03.02.2022
151
ТҮСІМЕ СЕН КІРЕСІҢ...
Алакөбе ақ таңда
Тəтті ұйқыда жатқанда,
Түсіме сен кіресің,
Түскен күйі қақпанға.
Əлде мені сынауың,
Əлде көмек сұрауың.
Қуқыл тартып қояды
Нұрлы жүзің бірауық.
Сонда жаным шыдамай,
Килігемін сынадай.
Сені сол бір қақпаннан
Босатамын мен ұдай.
Қызыл түлкі екенсің,
Бұлаң қағып кетесің.
Құтқарам деп құр қалған
Мені күлкі етесің.
Сенің нəзік білегің,
Майыспауын тіледім.
Қолдан шығып кеткеннің,
Қайрылмасын білемін.
Босатам деп айрылып,
Көңілім жасып, майрылып,
Ұйқым қашып жүр менің,
Түс көруден қаймығып…