04.02.2022
  149


Автор: Жарасбай Нұрқанов

КӨҢІЛІМ ІҢКƏР

Əнін жазған Қадыр Адамбалинов
Өмір-ай өтіп жатсың, сусып неден,
Құм сағат бəсеңдер ме күндегіден?
Мұрша жоқ бұл қалай деп бұрылуға,
Біз де бір аққан жұлдыз бұл дүниеден.
Қайырмасы:
Дүние-ай, баяның жоқ, өтерің бар,
Пейілің біреуге кең, біреуге тар,
Кім білген ертең күннің не боларын,
Сонда да сол өмірге көңілім іңкəр!
Іздесең, таптырмайды-ау зəру бұйым,
Өмірдің, байқап тұрсаң, бабы қиын.
Сертіңнен кеше берген бүгін тайсаң,
Сенімін елдің қайта табу қиын.
Қайырмасы:
Күн мен түн, күмəнім жоқ, алмасады,
Арманға беттеген жол дөң асады,
Көңілде – мың өкініш, біз өтерміз,
Бұл өмір бізден соң да жалғасады.
Қайырмасы.





Пікір жазу