Əлкен,
Үн-түнсіз іштен тынып, дымы құрып.
Тақта жол,
Қарауытқан төңірегі.
Бір жарық... жетті жанып өмір лебі.
 Ауылдан қос басына кете барды
Тобықтай түйткілімен көңілдегі.





Пікір жазу