04.02.2022
  142


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ЖІГЕРЛІ ЖАН

1
Көбіңнің көз танысың – кейіпкерім,
Өмірден көрген күйде кейіптедім.
Үш оқу, төрт сынақтан өткерілген
Отызға жаңа келген Сейітбегім.
Бітіріп онжылдықты бəріміздей,
Білімнің ұштастырған нəрін үзбей.
Студент болған күннен бойшаң тартып,
Қырманда дəн қызылдап жүрді күздей.
Жастық шақ.
Жатақхана. Диспут қызып...
Айтуға мүмкіндік жоқ бəрін тізіп.
Қалтаға дипломды салған сабаз
Тыңдағы кең айдынға кетті жүзіп...
Оқып ек өмірбаян,
анкетасын,
Аңғардық нық қаланған іргетасын.
Өткені партияға жастайынан
Танытып дүниеге көзқарасын.
Есептен – алға басқан əрбір қадам,
Ынтамен көзге түсті алғыр маман.
Оралып Алматыға біраздан соң,
Партия мектебін де тəмамдаған.
Қайралып, шыңдалуды бітіргесін,
Ауданға жолдамамен былтыр келсін.
«Барасың үлкен совхоз, қиын жерге»
Дегенді мақұл көріп, іркілмесін.
 Қиынға,
қилы күйге салсын өзін,
Жұрт содан жақсы көріп қалсын өзін...
Əзірге нақпа-нақтап айта алмаймын
Жігіттің түр-тұлғасын,
қасы-көзін.
Болса да ел сөзіне сенгенім көп,
Əркімге елпең қағып ергенім жоқ.
Сыртынан сипаттауға тартынамын,
Сейітті, нансаң, əлі көргенім жоқ.
– Мəссаған, бұл қалай?! – деп зəрең ұшар. –
Жай жүрмей,
баламысың бəле құшар.
«Көрместен өлең етпек» деген пікір
Аттатпай, аяғыңды бірден тұсар.
Өзгелер айлап-жылдап барып келіп;
Көз көрген біраз жайға қанып келіп;
Жағымды бейне жасап бере алмай жүр,
Жазғаны жатса дағы дəріптеліп...
– Оқушым, оның рас.
Кеш кінəні.
Шешімін таппай жүр ғой ешкім əлі.
«Шықпаған бас кейіпкер бейнесі» деп,
Бəрібір еңбегіңді еш қылады.
Сондықтан мұның өзін басқаша бір
Бедерлеп, безендіріп тастаса жыр.
Тосын ой дем бергендей қаламыма,
Қиын-ау, сыншы біткен мақтаса кіл.
Оқисыз жыр шумағын жүз бестей сіз,
Сейітпен салған жерден жүздеспейсіз.
 Қайнаған қызу өмір ортасынан
Тек оны бізбен бірге іздескейсің!
2
Іздейтін – ең əуелі келіншегі,
Келінмен танысудың кезі келді.
Əрі жас күйеуінен,
əрі сұлу,
Сүйсінте қоймаса да тегіс елді.
Кескіні таң дерліктей, паң дерліктей,
Мінезі сəл қиғаштау бар дерліктей,
Естідік: «əжептəуір қызғаншақ» деп,
Əйелге ол да қажет сəн белдіктей.
Тұр екен кеңсе алдында кер маралдай,
Аңқиып қарап қаппыз, дем ала алмай.
Оның да екі көзі – машинада,
Біздерге бір қырындап келді алаңдай.
Жалт етіп жана қалған егіз шырақ
Тосырқап,
тоқтаңқырап, тұрды сынап.
Лебізін ең болмаса есту үшін,
Əйелден алсақ керек жөнді сұрап.
Безеу бет, шикіл сары жанымдағы:
– Бір минут, бір минут! – деп дарылдады.
Атылып кабинадан шықты сыртқа,
Есігі «Волгамыздың» жабылмады.
Аяғы безеу беттің шалыс тұрды,
Келіншек шегіншектеп, алыс тұрды.
– Əйелі... кімнің əлгі... – деген шақта,
Бұл өзін: – Таңзада! – деп таныстырды.
 Ақсары, ашаң өңді секілді бал,
Омырау ойығында секпілі бар.
Санап көр, сабыр жетсе,
шамаң келсе
(Баспагер, осы тұста жөткіріп ал).
Тіл қаттық: –
директорды іздеп едік,
Жолықтық ойда жоқта сізге келіп.
