04.02.2022
  213


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ЖАСЫ ЖЕТКЕН ТЕҢГЕ

– Бəріміздің тосып жүрген теңгеміз,
Сəтін берсе, жарқ етер деп сенгеміз.
Толғақ деген оңай емес, шырағым, –
Дейді біздің сөзге шебер жеңгеміз.
Желге кетпей жеңгең айтқан талай сын,
Теңге тауып бердің, қайным, жарайсың!
Жас иіске іңкəр кім бар дəл біздей,
Теңгем болсын, зəрулігім азайсын!
Ескі ақшадан құтылатын кезі кеп,
Түбі осылай болатынын сезіп ек.
Өзіміздің ақшамызды жайнатып,
Алақанда ойнатыңдар тезірек.
Қарашада қар жауар ма мұндай көп,
Ақша қажет судай жаңа, мұздай көк.
 Мезгілінде тигізіңдер қолыма,
Ағаңа ұқсап түн ұйқымды бұзбай тек.
Кеудемізде – бір түйіншек тобықтай,
Жүр ғой əлі жүрегіміз орнықпай.
Шытырлатып шығарыңдар ақшаны,
Ағаңа ұқсап көлеңкеңнен қорықпай.
«Айналымға енгіземіз» дейсіңдер,
Шығарған соң қалай енгізбейсіңдер?
Енгізіңдер, айналтыңдар тезінен,
Басқа жол жоқ, кейін шегінбейсіңдер.
«Алтын қорға кіргіземіз» дейсіңдер,
Кіргізіңдер, неге кіргізбейсіңдер?!
Дүниеге жаңа келген теңгені,
Əуел бастан түзу жүргізгейсіңдер.
Өз теңгеміз айналымға кіргесін,
Күшті болсын, бостау болып жүрмесін.
Бəрің менің бұл сөзіме күлсең де,
Өздеріңе дұшпандарың күлмесін.
Өз ақшамыз айналымға енгесін,
Шаруаны дөңгелентіп ерлесін.
Ə, дегеннен ағаңа ұқсап ол бірақ:
«Ойбай, белім, сегізкөзім» демесін.
Тəуелсіздік танылатын кезі деп,
Теңгемізді жайнатыңдар тезірек.
Ақша болса, ағаң болса, шай болса,
Жеңгең өзін сондай жақсы сезінед.
Құтты болсын жаңа туған теңгеміз! –
Дейді біздің ай мен күндей жеңгеміз,
Өзіміздің ақшамызды ұстанып,
Шынында да, шықтық жаңа белге біз!





Пікір жазу