04.02.2022
  149


Автор: Жарасбай Нұрқанов

НАМЫС

Пікір туып жатқан шақта дабылдап,
Пушкинді де кінəлаушы табылмақ:
«Əйел үшін атысқанша, өлгенше,
Өлең жазып жүрмей ме, – деп, – жалындап».
Ақын Пушкин аянған жоқ, жазды өлең:
Өршіл өлең, ойшыл өлең, назды өлең...
Əрі шуақ, əрі самал сəскеде,
Шаңқан сəті Күннің дағы аз дер ем.
 Құштарлықтың ұшқыны ойнап көзінде,
Ұшқын тастай білген сабаз сезімге.
Құмарынан құралақан қалмас ең,
Өткір жігіт болсаң сондай өзің де.
Кеудесінде жырдың маздап шоқтары,
Кемел ақын кемшін тұсқа соқпады.
Самғауында,
таңдауында мін бар ма –
Сұлулардың сұлуына тоқтады.
Қыз да сүйді, қызықпай-ақ кескінге,
Махаббаттың сол жұмбағын шештің бе?
Өлең ғажап,
əйел ғажап, əттең сол:
Екі бақыт бұйырмаған ешкімге.
Əлде сонау жас күндердің жазасы,
Өсек-аяң... жоқ қой енді мазасы...
Өңі жирен, жаны керең, келімсек,
Болды-ау содан қайран ақын қазасы...
Пікір айтқыш пысық шығып дарылдақ,
Пушкинді де сөгетін сөз табылмақ:
«Əйел үшін атысқанша, өлгенше
Өлең жазған жақсы ғой, – деп, – жалындап».
Қиын күнде жаза басқан қадамға
Қиналмастан кінə тағып қадалма...
...Əйел арын, ер намысын қорғамай,
Ақын болып керегі не адамға?!





Пікір жазу