– Тапсаңыз, бізден болсын сүйіншіңіз,
Сейіттер – тура қазір түздегі елік.
– Сіз, бəлкім, бірге жүріп іздесерсіз?
– Несі бар, мен əзірмін, «жүр» десеңіз...
...Қалдырып безеу бетті кеңсе алдында,
Кең дала,
шартараптан із кесеміз.
Алдыңғы креслоға отырғызып,
Сұлуға сұқтанудың өзі қызық.
Айнасын түзеп қойып жүргізуші,
Қарайды көршісіне көзін сүзіп.
Тоқ балтыр,
торғын көйлек, құмырсқа бел...
Əп-сəтте жеткеніміз бұрылысқа кеп.
Етегін тартқыштаған Таңзадамыз
Нұсқады иегімен: «құрылысқа» деп.


3
Байырғы мекен-жайдың күншығысы.
Сəскеде қызған еңбек құлшынысы.
Еңселі, кең ғимарат.
Көп терезе,
Жалтырап сонадайдан тұр шынысы.
 «Мəдени комплекс маздақ құрсын.
Əйгілеп озаттарды жұлдыз тұрсын.
Əр көше сəн түзесін» деген Сейіт.
Ауылды қолғабысқа жұмылдырсын.
Жаңадан орта мектеп үйін салып,
Кіргізбек компьютер биыл анық...
...Жағалай əктеп-сырлап əр бөлмені,
Баладай шуылдап жүр дүйім халық.
Осында үлкен де бар,
кіші де бар,
Іс қылған бойына шақ,
күшіне дəл.
Өмірдің шын қызығын,
шырын дəмін,
Сезуге – көпшіліктің ішіне бар.
Білімге тұшындырған боталарын,
Мектепке алғысы зор ата-ананың...
...Сейітпен бірге оқыған Балқияның,
Кім білген, Батыр Ана атанарын.
Ұл-қыздың ертіп алып естиярын,
Жұмсайды əрлі-берлі бес «қиярын».
«Сопиған əкесінен аумайды» деп,
Күлдіру – əдеті ғой Балқияның.
Əзілмен бірді түртіп,
бірді шымшыр,
Тілі бар удай ащы,
бірақ шыншыл.
Тиісті Таңзадаға көрген жерден:
– Ыздиып жүрмісің, – деп, – əлі қысыр...
Ду етіп келіншектің екі беті,
Қызарып,
қымсынудың келді реті.
 Қосыла күлген болып əзіліне,
Əлі де тыңдай түспек – бір ниеті...
– Қаумалап қағаз-қаулы тұрғасын көп,
Деймісің, директордың мұршасы жоқ.
Күйеуді құшағыңда пайдаланбай,
Несіне сылаңдайсың ұрғашы боп?!
Не дауа күйеуінің құрдасына,
Өзінше жауап қатты бұл да асыға:
– Өңешің жыртылғанша айқайлайсың,
Құрсағың бастан асып тұрғасын ба?
– Ішімді бұралтпаймын сендершілеп,
Сыбырлап, сыпсыңдайтын – өсекші тек.
Ал мені осындағы қыз-қырқынға
Директор сайлап кетті: «жетекші» деп.
– Ол қайда?
Қашан келді мұнда тегі? –
Осылай сөз аңғарын бұра берді.
Қарайды жан-жағына Таңзадамыз,
Майысып өрім талдай бұраң белі.
Сол сəтте тиді кезек қайқы ерінге.
Жыбырлап аузы-басы құба жеңге,
Дəл соны міндетіне алған жандай,
Көргенін түгел айтып берді демде:
– Сейітбек, маған сенсең, мана келген,
Мына бір қалқатайды ала келген.
Аралап үлкен үйдің іші-сыртын,
Кешегі ісімізге баға берген.
«Шынымен мінсіз болсын сылақ» дей ме,
«Сапасы – Сізге-дағы сынақ» дей ме;
 Шынтағын түйістіріп əлсін-əлсін:
«Сенемін бір өзіңе, шырақ» дей ме?..
Біздиіп... мынау дағы... биік өкше,
Тар шалбар,
бұлтың-бұлтың екі бөксе...
Кеудесін, жауырынын жарқыратып,
Əйнектей – өте жұқа көкірекше.
Əйтеуір жарым сағат жүрді білем,
«Келістік. Келістік!» деп тұрды кілең... –
...Əлгінде күреңіткен Таңзаданың
Жүзіне қайдан біткен күлгін рең?!
