04.02.2022
  157


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ШЫНАРЫМЫЗ, СЫҢАРЫМЫЗ

От құшақта өткен күндер – па, шіркін!
Əлди тыңдап жатсаң – тіпті жақсы тым.
Жүрегіміз жүз жыл бойы соқса ғой,
Ақтау үшін анамыздың ақ сүтін.
Еркелеткен, желкілдеткен жеңгелер,
Қалжыңына қазына жоқ тең келер.
 Жазғы кеште əзілкештеу əңгімең.
Көңілімізге қозғау салып, дем берер.
Сондай кезде мың құбылған құрбылар,
Бойжеткенге болмады екен кім құмар!
Бірге көрген киномыздың билеті
Альбомдардың арасында, мүмкін бар.
Таң-тамаша қалғанымыз – сендерсің,
Аңсап жеткен арманымыз – сендерсің,
Өмір бойы өтсек еді əлпештеп,
Өкпелетіп алғанымыз, – не дерсің!
Қол жетпейтін шынарымыз – əйелдер,
Қол ұстасқан сыңарымыз – əйелдер.
Үйде – би боп, түзде – күй боп күмбірлер,
Нағыз намыс, шынарымыз – əйелдер.





Пікір жазу