БАСТЫҒЫҢ НЕШЕУ?
– Кəдуілгі қырманда
Штат қысқармай тұрғанда,
Бейнетқор бесеу еді.
– Бастық нешеу еді?
– Бастық екеу болатын.
Біреуі үйге кеткенде,
Біреуі осында қонатын.
– Бас аяғы жетеудің
Артық-кемі жоқ, Байтасым...
– Несін айтасың,
Бесеумізді екеуі
Уысында ұстайтын,
Не істеу керегін
Иегімен нұсқайтын.
Сөйтсе,
Бұларға да нұсқау келіпті:
«Қырманды қойып,
Холдинг құрыңдар» депті.
Қысқарту есебінен
Қалай пішем десе де
ерікті –
билігін өздеріне беріпті.
– Міне бұл ақыл.
– Ойбай, көке, тұра тұр,
Қайдағы ақыл.
Бізге бəле болды ақыр:
Ең əуелі қонжиды
Дөкей бастық Мөрбасар,
Екіншісі, əрине, орынбасар.
Одан кейінгісі тыңқиып,
Тоғын басар.
Сырттан алтау əкелді,
Ең соңғысы – алаңғасар.
– Неге бұлай,
– «Неге» дерің бар ма,
Мөкеңнің пақырлары
Қырманды тақырлады.
Бейнетқордан мен қалдым,
Мені қысқартқандай, неңді алдым?..
Байтас айтса, айтқандай,
Өңкей бастық онсың,
Дүние қайдан оңсын!...