– Қайдағы-жайдағыны қоңырсытпай,
Қойыңыз тон пішуді жұртқа сырттай! –
Қаймығып тура сөзден,
өткір көзден,
Қайқы ерін
тына қалды тымырсықтай. –
– Алыңыз қалақшаны қолыңызға,
Барыңыз былжыр басқан орныңызға! –
Бағжиып Балқияға тұрды өсекші,
Дегенде:
– Бекер жүрсіз сорымызға...
Білетін қауесеттің тым зиянын,
Жаны қас жалған сөзге Балқияның.
Өсекті тию бірақ оңай емес,
Заманы туса дағы жарияның.
Сүрткендей терезені жалтыратып,
Шындықты айта білсек, жарқыратып,
Жаңғырып жан сарайы қалар еді,
Бөлмені сырлағандай саңғыратып.
 Күн ұзақ.
Аспан ашық.
Сарша тамыз.
Тамыздан кешіктіріп алмау парыз.
Таңқылдап кебетұғын жаққан сырың –
Аңқылдақ аңызақтың өзі нағыз.
Осында ертеңгісін жеткен Сейіт,
Осыны еске салып кетті дейік:
«Мен өзім тексеремін кешке қарай,
Сырлауға сылбырсыңдар» депті кейіп.
«Тездет» деп айтпаса да болар еді,
Онысы – атүстілеу талап еді.
Желпінтіп ой-сананы тұрсын дағы,
Директор келген сəттің самал-лебі.
Əкелген бастық ертіп əлгі маман,
Əшекей, өрнек салып, соған алаң.
Балқияға қалжың айтып қалды тағы,
– Күйеуің біз көргенде... есен-аман.
Əйелі бұралғанға тал шыбықтай,
Директор отырмақ па үйден шықпай?
Ойлаған ертелі-кеш елдің жайын,
Сейіттің жаны мөлдір таңғы шықтай.
– Қиын ғой адамдармен тіл табысу,
Оңай ма көппен еркін араласу?
Шынтағы түйіскенмен,
сүйіскен жоқ,
Сен, кербез, шығармай жүр далада шу...
Таңзада бұл кеңеске таң қалғандай,
Астарын сөздің бірақ аңғарғандай.
Қабағы сəл құрысқан тəрізденді,
Дұрысы – жөнелген ғой жолдан қалмай.
 Басында айтып едік: «Кер марал» деп,
Кескіні бұйырғандай: «Ер маған» деп;
Есігін машинаның аша берді:
– А теперь... наверняка... Нармағанбет...
4
«Волгамыз» күнге қызып, кеткен ысып,
Пысынап қоя бердік, терден быршып.
Тізгінін жұлқа тартып, бір жақсысы,
Жөнелді шашыратып құм-қиыршық.
Жаралған игілікке текті күші,
Жүйріктің келер зулап, жүйткігісі.
Қуырып жер танабын жел соқтыра,
Салонның кетті бір сəт ұйытқып іші.
Көңілден қуған əуре-сарсаңдықты,
Қалайды шопыр жаны шапшаңдықты.
Елігіп үдей түскен жылдамдыққа,
Емініп қарайтындай алға тіпті.
Кеш жату,
ерте тұру таңсық емес,
Тынымсыз қарекетін мөлшерлемес.
Кісіні алғы күнге асықтырған,
Өмірдің өзіндей жол белес-белес.
Айтпақшы, Сейітбек те жүргізуші,
Сыбанған өзі майшы, өзі сушы.
Меншікті торпағы жоқ,
төбеті бар,
Ауладан төрт доңғалақ өргізуші.
Тағы да таңсəріден кетті оянып,
Аралап шығатын жер көп қой анық...
 (Сипалап қала берген жылы орынды:
«Таңзада тəтті ұйқыда» деп қоялық).
Сейіттің күрең қызыл Жигулиі,
Келетін ферма жаққа жиі-жиі.
Осында – бақташы дос, бауырмал жан,
Шын достық – тіршіліктің сирек сыйы.
Мал баққан нардай жігіт Нармағанбет,
Мақтаулы: «жылдар бойы талмаған» деп.
Əуелден адал жаны бұлталақсыз,
Бар күшіне бағымына арнаған тек.
Ауылдан ұзап алыс барған емес,
Қарайып əсте бірақ қалған емес.
Кісінің бір басына жетерліктей,
Кітаптан жиған білім, алған кеңес.
Зерделеп, көңілге сыр көп тоқыған,
Кітаптың қисабы жоқ бұл оқыған.
Қызғыштай көл қорыған бəйек болып,
Томдарын кем көрмейді ер-тоқымнан.
