03.02.2022
  337


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ƏЖЕМЕ

Алданып, əркімдерге болғандай жем,
Өтті ғой біздің бастан қилы кезең.
Ақкөңіл бір жанашыр іздегенде,
Есіме елден бұрын түседі əжем.
Ет-жүрек елжірейді: «Əже» десем,
Жан əжем естір ме екен, əжелесем.
Шұбыртқан балапанын ақ тауықтай,
Жүрмісің бəйек болып əлі де сен!
1969 ж.
* * *
Ми қайнатқан сарша тамыз айында,
Арқа тіреп ала діңгек қайыңға,
Көлеңкеде оқыдым бір журналдан
Адам миы ғаламаты жайында.
Сөйтсем, əлгі ми деп жүрген мықтымыз –
Быжынаған талшық торы тып-тығыз.
«Сан миллиард нейрон» дейді білгіштер,
«Нейрон» деуден неменені ұқтыңыз?
Ең бастысы – мидың жұқа қыртысы,
Сол жұқаның болады екен сұр түсі.
Сұрғылттығын – сұңғылалық деп білдім,
Кейбіреудің келер, мүмкін, күлкісі.





Пікір жазу