ҮШ ОҚ
Бұл не сұмдық,
Бұл өлім кімнен дейік,
Тергеуінен биліктің түңілейік,
Жау қолынан қапыда жайрап қалған
Заманбектің орны тұр үңірейіп.
Ер-азамат ерекше жаратылған,
Бір өзіне – үш бірдей оқ атылған.
Сөйтпегенде қайтеді бұл заманда,
Обал-сауап, ар-ұят жоғалтылған.
Өзін-өзі атпайды намысқой Ер,
Білеміз ғой, біз, Оның мінезін өр.
Кім үш рет үш оқпен өзі атылмақ,
Мықты болсаң, бір оқпен атылып көр.
Ел ішінде беделі зор деген соң,
Шындықты айтар бір кісі – сол деген соң;
Көзін жойып, өшірді-ау Оның үнін,
«Қой» дегенге қасарып көнбеген соң.
Оған үш оқ жайдан-жай атылған жоқ,
Бір озбыр топ біздерге көрсетті доқ.
Іштен тынған, ызалы жұрттың мынау,
Сұстанғаны-ай соларға наразы боп.
Өкінішпен өзекті өртейін бе,
Қорқынышпен үндемей өтейін бе...
Атқызған кім, атқан кім, жайратқан кім? –
Көпшіліктің сайрап тұр көкейінде.
Үш бірдей оқ үш дүркін атылғаны-ай,
Қызыл қанға Зəкеңді батырғаны-ай!
Билікке де ажалға қарсы тұрған,
Батылдары-ай, қазақтың батырлары-ай!!