03.02.2022
  138


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ЖҰМЫСКЕР КҮНІ

Жазғырамыз жалғыз Күнді,
Тілегіміз – жаймашуақ.
Салқын жұлдыз сансыз күллі
Жымыңдайды жылусыз-ақ.
Күлім қағып күн жарықтық,
Жұмысына шыққан сайын.
Дүниені жап-жарық қып,
Жарылқайды жұртты дəйім.
Тіршіліктің күмбезіне,
Жарқыратып ілген шамдай,
Нұр себелеп жер жүзіне,
Елжіреуі сүйген жардай.
 Бұлар ұшып көлден əппақ,
Төңіректі мұнар басқан.
Көкте кенет бұлттар қаптап,
Бүркеп жатыр ұялмастан.
Жайнап кетер торғын аспан,
Жарқ еткенде алтын тегеш.
Бұлтты жарып, сəуле шашқан,
Мықты болсаң, Күнге теңес.
Таудың биік бөктерінен
Шұғыласы ембейтұғын.
Батар сəті жеткенімен,
Біржолата сөнбейді Күн.
Жалбыраған бұлттар күллі
Бара жатыр қайда шұбап.
Жазғырамыз жалғыз Күнді,
Тілейміз де жаймашуақ.
Жігер, қуат беретін бай,
Күн емес пе жер-жаһанға...
– Елдің міншіл келетіні-ай
Жұмыс істеп жүрген жанға.





Пікір жазу