meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  04.02.2022
  140


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ТОҒЫЗЫНШЫ ПАЛАТА

1
Кей жұманың кешіне
Шаршаңқырап жұмыстан,
Құлақ аспай еш үнге,
Қайтушы ек қой, туысқан.
Басың еркін, қолың бос,
Диванға кеп тырайып,
Шынын айтсақ сол күн, дос,
Қалмаушы ма ек тыңайып.
Ертеңіне, сəске де
Саспай ғана керіліп,
Мұндай рахат əсте де
Болмағандай көрініп.
Жайбарақат, енжар ой,
Мезгілден де жаңылар.
Сенбі деген – олжа ғой,
Жексенбісі тағы бар.
Екі тəулік еркін біз
Жүрмей, əттең, жақсы, жəй;
Кей дүйсенбі кейпіміз –
Жынын алған бақсыдай.
Кеңсеге кеп жан сақтап,
Ес жиятын кездер бар;
Кесел қылық алшақтап,
Өз борышын сезеді ар.
 2
Кең арналы көл-қызмет,
Баста қойып кетеміз;
Ақпар, жоспар – мол тізбек,
Қай жағына жетеміз?..
Қажып қалдым, туу, шіркін,
Тастағандай мың іс қып.
Мұздай болып ту сыртым,
Алақаным тым ыстық.
Көздің түбін суырып,
Солқылдатып шекені;
Құлағымды дуыл қып,
Күңгірлей ме, не етеді?
Мең-зең қылып ілезде,
Меңдеп алған мынау дүр –
Біздің қазақ бір кезде
Менсінбеген тұмау бұл.
Ойбай, қазір бұл пəле,
Тұмау тие көрмесін;
Отырғызбай кеңсеге,
Бюллетеньді бергесін;
«Больницаға жат» дейді,
Амал қанша, жатасың;
Қол сілтейсің, деп: «мейлі»,
Аз күнге дəм татасың...
3
Тоғызыншы палата,
Мейлі, мен бе бай таңдар?
 Қызу өлшеп таң ата,
Оятады сайтандар.
Тап бір тəтті тым ерте,
Барып ек қой мана біз;
Тəулігіне мың мəрте
Бұл не қылған анализ?
Қалғуым бар, ұйқым жоқ,
Мазасыз тым тірлігім;
Шашым ұйқы-тұйқы боп,
Ұсқынсызы-ай түрімнің;
Ауру шіркін меңдеген,
Алды менің сиқымды;
Болдым міне, мен деген
Пері соққан сықылды.
Даусым шықты ышқына,
Бірдеңені кигізді.
Шамаң жетсе, тек шыда,
Сыздықтатып енгізді.
4
Соныменен, не керек,
Көресіні көресің;
Ауруың да тым ерек,
Зəр шықпаса, өлесің;
Сондықтан да таңертең
Оташының алдына
Нартəуекел, жат, көкем,
Наркозыңды алдың ба?..
 Жергілікті наркоз бұл,
Былқ-сылқ етіп жіліншік;
Жіліншікті ұстап тұр,
Мейірбике қылымсып...
Бəрін сезе бастайсың,
Наркоз ептеп тарайды;
Аспайсың да саспайсың,
Жарайды бұл, жарайды!..





Пікір жазу