03.02.2022
183
НАҒЫЗ АЗАМАТ
Емендей қанат жайған желді күнгі,
Жер-көкке саясы мол елдің ұлы.
Қоймайды көңілді нық сендіртпестен
Жанның жақұттайын мөлдірлігі.
Тайынбай небір жəйді бағалаудан,
Кезі жоқ əділеттен табаны ауған.
Мініңді көзге шұқып көрсетсе де,
Аулақ Ол ағаттығың табалаудан.
Қымсынбай қиындықтың мыңынан да,
Бастайды заман көшін мығым алға.
Қалайша көсегесі көгермесін
Елімнің тап осындай ұлы барда.
Жер жыртсын, кен аударсын, Айға қонсын,
Бақытын барша көптің ойлар Ол шын.
Тұтқасын жаңа өмірдің тұрған ұстап,
Азамат – оның аты қайда болсын.
Айнымай ұстаған жол, алған беті,
Тапжылмас асыл мұрат, ақ ниеті.
Айтулы осынау нағыз азаматқа
Айтудың мың бір алғыс келді реті.