04.02.2022
  186


Автор: Жарасбай Нұрқанов

БАЙҚАУСЫЗДА БАРЫП ҚҰШ

Кеудем толы, кернеді оны сағыныш,
Өлең-досым, өзің елге алып ұш.
Думандатып жүрген жерден Дулатты
Байқаусызда барып құш.
Жалт қарасын, жабыссын кеп мойныңа,
Əлде тіпті аңтарылып қала ма?
Ұқсатары, ұқсатпасын біле алмай:
«Өзің бе, деп, ой, аға?!».
Ерік бермей, ертіп ал да жаныңа,
Апар ана Тасөткелдің жарына.
«Қармақ сабы қайда екен де, былтырғы?»
Қарасын жан-жағына.
Ал өзіңе, дəл көзіңе қаратпа,
Ойландырма, жай жүруін жаратпа.
«Мін шанаға, Мыңшұңқырға кеттік» де,
Қақ божыны Қара атқа!
Ол жануар ордаң-ордаң желгенде,
Гулей ала жөнеледі жел демде.
Құлынымның құлақшынын байлап бер,
Танауын сүрт, жеркенбе.
«Анау қайсы, мынау не?» деп, жоқшыдай,
Отыратын ой-шұқырды ол сұрай.
Сенсін саған, сен де ерінбей таныстыр,
Ел мен жерді жолшыбай.
Аттың үстін айналдырып ақ буға,
Қайқаңдатып Қаражарға тарт тура.
Тоғай іші толастаған кезде жел
Қосылыңдар «Аққұмға».
Беттегенде Басағаштың баурына,
Күн еңкейіп, екіндіге ауды ма?
Ендеше бұр Көктерекке ат басын –
Нағашыбай аулына.
Елге қарай ентелетіп айда кеп,
Тереңсайға құлдиларда байқа тек.
Əй, сол жерде сұрамаса, не қылсын:
«Ағам менің қайда?» деп.
Күні бойы күлген болып жүргені –
Оның дағы бірдеңені білгені.
Əйтпегенде танымай қап ағасын,
Жаңыла ма мүлде іні.
Ұмытқаны болар еді, алданса,
Сағынғаны-ау, сені мен деп малданса.
Сен онымен жүре тұршы жұптасып,
Қашан өзім барғанша.
Кеудем толы, кернеді оны сағыныш,
Өлең – досым, өзің елге алып ұш.
Думандатып жүрген жерден Дулатты
Байқаусызда барып құш!





Пікір жазу