03.02.2022
  176


Автор: Жарасбай Нұрқанов

БАБАМ ТІЛІ

Балам еркін білмейді Бабам тілін,
Соған менің жүрегім тілім-тілім...
«Əке» деуге ауызы қиналғанда
Ұнатпай да қаламын ұлым түрін.
«Бақша барар, бауда ойнар, жас бала ғой,
Басқа тілді білмесе, жасқанар бой.
Əлі үйреніп кетеді» деп жүргенде,
Ана тілін ұмытса, масқара ғой!..
«Болмайды екен мұнымыз, ей, шұнағым,
Сөндіртпеймін жұртымның ой шырағын.
Ең болмаса тел еміп өскейсің» деп,
Тіл ұстартып күн бе күн, тыншымадым.
Бала болып баламен ойнадым да,
Қоса бердім қос тілде ойлануға.
Көзге түскен дүние атын атап,
Айтпай кетсе, айтқызбай қоймадым да.
Бір сөз айтса, жалмажан тəржімалап,
Ұнатты ма, ұқты ма, көзін қадап,
Өрім талдай солқылдақ бұла тілін
Бұрдым бері, не керек, бір жұмада-ақ.
Қутың қаққан құлыным сезімді екен,
Айтар қазір қазақша сөзін бекем.
Ана тілін біледі, Бабам тілін,
Балада емес, бар бəле өзімде екен...
1972 ж.





Пікір жазу