04.02.2022
  218


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ӨМІРБЕКТІ ЖОҚТАУ

Жоқтауға Өмекеңдей теңдесімді
Мұңды сөз таба алмадым үйлесімді.
«Өмірбек қайтыс болды» деген шақта,
Білмедім сенерімді, сенбесімді.
Өйткені, Өмекеңді кеше күзде
Есен-сау көріп едік біз де, сіз де.
«Əне жер, мына жерім ауырып жүр»
Дегенін естімеп ек үйде, түзде.
Біреуге керек болса жəрдем-көмек,
«Жоқ» демей, жүгіретін тым елгезек.
Асыл жан, əттең, өзі сезбеген-ау,
Жұқарып жүргендігін қайран жүрек.
Ауылға Алматыдан барғанын-ай,
Ауылда қатты ауырып қалғанын-ай.
Он бірден кешкі сағат кете бере,
Өмірден өте барған ардағым-ай!
Ажалдан араша жоқ, болмайды лаж,
Тағдырдың жазуы сол, мынаң қараш.
Өмірбек дүниеден өткендігін
Білместен, Қармақшыға жетті-ау Күлəш.
Өмекең жүріп кеткен, іздеп келсең,
Өлген жан тірілер ме, еңіресең.
Аузына тым болмаса су тамызып,
Жанында отыра алмай қалдың-ау сен.
Отасқан жиырма бес жыл Өмірбегің,
Сені ойлап өтті ме екен қайран ерің?
Көзіне елестетіп ұл мен қызын,
«Марат» деп алды ма екен ақтық демін?!
Қалың ел қандай, міне, жиылғаны,
Көл болып көздің жасы тиылмады.
Көңілге сəл де болса бір жұбаныш –
Топырақ туған жерден бұйырғаны.
Бекем бол, белің, Күлəш, бүгілмесін,
Өмірбек – балаларға енді сенсің.
«Орнында бар оңалар» дейді қазақ,
Тəңірім Маратжанға ғұмыр берсін!!!





Пікір жазу