03.02.2022
  143


Автор: Светқали Нұржан

Ай-арзу

Сәби шағым, күні — күлкі, түні — мұң,
Қалып қойды — желге таулап тұлымын.
Ал дәл қазір, аспандағы ай-ару
Жүрегіме сілтеп жатыр құрығын.
Мен ғашықпын сонау айға,
Қайран қап
Жүрме, бірақ, жаным соған байланды-ақ.
Құлын-қиял көкіректе кісінеп,
Ботақан-нұр жүзімде жүр тайраңдап...
Ару — айым,
Жанға жыр боп енші бір,
Арамызды жалғап жүрсін елші-нұр...
Құрығыңа іліксін де туласын,
Ең бір жүйрік шумақтарым, ең шымыр.
...Кекілімді күн тараған сол шақта,
Жыр жазбайтын уыз-сәби болсақ та,
Әлденені аңсап жаным,
Сырымды
Ілуші едім кірпіктегі Моншакқа.
Шоқ-моншақты жырмен енді көсеймін,
Түнгі сезім боп қалды тек досы — ойдың.
Көз шарамнан сәуле саулап дірдектеп,
Толған айға еріп жүріп есейдім.
Ай жолына қанды қақпан құрса бұлт,
Күйзелемін, жүрегімді кір шалып,
Айшалық боп бастап едім ауырып,
Дауасы жоқ дертке айналды —
Жыршалық!
Жалғыз мен бе — осы дерттен жоғалған?! —
Көз жұмғанда кеудемдегі көп арман —
Күбір-күбір жыр естірің ақиқат,
Төбесіне ай шаншылған моламнан!..





Пікір жазу