04.02.2022
  175


Автор: Жарасбай Нұрқанов

КҮМІС ШЕГЕ

Шытырман



Мұңлы шайтан – құдайдың қуған жаны,
Күнəлі жер кез келіп бір ұшқаны...
Абай.



Үлкен үйдегі Екеу
Аумағы атшаптырым, деп мөлшерле,
Ауласы қызғаныш қой көршілерге.
Үлкен үй. Көңілге түй. Бірақ мұнда –
Беймəлім бар екені неше бөлме.
Əйтеуір көп бөлменің біреуінде
Сөз бар ма бір Перизат түнеуінде.
Əдемі, қызғылт өңді қыз еді ғой,
Не себеп оның сонша жүдеуінде?
Еге боп көп бөлменің екеуіне,
Күмəн жоқ Ібілістің түнеуіне.
«Кінəлі кім?» дегенге үндемеді,
Əлде бұл кінəліні біледі ме?..
...Ібіліс өңкей қазақ ішіндегі,
Мұжық ед тым дөрекі пішіндегі;
Ұдайы көздеген Төр кеудесін көр,
Өр кеуде – Періштенің сүйсінгені.
Өр болса кеудесі оның, бола берсін,
Ерке қыз байлық қуып, соңына ерсін.
Үлкен үй, сансыз бөлме санай берсең,
Сувенир, сыйлықтарға тола берсін.
Осылай ойлады қыз – Періштеміз,
Осылай небір сыйлық келер деңіз;
Сувенир – күміс балға, күміс шеге,
Өздерін сорлатуға болар негіз.
Кім еді Ібілісті деген: «Кəпір»,
Бұл сөзде, кім айтса да, шындық жатыр;
Əдемі, əсем жүзді Періштені,
Ібіліс жаман жолға түсірді ақыр.
Зорлықпен Ібілістің үйленгені,
Мұжықтан бар бəлені үйренгені,
Ішімдік былай тұрсын, Періштенің
Білекке есірткіні түйрегені...
«Соншалық бұл екеуі кім?» деуіңе,
Реті келмей тұр ғой үндеуіме;
Бұл кезде жол беруге болмайды əсте,
Қаңқу сөз, өсек-аяң өрбуіне.
Үй ішін кезіп жүрген үрейлі елес,
Үлкен үй Екеуіне қолайлы емес.
Түсініп оқыған жұрт шытырманды,
«Неліктен мұның бəрі, неге?» демес.
«Білсем, деп, Періште кім, Ібіліс кім»,
Келеді өздерімен түсініскім;
Демі бар Екеуінің өлеңімде,
Лебі бар əйелге тəн күрсіністің.
Өлеңім жас жүректің дүрсілі еді,
Біреулер мүмкін соны түсінбеді,
Түбінде болатынын бір сұмдықтың
Сезініп, күн ілгері күрсінгені...
Төргі бөлме, соңғы түн
Ібіліс бұл түн үйде қонып қалды,
Бір қауіп төбесіне төніп қалды.
Үлкен үй. Үрейлі түн, ойда жоқта,
Төтенше бір оқиға болып қалды...
...Əпкесі кеше келген түнеугіден,
Кешкісін ерте жатқан күндегіден.
Таң атпай, шырт ұйқыдан күрт оянды,
Селк етіп, секем алып əлденеден.
Əпкенің алғаны сол көзін ашып,
Жүрегі кетті жəне кенет шаншып.
Уқалап жүрек тұсын тұрған бойда
Іздеді: «Қайда екен, деп, əлгі қаншық?»
Дəріні тіл астына дəлдеп, діттеп,
Келіні жатқан жерге жүрді беттеп.
Есігі ашылмады оның бірақ,
Жабылған сегіз бұрап іштен кілттеп.
Жүрген бір елестей боп үйді кезіп,
Ыңғайсыз өзін əпке тұрды сезіп.
Ренжіп інісіне қалса да бір,
Қалайша төркінінен кетпек безіп?
«Бұлардың таусылмайды бөлмесі» деп,
Інісін кетті сол сəт көргісі кеп.
Жатаған үстелінде шөлмек тұрса,
Вискиден бір кішкене ішкісі кеп.
Тұтқаны төмен қарай басты сонда,
Есікті иығымен ашты сонда,
Есіктен басын сұғып қарағанда,
Қайтерін білмей əйел, састы сонда.
Бауыры жатыр екен ашық-шашық,
Əпкесі жүзін бұрды, бетін басып.
Ашылған əбірөйін жапты дереу,
Жалаңаш інісінен кетпей қашып.
Беймəлім түн екені, таң екені,
Белгілі таңғы ұйқының бал екені.
Дүбіліп жүргенінде, қаперде жоқ
Бейнелі түсірілім бар екені.
Бақылап, қалт жібермей əрбір ісін,
Түсірді əр қимылын бұл кісінің.
Əпкеге сондай жаман əсер етті
Сілейіп жатқандығы інісінің.
Серейіп, қыбыр етпей, сұлап жатыр,
Неліктен, дегізгендей, бұлай жатыр?
Аунамай оң жағына, сол жағына,
Қозғалмай, шалқасынан құлап жатыр.
Үш кісі сиятындай ақ кереует,
Жататын алпауыттар ең керемет,
Ібіліс сұлап жатыр дəл осында,
Көрген жан: «Неге бұлай, неге?» демек.
Көңілінде əпкесінің күдік туып,
Сілейген інісіне келді жуық.
Жүзіне жүзін тақап, төніп еді:
Маңдайы, еріндері мұздай суық.
Түршігіп тұла бойы, шошып кетті.
Жүрегін бір шыбыртқы осып кетті.
«Əрине, «Жедел жəрдем», ең алдымен,
Шақырту керек сосын, сосын.. Бекітті»
Тап болған кезде мынау тосын жайға,
Қаптаған телефондар кеткен қайда?
Асығыс тергенінде бір – нөл-үшті,
Бірден бос болмайтыны-ай осындайда...
Жеткенде «Жедел жəрдем» дедек қаға,
Дəрігер үңілді кеп жанын сала:
– Тіршілік белгілері сезілмейді,
– Өліпті, – деді селсоқ, салқын ғана.
Соңғы түн. Көрмейді енді атар таңды,
Тиісті орындарға хабарланды.
Əпкесі есін жиып алған бір кез:
– У беріп өлтірді, – деп, ойбай салды.
Үлкені қоқырайып, оқырана,
Жиылды бүкіл күзет – охрана.
Көрсетіп куəлігін келген біреу:
– Тергеуші, – деді оларға ақырын ғана.
Тергеуші не бітірмек таңғы бесте,
Мерзімі тергеудің де бар емес пе?
...Сан талай кісі өлімін көріп ең ғой,
Соларды сол күйінде түсір еске.
Анықтап нендей кісі, неден өлді,
Айқында неден, қайдан келген керді;
Амал не, қасіреті мол, кəсібің сол,
Көресің – өліктерді, өлгендерді...



