03.02.2022
  208


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ТАБЫН ДЕЙСІҢ ЖЕРГЕ ҚАЛАЙ?

Жырлауға бірден дереу Күн мен Айды,
Алтыннан өзге теңеу табылмайды...
...Астам сөз сонау бір кез айтылғанмен,
Бас иіп, адамға Жер табынбайды...
Көк күмбез, төңкерілген зеңгір аспан,
Зеңгірден əлемге Күн нұрын шашқан.
Тіршілік от пен судан жаратылып,
Ең алғаш Жер бетінде көзін ашқан.
Бір ғажап, титтей талшық лүп-лүп еткен,
Мүмкін бе Жердегі өмір онсыз тіптен.
Тірлікте Жерге дəйім тəнті болмай,
Қалайша: «табын» дейді Ол күпірлікпен?
Күркіреп көктемгі бұлт, сіркіреп нұр,
Дүркіреп көктейді жер, үлбіреп гүл.
Бүр жарып, бүршік атып, өркен жайған,
Бөбегі Күн мен Жердің – Өмір ғой бұл!
 Зеңгір көк түпсіз терең, жіберсең ой,
Құс жолы, күміс тозаң, шексіз, ойхой!
Аспанда жұлдыз самсап тұрғанымен,
Жер ғана тіршіліктің мекені ғой.
Тіршілік титтей болып жаратылып,
Жетілген жер жүзіне таратылып.
Ерсі сөз: «адамға, Жер, табын» деген,
Асылық, шектен шыққан дарақылық.





Пікір жазу