04.02.2022
  132


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ЖЫЛ ҚАЙЫРУ

Əдетте Жылқыдан соң Қой келеді,
Қойдан соң мешін келіп қол береді;
Болғанда жылым – мешін, күнім нешік,
Көңілге неше түрлі ой келеді.
Əуелде «Мешін» деп жыл неге атанды,
Білмесең, білгің келіп, сұрау заңды.
 «Мешін» деп біздің қазақ айтады екен,
Жаңылып, теріс жолға түскен жанды.
Кісіні мың құбылып, бұлғақтаған,
Қазақтар маймыл көріп, ұнатпаған;
Кіргізіп он екі жыл санатына,
Мешін деп оның атын жұмбақтаған.
Тынымсыз көшіп жүрген арғы бабам,
Білімсіз көрінбейді əсте маған.
Кісінің есебіне алмаса да,
Мешінді жыл санаудан тастамаған.
Сондықтан, қайта оралып келді Мешін,
Несі бар, мезгілінде келсе, келсін;
Бұл күнде заман өзге, заң да басқа,
Келген Жыл төрге шығып, еркіндесін.
Заң болмас, жал-құйрығы күзелмейтін,
Жан болмас, жаңылса да, түзелмейтін;
Жаңа жыл, жаңа жолға баста бізді,
Ел-жұртым жадап-жүдеп, күйзелмейтін.





Пікір жазу