04.02.2022
  191


Автор: Жарасбай Нұрқанов

БАҚТАШЫ – ИНТЕЛЛЕКТ

(Осы заманғы ода)
Қораз да,
Қоңырау да керек емес, –
Өз жаны оянудан береді елес.
Селк етіп, көзін ашып алған малшы
Құба таң күңгірттігін ерте демес.
Қарманып, қарай жүріп киімдерін,
Алады ұрып-ұрып иін, белін.
Сəлкеннің əртіс болған əйеліндей,
Бір қызық – көрсең мықын иіргенін.
Кей-кейде сал-сал болып дене шіркін,
Дейтіндей: «тынықсаңшы сен де бір күн»,
Мырс етіп миығынан күледі ащы:
«Жай тауып, жата бергің келер мүмкін?! »
 Ас үйдің жарқ еткізіп шамын жағып,
Бөрте жүн бөкебайын тағып алып,
Құлақ сап жымияды төр бөлмеге
Топ бала пысылдаған «əнін» бағып.
Ертемен жарық қандай шақырайған,
Көзіндей фуражирдің ақырайған.
Іздесең сол жарықпен табылмайды-ау,
Бір жұтса таңдайға бал татыр айран.
Науаға жылыдай сүт төгілген мол,
Кертанау теңкиеді бөгуден сол.
Айранның жууға əлгі жұғындысын
Тимейді телевизор көруден қол.
Тұр əне қара шөген қайнап шоқта.
Газ əне – жылытам десе майлы ботқа.
Ағаңды аш жіберіп көргеміз жоқ, –
Дер еді кейбір жеңгей: – Қайным, соқпа!
Ауылда болмашыға зəрулік бар,
Ақша көп, алуға жоқ небір товар.
Бөлініп жол-жөнекей, көш-бəлекей,
Шолақ тон шопандарға жетпей қалар.
Көк костюм омырауы орден толы,
Киеді сессияға барғанда оны.
Су жұқпас сұр брезент, сенсең бөрік,
Жел өтпес желбегей ғой – мұның қолы.
Малшыға берсең жарғақ, тері қолғап,
Күн тимес, суық алмас сері болмақ...
«Мынауың – ақын емес, завхоз ғой» деп,
Кей эстет кекетер-ау мені қорлап.
Қит етсе, «интеллекті» деуге бейім,
Ондайды оқығам мен Хемингуэйден:
 Теңізде тентіреген шалдың жайын
Шабақтай тізіп берсе, мен не дейін?!
Интеллект – жəйді ұғынып, жан ашуда:
Ой-сезім өмірге дəл жанасуда.
Əлде бір алтын көлді жырлауым не,
Ау құрып, ауқат қылып қара суда?
Байыпты ер, бас кейіпкер – малшы маған,
Маңдайдан ащы тері тамшылаған.
Тынымсыз қысы-жазы, күндіз-түні,
Темір де тозған шақта ол шыдаған.
Қаңтарда көкше мұзды көп қалаған,
Жан көрсең таңсəріден оппалаған:
«Пейілі бала тектес бақташы» де,
Мал қора, малға жетпей тоқтамаған.
Айқара ашуы мұң ол бір есік,
Таниды танакөздер мөңіресіп,
«Шығын жоқ, шылым бар ма? – десе Сəлкен,
Мұның да қоя берер көңілі өсіп.
Мамықтай сары сабан – жастанары,
Мал бірақ мал болғасын ластанады.
Ентелеп ертеңгісін келген шақта
Ең қиын, жайсыз жұмыс басталады.
Қи-қоқыс... көрмейміз ғой жырға лайық,
Көң емес, көлгірлікпен сырлау – айып.
Қонышы батпақ-сауыс бақташының
Тап-таза, мөлдір жанын ұғынайық.
Жүрген жоқ ешкімнің де зорлығымен,
Іс қылар ынта, күштің молдығымен.
Қаламды қайта ұстадым малшыны ойлап,
Қыздарға жыр жазам деп болдырып ем.
 Сырт көзге сырдаң тартқан пішіндері,
Білсең тек бипаз сырын ішіндегі.
Парасат, пайымына сүйсінем мен
«Оқыған» көп жандардан көш ілгері.
Жұмыстан бола қалса бір сəт тыныс,
Қолында – «Аққан жұлдыз», «Алмас қылыш».
«Бар екен Бауыржанның аңызы» – деп,
Қалтада журнал жүрер қырыс-қырыс.
Күндер бар жүгіртетін жүз беттердей,
Кей апта кітап жабық мызғы еткендей.
Өтірік «оқыдым» деп, пікір соқпас
Білгіштеу біздің кейбір қызметкердей.
Сүйсініп Жүсіпбекке: «уай, пəлəй!» – деп,
Түйсініп Карузоға: «əй, қалай?» – деп,
Разы боп Оспанханның сықағына,
Осылар шат күлетін шалқалай кеп.
Бес жүз күй,
белгілі оған мың əніміз,
Малшыда шұрайлы тіл – құнарымыз.
Живопись мүсінге сəл мүкіс келсе,
Ол емес, оған біздер кінəліміз.
Малшының арқасында білім алып,
Пірдейміз Пикассоны біліп алып.
Біз оған Шиллер, Григ сырын шертсек,
Ол дағы кетер еді іліп алып.
Жан салып өз ісіне ентелеп кім,
Өнерге құмартса, сол – интеллектің...
Келеді-ау кейбір ғылым кандидатын,
Бақташы құрдасыма желкелеткім.
 Кек қылмай, кемшілікті саралайтын,
Бек сыншым бет-жүзіме қарамайтын.
Өлеңді мен соларша нақтап жазам,
Болсын деп көңілге дөп, санаға айқын.
Қыран құс ұмтылмай ма биік тауға,
Малшыдай мəртебеміз болса – тəуба!
Елдегі бақташыға барам тағы,
Жердегі құдайымды ұмытпауға.
1974 ж.





Пікір жазу