04.02.2022
  127


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ АҚ ҚЫЗЫ

Шалқып ұшқан Есілден шағаладай,
Қызылжардың ақ қызы – Кəмəл апай.
Жүзін көріп борықтай бойжеткеннің,
Аузын ашып, бақжиып қалған ағай.
Елең қағып ақ қайың арасында,
Ұқсайтұғын еліктің баласына.
Таза сұлу таңырқап тұрса керек
Сол жігіттің көз алмай қарасына.
Екі тағдыр табысып содан бері,
Екі жүрек қосылып соға берді...
Екеуінің жанында тұрмасақ та,
Тұспалдауға осылай болады енді.
Қаймыжықтай еріні Хакеміздің,
Аймалаған ақ жүзін тəтеміздің.
Қауыштырып қоюға құшақтарын –
Батылымыз жетпейді, əттең, біздің.
Жарты ғасыр жарасқан жұбын жазбай,
Айдынында өмірдің – аққу-қаздай.
Қияметін соғыстың көргендіктен,
Ашық аспан тілейді қыстай, жаздай.
Шуағына бөленіп алтын күздің,
Шақырады ауылы, бəлкім, жүздің.
Жетпіс жасы Кəмəнің құтты болсын,
Жетпіс жылдық тойындай еліміздің.





Пікір жазу