03.02.2022
  162


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ОЙ

Жолдамын. Жеңіл такси.
Зырлап келем.
Тербелген, жанға жайлы ырғақпенен,
Көктемгі көрінісін кең даланың
Ішімнен ыңыл қағып жырлап келем.
Артта қап орталығы облыстың,
Далаға шыққан кезім – соңы қыстың.
Көз алдын көк буалдыр мұнар еткен
Көктеммен жол үстінде жолығыстым.
Еліңде білуші едің тершең кімді? –
Қар суы шып-шып шыққан тер секілді.
Жатқаны жылғаланып, жырлап ағып,
Еңбектен ерінбейтін ер секілді.
Мұзды үңгіп, жерді жырып,
тастан аттай, –
Қайтсе де жол табады жас таланттай.
Күн ұзақ күледі кеп сылдыр- сылдыр,
Түскенде ай сəулесі ақ болаттай.
Қыс бойы шөгерілген түйе-қырат,
Тұрыпты.
Үрке тартқан бұлақ –
құр ат.
Беткейдің ақ селеуі – аңқылдақ жан,
Жатқан қар жар астында –
бюрократ.
Жардың да астындағы ақ қар аз-ақ,
Айнала айғыз-айғыз, алабажақ.
Ойдым-ойдым оюлы текеметтей
Көктемгі көркіменен дала ғажап.
 Күн қандай жадыраған жаймашуақ,
Маң басып мал барады ойға шұбап.
Тоқ шыққан тайшалардың
тайраңдауын,
Өтерде ортасынан, байқа шырақ!
Жайылымда шашырампаз
сиыр малы,
Алды – осы, арты – сонау қиырдағы.
Түбінен, түгін тартсаң, май шыққандай.
Шетінен семіз екен биыл бəрі.
Баққасын мал шіркінді осылай бақ,
Жазыңда, қысыңда да қысылмай бақ.
Жеуіңе жетеді еркін етің сонда,
Болады сусының сүт,
асың – қаймақ.
...Ойхой-ау, ақыл айтып барады екем.
(Ойлантпай қоймайды ғой
дала – мекен!)
...О-о! Мынау – бір совхоздың
жылқысы ғой!
Апырай, азайып-ақ қалған екен!
Оның да өзін мүлдем арық қыпты,
Жайсыз ғып жайған екен жарықтықты.
Малының майын жиған өз қарнына
Маманды көрер ме еді барып тіпті.
Далада жайылатын жазы-қысы
Жылқы үшін сөз болып па азық ісі?
Тебінде тегін бағу кімге қиын –
Еңбекшіл емес пе еді қазір кісі?
Даланың омбы қарлы ақпаны бар,
Даланың жауын-шашын батпағы бар.
Жолсызда жоғарыдан өкіл келсе,
Ауылдан əзер ғана ат табылар.
Əлі де мекендерміз Жер-ананы,
Ал жерде жылқы жүйткіп жүре алады.
Ет-сүтін ысырап қып есептемеу –
Пайымсыз адамдардың кінəлары.
Дүкенде саба тұрса күрпілдеген,
Жігіттер болмас еді күркілдеген.
«Курортқа бару қалмақ былай тұрсын,
Аурудың азаюы мүмкін» дер ем.
...Ойхай-ау, тағы толғап барады екем,
(Толғантпай қоймайды ғой
дала – мекен!)
Ақынның алабұртқан көңілі бар,
Шопыржан, көз алдыңа қара бекем...
...Жолдамын.
Жеңіл такси.
Зырлап келем,
Тербелген жанға жайлы ырғақпенен.
Көктемгі көріністен көп ой туып,
Ішімнен ыңыл қағып жырлап келем.





Пікір жазу