04.02.2022
  197


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ҚОРҒАЛЖЫН ТУРАЛЫ СЫР

Мен саған жазда келмей, қыста келем,
Асығып, тығыз-таяң тұста келем.
Өзіңе нөсер болып төгілмей жүр
Кеудемді кереметтей қысқан өлең.
Құмартып Қорғалжынға көптен бері,
Мұнартып көз алдымнан өткен легі.
Ағайын ашық-жарқын көрінетін,
Көлдері тасығандай көктемдегі.
Ең алғаш жолықтырдым Сабындыны,
Жонында сары алтыннан сағым жүрді.
Осында Бағлан аға, Тəттібала,
Екеуі егінімен сағындырды.
«Көктемде қарлығаш көп Қарғалыда»,
Дегесін дереу іздеп бармадым ба?
Даланың қызғалдағы – Бағдат, Шəрбан,
Ұмтылып жүрген кезі арманына.
Білемін Қараегінде Қабиевті,
Дəнге бай, əнге құмар ақиықты.
Əзілін Саят сынды саңлақтардың,
Түсіне білгендердің бəрі мықты.
Ерлер көп Кеңбидайық, Арықтыда,
Бекіндей берекелі, даңқты да,
Мен əлі Күркілдекке жеткен жоқпын,
Кім білсін, тоса-тоса жалықты ма?
Бір соғып өткенім бар Өркендеуге,
Бəрінен Қаражарды көркемдеуде.
Теңіздің телегейі жетеді ғой,
Отынан қоқиқаздың өртенбеуге.
 Ақпаса күндіз-түні Нұра болып,
Аралап шығу қиын сірə толық.
Қиялым шағаладай шарықтаған,
Əзірге аракідік жүр ғой қонып.
Арқаның əнге қосып Қорғалжыңын,
Кеудемнің төгілтейін толған жырын.
Ардақтап көлдеріңді шықпасам да,
Мадақтап ерлеріңді толғап жүрмін.





Пікір жазу