04.02.2022
  186


Автор: Жарасбай Нұрқанов

КЕМЕҢГЕР

Өзіне дейінгілерден
Өлеңді ғажап байытқан,
Кемеңгер ақын,
білем мен,
Келмегендігін ғайыптан.
Зəредей зерек, естінің
Мейірбан алақанында,
Ертегі-жыры ескінің
Қымыздай сіңген қанына.
Шөженің шоқтай жан сырын
Өзгеден жақын тартты анық.
Нағашы жұрттың қалжыңын
Тыңдайтын рахаттанып.
Оқудың дəмін татқалы
Кітапта көздің қиығы.
Томсарып ойға батқаны –
Кісідей бейне бұйығы.
Бас қатып хадис-кəламнан,
Телмірген шақта күн ұзын;
Тапты бұл тұнжыр ғаламнан
Шығыстың жеті жұлдызын.
Жұлдыздар жүзген заңғардан
Күткендей мəдет-фарияд...
...Данышпан туған жандардан
Атойлап тұрмақ ар-ұят.
Алдырды-ау, əттең,
шақыртып,
Дəрісті тəмамдатпастан;
 Орысша жырды шəкіртім
Кеудеге тағар-тақпастан.
Əкімдік жолы əкенің
Шырғалаңдарға түсірді.
Қисынын тапқыш қапелім
Əккілік сырын түсінді.
Жаныңды түршіктіретін
Жауында қалып дірдектеп,
Арқасын қамшы тілетін,
Кедейдің зары – бір мектеп!..
Түгесіп болмас бəрісін...
Өткелектерін Абайдың.
Ұғынды шындық мəнісін
Үстінде дау мен дамайдың.
Халқымның шешендігінің
Сөздерін біз тоқушы.
Тілімнің есендігінің
Кепілі нағыз оқушы!
Лермонтов лебі суынбай,
Жалтылдап «Жалау» жеткені –
Теңіздің жазғы буындай
Шығандап ойдың кеткені.
Абайдың ақыл нұрының
Өнермен жарасқандығы –
Қазақтың ақындығының
Аспанмен таласқандығы.
Мұхиттан бетер ілімнің
Інжуін терген кемеңгер!
Абайға жетсін білімің,
«Ақылым артық» демеңдер...





Пікір жазу