 Алуан шеге
...Дегені «Түзу шеге» – түсінікті,
Кісінің түзу жүрген ісі мықты;
Түзу жүр, түзу сөйле, түзу отыр,
Қиналып керегі жоқ, деймін, тіпті.
Тағы да дейтіні бар «Қисық шеге»,
Қолына балға ұстаған кісілерге
Мұның да сөкеті жоқ, дөп келген дөп,
Түзулік дегенді өзің түсіндің бе?
Бұл аздай, «Күміс шеге» деген несі,
Шегенің күміс болмақ неменесі?
Əйтеуір «Күміс шеге» дегенді оқып,
Тек соған жұрттың осы кеткен есі.
...Бірдеңе жүрек шіркін сезеді ғой,
Оянып, керілетін кез еді ғой;
Манадан мұны тосқан тергеуші бар,
Тергеуші бəріне де төзеді ғой.
Тергеуші төзіп, төзіп бəріне де,
Ешкімнің қарап қалмас əріне де;
«У беріп өлтірген»,– деп əпке байғұс,
Тəңірдің ұшырамақ кəріне де.
Тергеуші мехнаты
Төбесін өліктің Бұл сипалады,
Себебі Күміс шеге деймін дағы,
Өзі де не істегенін аңғармастан,
Сипап тұр өлік басын, тағы, тағы...
Ақыры саусақ ұшы сезгендей бір,
Ақырын саусағымен түрткелі тұр;
 Сезгендей, ішкі түйсік сезінгендей,
Шегенің басында тұр кішкене бүр.
Дегенде күміс шеге, күміс шеге,
Оралып келе беред ойға неге?
Бəрі де одан, содан басталды ғой,
Біз неге оралмаймыз Періштеге?
...Періште, əсем қатын, əзəзіл бұл,
Тартады соның əлі жазасын бұл;
Шықса екен өзі əйтеуір бөлмесінен,
Бар пəле, барлық пəле тек сонда тұр...
...Ал шықты, шықты деймін бөлмесінен,
Шыққандай біреу күштеп желкесінен;
Əйелдің құр сүлдері көрінді құр,
«Айналдық, – деуші еді-ау жұрт, – бөксесінен !»
Бөксесі, шіркін, мұның тығыршықтай,
Көргенде, үйірілуші ед жұрт ұршықтай,
Жүретін жұртпен бірге Темірбек те,
Амалсыз іштен тынып, үні шықпай.
Мақтаса, мақтағандай бөксе жұмыр,
Түседі абайсызда көзі құрғыр;
Кім бар ед қызықпайтын бұл бөксеге,
Қытықтап күлкісі де сыңғыр-сыңғыр.
Тергеушінің жан сыры
Перизат, саған, еркем, шынымды айтам,
Ешкімге ашылмаған сырымды айтам;
Талайдан жүрегімнің түкпірінде,
Құпия сақтап келген мұңымды айтам;
 Мен саған жастайымнан іңкəр едім,
Сен мені титтей де бір елемедің;
Оқуды, оқи бердім, оқи бердім,
«Перизат түбінде бір елер» дедім.
Түбінде мен – тергеуші, сен – жауапкер,
Боларын ойладым ба Мен – бейнеткер;
Сонымен, ұзын сөздің тоқ етері:
Сен, маған, ей, Перизат, ал жауап бер...
Шыныңды айт, сол түні не істедіңдер,
Біріңді бірің шымшып, тістедіңдер;
Сайтан түрткен əулекі əуейлер-ау,
Төсектің үстінен бір түспедіңдер.
Бұл деген менің ойым, дəл осылай,
Отырсың бұл сөздерге бір қосылмай;
Білеміз, шынға келсек, мен де, сен де,
Болғанын тек осылай, тек осылай.
Перизат, айтқан сөзге қосылсаңшы,
Бір минөт, бір секундқа ашылсаңшы;
Ішіңе бəрі қалай сияды екен,
Бір сəтке ішіңді ашып, жарылсаңшы...
Жарылыс
– Мен өлтірдім...
– Ол маған таңсық емес...
– Ібілісті...
– Əрине. Тек өлтіруге не себеп?..
– Өшпенділік.
– ??
– Сол түні ол зорламақ болды мені,
Талап етті ойыма келмегенді.
 Басыма қаным теуіп кетті бір сəт,
«Көрсетем, – дедім, – саған көрмегенді...?»
– Шешін сен, – деп алдадым, – жəне жуын,–
Ібіліс кетті ағызып ванна суын;
Ол жоқта күміс балға, күміс шеге
Қолыма тигеннен соң, белді будым!
Содан соң ішімдікке дəрі қостым,
Ұйықтауын Ібілістің күтіп тостым,
Одан соң... одан əрі өзің дағы...
Білесің, білесің ғой, Темір ... достым!..
Шалқып-тасу
– «Темірбек, Темір... достым» дедің бе, еркем,
Айтқан үн қандай əсем, қандай көркем!
Тəңірден шын тілегім сол еді ғой,
Қуанған осыншалық кім бар екен?
Көңілім кетті менің шалқып-тасып,
Самалға тостым, дереу, кеудемді ашып,
Жасарып кеткендеймін мен бар ғой, мен,
Өзіңе көптен іңкəр – кəрі ғашық!..
Перизат, ей, Перизат, мені түсін,
Мен саған көрсетпеймін ешбір қысым;
Тəк тұрып, пəк көңілмен айтарым бұл:
Менімен қосылуға əзірмісің?
Мықты тірек керек!..
– Темірбек, Темір... достым, не деу керек,
Мен қазір толқып тұрмын тіптен ерек,
 Бірақ та шегінетін жер қалған жоқ,
Жөн болмақ сұрағыңа жауап бермек;
Дəл қазір жанашыр жоқ сенен ерек,
Сен бөлек өзге жұрттан, сен – Бəйтерек!
Мен байғұс ішім қуыс, сыртым дүрдей,
Маған да керек күшті, мықты тірек!..
Қолыңнан ұстайын мен...Темірбегім,
Ойланып, толғандым да, осылай – дедім;
Қараңғы түнекте бір жүргендей ем,
Жарқырап кетті-ау менің төңірегім...