Өргізіп сауын малын атты кісі,
Жусатып, иірген сəт – дəп тынысы.
Шұқшиып журнал оқып отырғанда,
Сейітпен болған алғаш қақтығысы.
Директор көзге жылы ұшыраған:
– Мал қалай, өріс қалай? – деп сұраған –
– Өрістің тар екенін білесіңдер,
Біздікі – əупіріммен тек шыдаған...
Жинақтап үлгермеген тəжірибе,
Сейіттің мүлт кетуі бар, əрине,
Журналын бақташының қолқалапты
«Оқуға бересің, – деп, – маған үйге».
 Малшының көзі сонда ежірейіп,
Ежіктеп айтқан мынау сөзі дейік:
– Кім кімге журнал əкеп, кітап бермек, –
Білуге обязансың өзің, Сейіт.
Туыстай өзімсініп сұрағасын,
Əзірге мен беремін, сен аласың.
Əйткенмен, «алмақтың да салмағы бар»,
Орнына өзге кітап келе қалсын...
Тіксініп бұған Сейіт абдыраған,
Түсініп, тұтқиылдан жадыраған.
Ауылдың кітапқұмар қызық жанын
Осылай табыстырған тағдыр оған.
Құндысын, тартымдысын таңдастырып,
Бірінен бірі кітап алмастырып;
Дос болып кетіп еді содан бері,
Көңілдің жарастығын жалғастырып.
– Аралас-құраласта жүргенің жөн,
Əркімнің мұң-мұқтажын білгенің жөн.
Өмірді көрмей ешкім көсем болмас,
Сезгейсің істің мəнін жүрегіңмен...
Қоятын жетекшіге талабы мол,
Майталман бақташыға барады жол.
«Сейітбек сонда болар» деген оймен
Айтқаны Таңзаданың жаңағы сол!
5
Тереңсай аңғарында көзден таса,
Тұрды бір күмбез сарай көркем аса.
Ауылдың балансында атымен жоқ –
«Аңшылар үйі» дейтін үлкен дача.
 Ақ кірпіш, қызыл кірпіш аямастан,
Далитып салғызғандар саяласқан.
Соғатын əр жұманың аяғында
Сойқандар тура жолдан тая басқан.
Ауданның дүмділері біз білетін
Осында сенбі сайын дүбілетін.
Атарға оғы жоқтай, көзі шоқтай,
Бірінің бірі көрсе дуплетін.
Тұрғызып дəретхана жарғабаққа,
Бөленген өздерінше салтанатқа.
Қарайтын дүниеге төңкеріліп,
Ұқсайды дүмше бастық жарқанатқа.
Бокалын «жынды сумен» шүпілдетіп,
Тоқалын сүйді бұлар шөпілдетіп.
Ойына келгендерін істеп бақты
Көрмеген жүген-құрық, əбден көкіп.
Өздерін жүргендердің шортан санап,
Көлшігі біртін-біртін сортаңданат.
Ілдіріп желбезектен желбуазды,
Жағаға шығаратын соқты сағат!
Жебедей жетті ақыры тыйым сағат,
Еркінсіп кеткендерге – қиын сағат.
Сейіттер сегіз қағаз акті жазды:
Аңшылар үйін жауып, бұйым санап.
Кім үлес елдің қосса дəулетіне,
Сол ие – игілікке, сəулетіне.
Шорағай-шортандардан босаған үй
Берілді Малбағаров əулетіне.
Тарығып неше жылдан Нармағамбет
Бір пəтер дені дұрыс алмаған ед.
 Қолына қоныс кілті тиген жерден
Мың кітап,
Он баламен орнаған кеп.
Жайғасып бөлме сайын Малбағаров,
Бəрінің үсті-басы қалды ағарып.
Əділдік шыныменен орнағанын
Адамның жанарынан аңғаралық.
Ертемен ат үстінде, дөң басында
Бақташы таңырқайды ордасына.
Аумағы ат шаптырым сайдың іші
Айналды сауын сиыр фермасына.
Əйелі,
екі қызы, қос келіні,
Қосылып Ертай іні, Доскен ұлы;
Нартайдың үй-орманы ұжымдасып:
«Бірыңғай мердігерлік» дескен мұны.
Əкеге серіктесіп өскен батыр
Өрістен мал оралтып келе жатыр.
Алыстан кеме тосқан шағаладай –
Шетінен ақ желеңді оператор.
Тапқандай жерден Сейіт жеті қоян,
Қуанып сауын жаққа жеткені аян.
«Парное молоко!» деп,
сонда бұған
Бір тостақ сүт ішкізген ерке Баян.
Ағатай жылы сүтке тойып алды,
«Бұзауқан» екендігі мойындалды.
Жайнақтап малшы жастар мəре-сəре,
Қайрақтай ұшқын атқан ойындары.
 Ұстанып адалдықтың жастан жолын,
Өмірден, бақыттысың, – тапсаң орын.
Інідей еркелетіп тұр директор
Ауылдың аққу-қаздай жастар жағын.
Биікке ақын жаны тым еліккіш.
Жақсыны талмай іздеп жүр едік біз.
Сейіттің ізгілікті ізіменен
Ат басын аппақ үйге тірелік біз.
6
Есікті шопыр жігіт еркін ашты,
Үй іші – кірген жанға ықыласты.
Жеткенше кең бөлменің төріне біз,
Екі əйел құлын-тайдай шұрқырасты.
– Таңзада!
Танакөзім, қайдан жүрсің?
«Соңынан қуған» несі?.. – Жайран күлсін:
– Іздеуден тынбайтын бір ақынбысың?
(Онысы – біз екенін қайдан білсін).
Шашақты дастарқанын шапшаң жайған
Əйелдің аты – Жайран, жүзі жайраң.
Ас үй мен екі арада құрақ ұшып,
Тасып жүр: – Мынау қаймақ! Мынау айран!
Айырған сары майдан торта қылып,
Ұсынды Таңзадаға жорта күліп.
– Ты, Сергей, бəріне де нажимай, – деп,
Ортаға қойып жатыр ортан жілік.
Жарқырап алтын жиек кеселері,
Ақ қаймақ бал татиды кеседегі.
 Көмпиген күреңітіп бауырсақты
Қос-қостан болар асап жесе, тегі.
Тамақсау екенімді жасырмайын,
Ауылдың сағынамын асын дəйім.
Айранға қаймақ қосып əкелгенін
Көргесін, жолға несін асығайын.
– Бұйырған дəмнен аттап кете алмайсың.
Сейітті əзір қуып жете алмайсың...–
Қарайды Таңзада мен екеумізге:
– Іздеген сол жігітті екен қайсың?!
...Əуелден ер жігітті мен іздедім,
«Болашақ кейіпкерім» деп іздедім. –
Талыстай танауымен ақбөкендер
Алыстан сезгеніндей теңіз лебін.
Жолығып кер маралдай жұбайына,
Қызыққан сыңайым бар шырайына.
Өлең-жыр ойнақылау келгені жөн,
Əйтпесе жұртқа сөзің ұнайды ма?
Ел-жұртпен араласқан қоян-қолтық
Ноянға жетпек болдық желе жортып.
Арманға қол созымдай қалған шақта
Жүректің лүпілдеуін ерен толқып!
Ақынның адалдығы көзінде тұр,
Жан сыры,
ой-мұраты сөзінде тұр.
Аңсаған ағайынды қоңыр қазы
Кешкісін келетінін сезіп отыр.
Дөңесте Сейіт-Нартай жайғасқандай,
Кең дала еркін ойға жол ашқандай.
 Көсемнің арман жайлы асыл сөзі
Қай томда екеніне таласқандай.
Шалқыған от-жалындай лебіздерін
Естуге ел адамын көп іздедім.
Достығын директор мен бақташының
Өмірден көргеніме негіздедім.
Жөн шығар бұл екеуін: «егіз» деуім,
Бұлардан керек менің қол үзбеуім.
Сейіттің сергектігі маған қымбат,
Кім білген, Таңзаданың неге іздеуін?!
Көңілден шықпаса жыр, тым торықпан,
Тынбаймын ізденуден,
ой-жорықтан
Мақтаулы кейіпкерім – Сейітбегім
Аумайды жер-жердегі азаматтан.
Елестеп есті кісі көз алдыңа,
Жылуын алақанның сезе алдың ба? –
Жолығып директорға жүрсің күнде,
Достасып кету деген өз алдына.
Аралас ісімізге,
түсімізге,
Директор – ортамызда, ішімізде.
Əр сөзі – дəтке қуат, ойға демеу,
Арнаған бойда жігер, күшін бізге.
Аралас бəрімізбен ашық-жарқын,
Жарқ етіп келер сəті жанға жақын.
Əзірге Таңзадаға тамсанайын,
Екі жеп, биге шығу – осы, бəлкім!!





Пікір жазу