Сарғайған жетер мұратқа...
Жұрт жүр ғой уақытты – алтын санап,
Олар жүр сағатына жиі қарап;
Əйтеуір жазылған жыр, айтылған сыр,
Болғаны бірдеңеге кетсе жарап.
Дегенім жазылған Жыр – «Күміс шеге»,
Атады дəл солай деп Ақын неге?..
Тəптіштеп бəрін түгел жазып ем ғой,
Болды ғой түсінікті деймін Елге...
Білмекпін, не жазғаным ұнады ма,
Көңілің бірден соған құлады ма;
Сөз бар ғой біздің қазақ айтқан бір кез:
«Сарғайған жетер кісі мұратына»...
Перизат тапты өзіне тіренішті,
Сан жылғы ұмыттырған ренішті;
«Өткен күн енді қайтіп келмесін» деп,
Екеуі бір кішкене виски ішті.
Ақыры Темірменен қосылыпты,
Тірегі Перизаттың өте мықты!
Ақын да осы жырды тəмамдамақ,
Қалжырап, шаршап бітті мүлде тіпті.
Өлеңін өзі жөндеп, тегістемек,
Үлде мен бүлдеге орап, пүлістемек,
Қоясыз ұлдың атын дейді, Темір,
Тілекті тəңірім берсе, «Күмісбек» деп.
Темірбек тергеуші ғой, ал мен – Ақын,
Болғанда Өзім – күміс, Сөзім – алтын;
Иланып əр сөзіме, қиналып та,
Бұл жырды жазып біттім таңға жақын!!
21 желтоқсан, 2010 ж.
21 наурыз, 2011ж





Пікір жазу